6.06.2019, 21:30
Қараулар: 11
Гүлге оранған Орал

Гүлге оранған Орал

Былтыр Орал шаһарында 21 мың шаршы метр аумақта гүл отырғызылған екен. Биыл гүлді аумақ 26 мың шаршы метрге жетпекші.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің абаттандыру секторының меңгерушісі Роман Жумиевтің айтуынша, Орал қаласын гүлдендіру бағытында қалалық бюджеттен 134 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат тал-теректер мен гүлдер отырғызуға, қураған, апатты ағаштарды кесу секілді басқа да көгалдандыру жұмыстарына жұмсалмақ.

– Тал-теректер мен гүлдер, негізінен, оралдықтар мен қала қонақтары жиі жүретін үлкен көшелер мен гүлзарларда отырғызылады. Тұңғыш Президент алаңы жаңадан салынған нысан болғандықтан әрі оның аумағы көгалдандыруға мүмкіндік беретіндіктен, онда көгалдандыру бағытында түрлі іс-шаралар жүргізіледі. Зашаған, Круглоозерный кенттері тал-терек егуге ыңғайлы аумақ. Ал Деркөл мен Желаев кенттерінде бос орындар аз болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар төмен. Бүгінде өңірдің топырағын жерсінетін көпжылдық ағаштар, терек, татар үйеңкісі, емен көшеттерін отырғызу басталды. Қараған, бөртегүл ағаштарын да егу жоспарда бар. Соңғы жылдары бұл жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстарымен  «Жайық таза қала» ЖШС айналысып келеді, – дейді сектор меңгерушісі.

Жыл сайын қала көшелері бойында, тынымбақтарда, қала аумағында орналасқан алаңдарда шырайгүл, бархотка, нарқайсар (вербена) секілді басқа да гүлдердің 30-40 түрі отырғызылады. Былтыр гүлдермен безендірілген түрлі бейнелер жасауға баса назар аударылған болса, биыл да сол үрдіс жалғасын тапқалы отыр.

Таяуда Орал қаласындағы Достық үйінің айналасын гүлмен көмкеріп, кілемдей құлпыртып жатқан жандарды көзіміз шалған еді. Көгалдандыруға бел шеше кіріскен жұмысшылар сонау Тараздан келген болып шықты. Өзін Жарас Маделиев деп таныстырған жігіт ағасының айтуынша, гүл егіп жатқандар «Жасұлан Флора» ЖШС-ның қызметкерлері екен. Аталмыш компания біздің өңірге осымен үшінші рет келіп отыр. Еліміздің бас қаласында,  Павлодар, Ақтөбе және Атырау қалаларында көгалдандыру жұмыстарын жүргізген. Ал Оралдағы теміржол бекеті маңын, Жеңіс алаңы мен Салтанат са-райының айналасын, облыстық және қалалық әкімдік ғимараттарының  алдарына және қаланың басқа да аумақтарына гүл еккен. «Гүлдің 30-40 шақты түрі егілуде. Арасында жылына бір рет гүлдейтіндері және көпжылдық гүлдер бар. Қаладағы көгалдандыру, гүл отырғызу жұмыстары бойынша өткен конкурста тендер ұтып алып, жұмысымызды мамырдың ортасынан бастадық. Үш техника  және жиырманың үстінде қызметкер Оралды жасыл желекке бөлеу мақсатында еңбек етуде», – дейді  Жарас Маделиев.

Өткен жылы осы мезгілде қатты соққан желдің салдарынан бірнеше көшедегі ескі ағаштар опырылып, сынып, құлаған болатын. Бұл көп жылдан бері өсіп тұрған тал-теректердің қауіпті екенін еске салғандай еді. Өйткені  көк аспанмен таласа өскен ағаштың «неше жаста» екені белгісіз. Сектор меңгерушісі Роман Жумин де олардың қаншасының тозғаны жөнінде нақты жауап беру мүмкін емес екенін айтады. Оның сөзінше, тұрғындар тарапынан апаттық, қураған ағаштарды кесу жөнінде ұсыныс түскен жағдайда тал-теректерді кесу жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар көктем мен күз мезгілдерінде адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер туғызатын, жеке және заңды тұлғалардың мүліктеріне залал келтіретін «кәрі» теректерге санитарлық кесу жұмыстары  жүргізіледі.

Жалпы облыста  жыл  санап  құрылыс  қарқын  алып келеді. Сол жаңадан  салынған  көп  қабатты тұрғын үйлердің, түрлі мекемелер мен сауда үйлерінің айналасында тал-теректер мен гүлдер отырғызылғанмен, оларға дұрыс күтім көрсетілмейтінін көзіміз шалып жүр. Сектор меңгерушісінің сөзінше, пайдалануға берілген кез келген үйге әлде ғимаратқа қызмет көрсететін мекеме сол аумақта және іргелес аумақтарда көшеттер отырғызып, оларды күтіп ұстауы тиіс. Ал абаттандыру қағидаларының бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша айыппұл салынады.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар