7.06.2019, 10:57
Қараулар: 173
Экологтар күніндегі салтанат

Экологтар күніндегі салтанат

5 маусым  –  Дүниежүзілік  қоршаған  ортаны  қорғау  және  экологтардың  кәсіби  мерекесіне  орай  Орал қаласындағы  А. Островский  атындағы  театрда  салтанатты  шара  өтті.  Жиынға сала  ардагерлері  мен қызметкерлері  қатысты.

Қайырлы күн, қоршаған ортаның қорғаушылары! Сіздерді Ораза айт және кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қоршаған орта – бәріміздің ортақ үйіміз. Оның тазалығын сақтау – барша адамзаттың міндеті. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және табиғи қорларды ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау қажеттігін үнемі атап өтеді. Елімізде табиғи ортаны сақтау, «Жасыл экономикаға» көшу бағытында түрлі шаралар жүзеге асуда. Табиғатты қорғау заңнамаларының сақталуын насихаттау мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Өңірдің бірқатар аудандарына Жайықтың суын тарту үшін Киров – Шежін арнасы іске қосылды. Арықтар, гидротехникалық құрылымдар қайта қалпына келтірілуде. Ендігі мақсатымыз – Ақ Жайық өңірін одан әрі көгалдандыру. Облыстың елді мекендеріне соңғы төрт жылда 262 мың түп ағаш отырғызылды.

Оның 55 мыңы биыл көктемде егілсе, жыл аяғына дейін 25 мың түп тал-терек отырғызылмақ. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Суымыз  мөлдір, ауамыз таза, табиғатымыз сұлу болсын, – деді мерекелік кеште сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары  Ғали  Есқалиев.

Салтанатты шарада бірқатар кәсіпкерлер мен сала мамандары қоршаған ортаны қорғаудағы, тұрмыстық қалдықтарды өңдеудегі сүбелі еңбектері үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Темірғали Аймурзиев, Гүлмаржан Уахашева, Айжан Үсенова,  Галина Едаменко, Гүлжайна Нұралиева секілді өз ісінің майталмандары бар. Сондай-ақ еліміздегі экология саласын дамытуға қосқан үлестері үшін ҚР Энергетика министрлігінің төсбелгісін еңбек ардагерлері Болат Сүлейменов пен Иманмәлік Мұхамбетқалиев өңірлеріне  тақты.

Экология саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов сапта жүрген бірқатар сала мамандарына алғысхаттар табыстады. Салтанатты шара өңір өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар