10.06.2019, 22:15
Қараулар: 302
Суға батқан 10 адамның үшеуі бала…

Суға батқан 10 адамның үшеуі бала…

Өткен  аптада  БҚО  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат  алаңында  «Оқушылардың  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  мәселелері» тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.  Баспасөз  мәслихатына  облыстық  төтенше  жағдайлар департаменті  азаматтық  қорғаныс бөлімінің  бастығы,  полковник  Максим  Қайрекенов  пен облыстық  білім басқармасының  бөлім басшысы  Луара Батырғалиева  қатысты.

БҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, полковник М. Қайрекеновтің берген мәліметі бойынша, шомылу маусымы кезеңіндегі міндеттерді орындауға 70 құтқарушы, 27 жүзу құралы, 2 катер және 15 аутокөлік дайындалған.

– Департамент қызметкерлері өзен-көлдерге суға түсу ережелерін түсіндіру бойынша үнемі үгіт-насихат, рейдтік шараларын өткізіп келеді. Алайда атқарылып жатқан шараларға қарамастан, облысымызда 2019 жылдың суға түсу маусымы басталысымен 10 адам суға батып кетті, оның үшеуі бала. Орал қаласында – 3, Ақжайық ауданында – 4, Бәйтерек ауданында – 2, Қаратөбе ауданында 1 адам суға батып, жарық дүниемен қоштасты. Өкінішке орай, су айдындарында адамдардың қаза болуы ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, мас күйде суға түсу, суға түсуге тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылу, балалардың суда тентектік жасауы себептерінен орын алып отыр, – деді Максим Абатұлы.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиева облыстағы білім беру мекемелерінде «Жас құтқарушы» топтарын дамыту бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатқандығын  тілге тиек  етті.

Биыл 1-10-сынып оқушыларының  93,8 пайызы жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда. Облыстың ашық су айдындарында суға шомылу 6 лагерьде (Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе аудандарында және «Еуразия», «Самал» лагерьлерінде) жүзеге асырылып, жазғы лагерьлерде демалатын оқушылардың суға шомылуы қатаң бақылауға алынады. Өзен-көлдерге суға шомылуға арнайы қызметтердің оң қорытындысын алғаннан кейін (судың сынамасы, су айдынының түбін зерделеу, жағажайдың жабдықталуы және т.б.), құтқару жабдықтары мен дайындалған нұсқаушылардың болуын тексерген соң рұқсат етіледі.

–  Көп жағдайда жасөспірімдердің суға кетуі жүзу білмегендіктен де орын алып жатады. Сондықтан балаларды жүзуге үйретуді ұйымдастыру мақсатында 2018-2019 оқу жылында облыс орталығындағы Оқушылар сарайы, «Жайық самалы», Х. Қапанов атындағы жеке мектеп және «Талап» мектепке дейінгі жеке мекемесіндегі бассейндерде 2000-нан астам оқушы жүзу дағдыларын үйренуде. Оқушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүзуге үйрету дағдыларын қалыптастыруда биыл облыс бойынша 4 жабық бассейн, 17 қаңқалы-модульді бассейн жұмыс істейді. Облыстың аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің мәліметі бойынша биылғы жылы қосымша 6 қаңқалы-модульді бассейн алу жоспарланған, – дейді Луара Қайрекенқызы.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар