6.06.2019, 21:33
Қараулар: 202
Ақұштап ақын – ел төрінде

Ақұштап ақын – ел төрінде

Жуырда  ақын, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  халықаралық  «Алаш»  әдеби  сыйлығы  мен  «Құрмет» орденінің  иегері  Ақұштап  Бақтыгереева  оқырмандарымен жүздесті.

Ақынның 75 жасқа толуына орайластырылған шығармашылық кештері Ақжайық, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек және Жаңақала аудандарында ұйымдастырылды.

Аталған аудандар әкімдері Қалияр Айтмұхамбетов, Абат Шыныбеков, Нұрлан Рахымжанов, Азамат Сафималиев, Наурызбай Қарағойшин бастаған жұртшылық өкілдері Ақұштап Бақтыгерееваны құрметпен қарсы алып, төрге шығарды.

Өткен жылдың желтоқсанында «Ана сыры» кітабы үшін Елбасының қолынан Мемлекеттік сыйлық алған ақын ауыл-аймақ тұрғындарымен сағына кездесті, төгіле сыр ақтарды, жатқа өлеңдерін оқыды.

«Бауырмал болыңдар, тату болыңдар, ағайын. Қазақ деген азғантай ұлттың өсіп-өркендеуі үшін баланың, әсіресе, қыздың тәрбиесіне мұқият болыңдар. Өйткені бүгінгі қыздар – елдің болашағы үшін жауапты ертеңгі ана, әже емес пе!? Менің бақытым – өлеңді түсініп оқитын ұрпақ өссе екен деймін. Соған қуанамын. Елге тыныштық керек. Демократия да керек, бірақ ол аузына келгенді айтып, беталды шаба беру емес. «Басшыға бағынбаған ел болмайды, табына білмеген елдің әулиесі болмайды» дейді. Халқыма айтарым, сауатты болыңдар. Әрбіреуің басқа ұлттың ақылдысын тоқтататындай білімді болыңдар деймін. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл тола қойған жоқ. Бұл – тарих үшін аз уақыт. Сондықтан қазақтың болашағы алда. Жаста-рымыз қаланы да, даланы да гүлдендіретін уақытқа да жетерміз, кей кезде сабырлы да бола білу керек. Бақытты болыңдар, аман болыңдар», – деді ақын өз сөзінде.

Мерейтой иесіне Алматыдан арнайы келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жуырда ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығымен марапатталған Есенғали Раушанов риясыз тілегін арнады.

«Ақ Жайық туралы туындылар баршылық. Қазақтың үлкен жазушысы Хамза Есенжановтың кезінде «Ақ Жайық» трилогиясы жарық көріп, лайықты бағасын алғаны мәлім. Сол Ақ Жайықты поэзия тілінде тұтас бет-бейнесімен жырлай білген өзім ұстаз тұтатын Ақұштап апамыз деп ойлаймын. Екіншіден, пайғамбарлардың арасында бірде-бір әйел адам жоқ. Бірақ солардың бәрі анадан туған. Ақұштап Бақтыгереевадай анадан тәлім-тәрбие алған деп ойлаймын. Апамыз сол адал ана бейнесін әдебиетімізде қалыптастырды. Бүгінде Ақұштап Бақтыгерейқызындай ұлтымыз мақтан тұтатын қадау-қадау тұлғалар өте сирек. Жуырда ақынның өлеңдері БҰҰ бекіткен әлемнің алты тіліне аударылып, басылғалы жатыр. Оған қоса жетінші үлкен тіл – түрік тілінде Ыстамбұл қаласында кітабы шықты деген сүйінші хабарды алып отырмыз.

Ақын бақыты – елмен тілдесу, халықпен сырласу.  Ақынға өлеңдері жұртының жүрегінде қалғаннан асқан бақыт жоқ», – деді Есенғали Раушанов.

Ақұштап Бақтыгереевамен сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен қолға алынған Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасымен елге шыққан оралдық қаламгер Ғайсағали Сейтақ, Алматыдан келген жазушы Қойшыбек Мүбарак, жас  ақын, республикалық «Ақ желкен» журналы бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген сапарлас болды. Жаңақала ауданында оларға ақындар Закария Сисенғали мен Мұнайдар Балмолда қосылды.

«Біз осы шығармашылық сапарымызда ақыны мен тарихын құрметтейтін елді көрдік, жерді таныдық. Музейлерді аралап, шежіреші қариялармен тілдестік. Аңыз әңгімелерді, құнды деректерді жазып алдық. Әсіресе, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музейі айрықша әсер қалдырды. Жәңгір хандай тұлғаны топырақтың астынан аршып алып, тарихи орындарын әспеттеп ұстап отырған елдің тірлігіне риза болдық», – деді «The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының бас редакторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі Қойшыбек Мүбарак.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кештері басқа да аудандарда жалғасады. Ал республикалық деңгейдегі мерейтойлық шара қыркүйек айында Оралда өтеді. Содан кейін туған жері – Теректі ауданында қорытындыланады.

Арман  БОЛАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар