6.06.2019, 21:59
Қараулар: 215
Бұрынғы бөлімшелерді ұмытпайық!

Бұрынғы бөлімшелерді ұмытпайық!

Бұрынғы бөлімшелер деп отырғанымыз, бұрынғы колхоз-совхоздарға қарасты үлкенді-кішілі ауылдар. Мұндай елді мекендерге облысқа арнайы іссапармен келетін Парламент депутаттары мен үкімет мүшелерін, яғни берісі министр мырзаларды айтпағанда, тіпті облыс, аудан орталықтарындағы өнер ұжымдарының өздері баруды доғарғалы қашан?! Сірә, осындай атүсті көзқарастың салдары болса керек,  бұрынғы бөлімшелердің  кейбір тұрғындары қалаға және қалаға таяу аудандарға жөңкіле көшкеннен кейін бүгіндері елді мекен ретінде жер бетінен біржола жойылуға таяу. Сөйте тұра, тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан, әлі күнге дейін іргесі сөгілмей, тұрғындары сиремей отырған бұрынғы бөлімшелер де баршылық. Солардың бірі – Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылы.  Осы ауылда осыдан бірер апта бұрын «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорттық шара өтті. Алдымен Қызылжар жастарынан құралған қос командаға қоса, Шағатай, Қоғалытүбек және Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылынан келген, сондай-ақ «Орал өңірі» газеті редакциясының командалары футбол мен волейболдан өзара мықтыны анықтады.  Спорттың екі түрінен өткен жарыс түстен кейін сағат 16.00-де басталып, кешкі сағат жетіге таман аяқталып, жеңімпаз-жүлдегерлерге Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайынов дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сонан соң ауыл кешін әуелі Шағатай мәдениет үйінің өнерпаздары, іле-шала облыс орталығынан келген ерлі-зайыпты Еркін – Зоя Өтегеновтер, ағалы-қарындасты Арман Биғалиев пен Марина Биғалиева және Дархан Құлбабаев сынды өнер жұлдыздары-ның шырқаған әндері тербеді. Айтпақшы, тура осы шара  барысында «Егемен  Қазақстан» газетінің  Батыс  Қазақстан  облысындағы  меншікті  тілшісі, республикаға  танымал  журналист  Қазыбек Құт-тымұратұлы  Қызылжар  ауылының  маңындағы  «Хан  зираты» аталып  кеткен  қорымға  жерленген  Жантөре  хан және  осы  жерден  мәңгілік  мекенін тапқан билер мен  батырлар, әулие-ахундар  туралы  тарихи  тұрғыдан  тағылымды  әңгіме  өрбітті.

– Біздің ауылда бүгінгідей ауқымды мәдени-спорттық шара өтпегендігіне  30 жылдың жүзі болды. Несін айтасың, айналайын, бір жасап қалдық! Осындай керемет шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановқа, Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайыновқа және Қызылжардың түлегі, өзімнің шәкіртім, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинге ауылымыздың кәрі-жасы, үлкен-кішісінің атынан көп рақмет, зор алғыс айтамын. Осындай ақжолтай азаматтар аман жүрсін, ел-жұрттың алғысына бөлене берсін! – дейді Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, Теректі ауданының 93 жастағы құрметті азаматы Салахиев Хамит ақсақал. Ауыл тұрғындары сонымен қатар қарайған ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, бүкіл шаруаның қиюын келтірген Қызылжар тоғызжылдық мектебінің директоры Мәншүк Өтенова мен осы білім ошағының ұжымына, Шағатай ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Әубәкіроваға, кітапханашылар Мәншүк Молдашева мен Нұрзия Ғұмароваға, аталмыш шараға демеуші болған жергілікті кәсіп-керлер Абат Абылғазиев  пен  Алмат  Қайыровқа  дән риза.

Берқайыр ӘЛЖАНҰЛЫ,

Қызылжар ауылы,

Шағатай ауылдық округі,

Теректі  ауданы