6.06.2019, 21:28
Қараулар: 14
Күре жол жөнделіп, спорт кешендері салынады

Күре жол жөнделіп, спорт кешендері салынады

Сәрсенбіде  Қазталов  ауданына  жұмыс  сапарымен  барған  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Чапаев – Жалпақтал – Қазталов  республикалық  жолын күрделі  жөндеу  жұмыстарымен  танысып,  көшпелі  жиынға қатысты.  Жиын барысында биыл Тұңғыш  Президентіміздің тапсырмасы бойынша  Қазталов – Жәнібек – Бөкей  ордасы  бағытындағы  күре  жолды  күрделі  жөндеуден  өткізу жұмыстары  жүзеге  асатындығы  айтылды.

Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары тұрғындарының басын қосқан кездесуде өңір басшысы республикалық маңызы бар күре жолда биылғы жылы үш лот бойынша күрделі жөндеу басталатынын жеткізді.

– Күре жолды күрделі жөндеу барысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Қазталов ауылынан бастау алатын бірінші лот бойынша 50 шақырым жолды «Юнисерв» ЖШС ретке келтіретін болса, Жәнібекке дейінгі екінші, үшінші лоттар бойынша 85 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын «Теміржол Жөндеу» ЖШС атқаратын болады. Ал Бөкей ордасы бағытындағы лоттар бойынша конкурс өткізіліп, мердігер анықталып жатыр. Алдағы уақытта ол бағытта да жолды бастап, екі жылдың ішінде аяқтауды көздеп  отырмыз, – деді Алтай  Көлгінов. Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы Чапаев – Жалпақтал – Қазталов жолының жайына да тоқталып өтті.

Өңір басшысының айтуынша, биылғы жылы осы жолдың жөндеу жұмыстарына 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде «Юнисерв» ЖШС Қазталов бағытындағы 16,6 шақырым жолды жөндейтіндігін және бұл бағыттағы жолға қосымша қаражат қарастырылып жатқандығын айтқан  өңір басшысы мердігер компания басшылығына жылдың аяғына дейін жұмысты толықтай  аяқтауды  тапсырды.

Жиын барысында белгілі болғанындай, биыл Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында Жастар жылына орай спорт кешендері салынады. Аталмыш кешендер құрылысының алғашқы легі Қазталов және Жалпақтал ауылдарында басталмақ. Облыс әкімі сондай-ақ Лекер су ұңғымасынан тартылып жатқан ауыз су құбырының жұмыстарымен танысып, мердігерге жұмысты шілде айында бітіруді міндеттеді.

Аудан орталығына Лекер су ұңғымасынан келетін ауыз су құбырының жеткіліксіз болуына байланысты қосымша екінші құбыр тарту жұмыстары қолға алынған болатын. Қазу және құбыр жүйесін тарту жұмыстарын «Қалдығайты» ЖШС 124 млн. теңге қаражатқа атқаруда.

Сапар кезінде өңір басшысының тағы бір ат басын бұрған нысаны – аудан орталығында салынып жатқан 12 пәтерлік тұрғын үй. Екі қабаттан тұратын бұл баспана құрылысына 122 млн. теңге қаражат бөлінген. «БатысКотлоМонтаж» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан нысанды бес ай мерзім ішінде аяқтап тапсыру жоспарланған. Дәл осындай 12 пәтерлік екі қабатты үй Жалпақтал ауылында да салынуда. Құрылыс алаңына келіп, жұмыстың мән-жайына қаныққан Алтай Сейдірұлы аудан әкіміне жаңа тұрғын үйді бірінші кезекте көп балалы отбасыларға беру керектігін қадап айтты.

Қайрат    ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы