6.06.2019, 21:54
Қараулар: 294
Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады

Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады

Жуырда  Жаңақала  ауданына  жұмыс  сапарымен келген  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали  Есқалиев Қызылоба ауылдық  округінің  аумағындағы  «Қарасу, Төртқұлақ»  көлтабандарының  басында  болып, қақпаларды тазарту  және  жөндеу  жұмыстарымен  танысты.

Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауына алынып, 2017 жылы «Төртқұлақ, Қарасу» лимандарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталынған еді. Жобаның жалпы құны – 58, 895 млн. теңгені құрайды. Жобаның негізгі мақсаты – мал азығының берік қорын жасақтау, шөптің шығымын көтеру, лимандарға су шығару болатын. Жоба бойынша  су реттегіш 12 қақпаны күрделі жөндеу және ұзындығы 38 км канал бойын механикалық тазалау көзделген.

Нақ осы күні Қызылоба ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевтың қатысуымен жиын өтті. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық  филиалы басшысының орынбасары Төлеген Ғұмаров, ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды жүргізген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысы жөнінде баяндады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев ел-жұрттың мұң-мұқтажын, тіршіліктегі түрлі түйткілдерін тыңдауға келгенін жеткізді.

Жиында аудан тұрғындары түрлі келелі мәселелерді қаузап, ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, №3 қазақ орта мектебінің директоры Әлихан Декартұлы мектепте компьютерлер жетіспейтіндігін айтса, еңбек ардагері Табылды Масатов «Қызылоба ауылына қазақ радиосы қосылса» деген ұсынысын білдірді. Мәстексай ауылдық округінен келген шаруа қожалығының жетекшісі Біржан Айғалиев малға су жетіспейтіндігін баяндап, ол үшін өзен-көлдерге уақтылы су алу керектігін тілге тиек етті. Ал Мұқыр ауылының ауылнайы Энгельс Қуанышұлы Ә. Жангелдин мектебінің атауын өзгертіп, мектепке Ұлы Отан соғысының ардагері Садық Айтқұловтың атын беруді өтінді. Сонымен қатар теріс діни ағымның алдын алу, өзен-көлдерге су алу, далада кененің көбейіп кеткендігі, Жаңажолдағы тозығы жетіп қираған клуб секілді бірқатар мәселелер ашық айтылды. Бұдан бөлек бруцеллез ауруы, тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек, тағы да басқа жайттар сөз болды. Ең негізгі мәселе Қызылобаға Жайықтан судың келмей тұрғаны еді. Бұл жағдай бүкіл шаруа қожалығы жетекшілерін алаңдатып отыр. Мал ұстаған шаруалар өзен-көлге су келмесе, жағдайдың тіптен қиындайтынын айтып, дабыл қақты.

Алқалы жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қорытындылап, қордаланған мәселелер рет-ретімен шешілетінін мәлімдеп, тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтындығын айтты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары осы сапарда бірқатар еңбек озаттарына, еңбек ардагерлеріне, жастар өкілдеріне, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалығы жетекшілеріне облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатын табыстап, құрмет көрсетті. Алты баланың анасы, қызылобалық Әдемі Ибрашеваға «Күміс алқаны», Жаңақала аудандық орталық ауруханасы және Мәстексай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ұжымына «Жедел жәрдем» аутокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ ол Бірлік ауылдық  округінде болып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған жаңа спорттық алаңның ашылу салтанатына қатысты. Ғ. Есқалиев «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытына қарасты қыстақтарды аралап, шаруалардың және Бірліктің бренді еділбай қойының қазіргі жай-күйімен танысты. «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытының директоры Қанат Ешімов мемлекет тарапынан қой малына төленетін демеуқаржының мардымсыз екенін, соңғы жылдары қой санының азайып бара жатқандығына алаңдайтынын мәлімдеп, малшы-шопандардың да жетіспейтіндігін  жеткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары айтылған мәселе, ұсыныстардың орынды екеніне тоқталып, тұрмыстағы түйткілдердің шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Ақсұңқар    СӘДІР,

Жаңақала   ауданы