6.06.2019, 21:51
Қараулар: 14
«Menіń Qazaqstanym!» акциясы

«Menіń Qazaqstanym!» акциясы

Орал  қаласындағы  Тұңғыш  Президент  алаңында  ҚР Мемлекеттік  рәміздер  күніне  орай  «Menіń  Qazaqstanym!»  акциясы  өтті.

Акция  барысында  бодиарт (жастардың бетіне  мемлекеттік рәміздерді  бейнелеу),  ұлттық  нақышта  безендірілген  аутокөліктер көрмесі  фотосессиясы,  Мемлекеттік  ту шеруі  және  әс-кери  оркестрдің  қатысуымен  хор  ұйымдастырылды. Шараға  келген облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов жиылған  жұртшылықты  мерекемен құттықтады.

– Бүгін Қазақстанның түкпіртүкпірінде Мемлекеттік рәміздерімізге сый-құрмет көрсетіліп, түрлі шаралар өтуде.  Елдіктің тұмарына айналған рәміздеріміз – біздің  ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігіміздің ең негізгі нышаны. 1992 жылдан бастап, яғни Мемлекеттік рәміздер бекітілгеннен бері көк туымыз барлық шарада  елімізді әлемге  паш етуде. Әсіресе, спортшыларымыз олимпиада мен әлем, Азия жарыстарында бас жүлдеге ие болғанда Әнұранымыз ойналып,  Туымыз биікке көтеріледі. Әр білім ошағында, мемлекеттік ұйымдарда Мемлекеттік рәміздеріміз жарқырап тұр. Бұның бәрі өскелең ұрпақтың елді сүйіп, патриот болып өсуіне ықпал етері сөзсіз, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы  өз  сөзінде.

Мерекелік шарада патриотизмнің үлгісін көрсетіп, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда өз міндеттерін мүлтіксіз орындаған облыстық полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше қызметкері марапатталды. Олардың қатарында полиция аға лейтенанты Нұрболат Смағұл, полиция капитаны Мұхит Әбілқайыров, полиция лейтенанттары Нұржан Ғұмыров, Жандос Құбаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты Бақтияр Катчеков, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкері  Нұрлан  Мұхамбетқалиев  бар.

Рәміздерге арналған мерекелік шара концерттік бағдарламаға  ұласты.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар