6.06.2019, 21:27
Қараулар: 12
«Сарбаз» жастарды отаншылдыққа тәрбиелемек

«Сарбаз» жастарды отаншылдыққа тәрбиелемек

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Қорғаныс  министрі  Нұрлан Ермекбаев пен облыс әкімі Алтай Көлгінов,  «Жас сарбаз»  әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев  азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесі  саласындағы ынтымақтастық  және өзара іс-қимыл туралы меморандумға  қол қойды.

Елбасының 2018 жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында  «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиені күшейту туралы баяндалған болатын. Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық  жоспарда  «Жас сарбаздың» өңірлік филиалдарын жасақтау жөнінде нұсқау бар. Соған сәйкес биыл жыл басында облыстарда бірлестіктің бөлімшелері ашылып, бүгінде жұмыс істеуде.

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасымен республикамызда мықты әскер құрылып, оның құрамына үздік сардарлар мен сарбаздар тартылғанын атап өткен болатын.  Бүгінде біздің күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі ұшқыр күшке айналды. Енді біздің міндетіміз – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту арқылы жастардың бойында отаншылдық  рухты күшейтіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, – деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған Қорғаныс министрі былтыр Тұңғыш Президент күні қарсаңында республикалық жасөспірімдер қозғалысы құрылғанын мәлімдеді. Бүгінде еліміздің барлық  өңірінде  филиалдары ашылды. Жалпы, 6 мыңға жуық әскери-патриоттық  клуб және әскери-патриоттық сынып бар. Бүгінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы 170 мыңға жуық жасты қамтиды. Сонымен қатар Нұрлан Ермекбаев ауылдық  жерлерде әскери-патриоттық клубтар мен сыныптар ашып, оларды тиісті педагог  кадрлармен, материалдық-техникалық  жабдықтармен  қамтамасыз ету «Жас сарбаз» қозғалысына үлкен  қолдау  болатынын  атап өтті. Өңір басшысы бұл бағытта жоспар бойынша жұмыстар жүргізіліп, тиісті шаралар қолға  алынатынын айтты.

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының БҚО бойынша филиалының төрағасы Шафхат Жұмалиевтің айтуынша, жастарға әскери тәрбие беру – әр азаматтың парызы. Себебі әскери-патриоттық тәрбие тек әскери тәртіпке емес, білімділікке, тапқырлыққа және достыққа жетелейді. Оның  сөзіне қарағанда облыстағы 277 жалпы білім беретін мектепте жұмыс істейтін «Жас сарбаз» клубына 97 мың жасөспірім тартылған. Жаңа оқу жылынан бастап облыста Орал қаласындағы үш мектепте және аудандардағы мектептерде «Жас сарбаз» сыныптары ашылмақ.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар