4.06.2019, 10:55
Қараулар: 186
Болашақ Президентке базына

Болашақ Президентке базына

Экономикалық  еркіндіксіз  басқа еркіндіктің  болуы мүмкін  емес.

Маргарет  ТЭТЧЕР

Қазақстан Республикасының кезекті Президентін сайлайтын күн де таяп қалды. Үшбу саяси додаға қанша үміткер және кімдер түсті, бұл ендігі еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін белгілі жайт.

Сайлау күні үміткерлердің қайсысына дауыс береді, бұл – әркімнің өз еркі. Демек, белгіленген күні сайлау учаскесіне барып, өз саяси таңдауын білдіру, сайлауға және сайлануға құқы бар әр отандасымыздың ортақ парызы. Сайлауда басым дауысқа ие болып, президенттік креслоға жайғасқаннан  мемлекет басқаруға қатысты сансалалы жұмыстың өздігінен жүре бермейтіні кім-кімге де бесенеден белгілі болса керек. Осы орайда болашақ Президентімізге бірер базына  айтпақ  ниеттеміз.

Әлқисса, ұлтына, түр-түсіне, дінтіліне қарамастан барша қазақстандықтарға ортақ идеологияны біржола берік қалыптастыру меніңше, жақында сайланатын Президентіміздің ең басты мұраты болуы тиіс. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, егер өзіміз науқаншылыққа ұрынбай, сауатты жүргізе алсақ, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық сипаттағы бағдарламалық мақаласы ұлттық идеологиядан мемлекеттік идеологияға  ұласуға  лайық  еңбек.

Біз зайырлы мемлекетпіз, яғни ҚР Конституциясы бойынша мемлекет басқару ісінде ешқандай діни наным-сенім басымдыққа ие емес.

Сөйте тұра, даласы кең байтақ болғанымен, өзі ат төбеліндей аз ғана қазақтың бүгіндері діни әркелкілікке ұрынғаны бұлтартпас ақиқат, ащы шындық. Міне, осы мәселе, яғни аз ғана қазақты қайтадан діни біртектілікке алып келу меніңше, күні ертең сайланатын жаңа Президентіміздің ең басты мақсатының бірі болуы шарт. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, алда-жалда мемлекет құраушы ұлттың өзі діни әркелкіліктен арыла алмаса, ондай жағдайда Ұлы даладағы «Мәңгілік ел» идеясы құр утопия күйінде қалары анық. Әрине, егер мемлекеттік билік дендеп айналысса, «батпандап кірген ауру мысқалдап шығар-ау», бірақ соның өзі жылдар бойғы қажырлы еңбекті  талап  етері  кәміл.

Тағы бір өте-мөте маңызды мәселе, экономиканы әртараптандыру арқылы отандық өнім өндіруді күрт арттыру. Тап қазіргі жағдайда шашымызды тарайтын тарақ тан бастап, аяғымыздағы шұлыққа дейін шетелдік өнім. Яғни, басқасын айтпағанда, бас киімнен бастап, аяқ киімге дейін импорттық тауарлар. Ал Қазақстан жеңіл өнеркәсіп жөнінен бүкіл әлем бойынша орасан зор әлеуетке ие ел емес пе?!.

Бауыржан  Ғұбайдуллин,

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар