7.06.2019, 10:59
Қараулар: 12
Хан тоғайы жалға берілді

Хан тоғайы жалға берілді

Орал қаласындағы Хан тоғайы «Sayat» этнотуристік орталығына бес жылға жалға берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ихсанғали мәлімдеді.

Оның айтуынша,  ең алдымен Хан тоғайын тазарту үшін са-нитарлық мақсатта ағаш кесу жұмыстары жүргізіледі. Тоғайды жалға бергеннің пайдасы облыстық бюджетке қаржы түседі. Сондай-ақ «Sayat» этнотуристік орталығы Хан тоғайын өрт қауіпсіздігінен қамтамасыз ете алады.

– Өткен жылы Хан тоғайында бір өрт болған еді. Орманшылар өздеріне қатысты аумақты аралап үлгере алмайды. Бір орманшы күніне 100 шақырымды жүріп өтуі керек. Оның үстіне техника жетіспейді әрі ескі. Биыл Перевалочная деп аталатын тоғайды да конкурстық негізде жалға беру жоспарда бар. Онда 2018 жылы төрт өрт оқиғасы тіркелген болатын. Жалпы, тоғайларды жалға беру арқылы орманды өрттен сақтаймыз, – дейді Махамбет Ихсанғали.

Брифинг барысында, сондай-ақ Махамбет Мәтенқожа облыстағы сегіз орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемеде орман өрт станциясы ашылғанын айтып өтті. Оның сөзінше, өрт қаупі кезеңіне 9 өрт сөндіру аутокөлігі,

104 байланыс құралы, 41 трактор, 8 сутасығыш машина, 5 өрт бақылау мұнарасы, 244 бірлік өрт сөндіргіш және т. б. өрт сөндіру құралдарымен жабдықталып, жанар-жағармай қоры жасақталған.

–  Ақжайық, Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының аумағында өрт жиі болады. Осы жылы ормандағы өрт сөндіру күзетінің қызметкерлері Бөрлі мен Шыңғырлау аудандарындағы мемлекеттік орман алқабына жатпайтын аумаққа жеті рет шықты. Соған қарамастан мемлекеттік орман алқабында екі өрт  жағдайы тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 20,57 гектарды құрады, – дейді ол.

Жиынға сонымен қатар БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубеков қатысып, дала және орман өртінің алдын алу үшін атқарылып жатқан істерді баяндады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар