4.06.2019, 10:46
Қараулар: 167
«ИТЖЕККЕНГЕ БАРҒАНБЫЗ, ИТҚОРЛЫҚТЫ КӨРГЕНБІЗ»

«ИТЖЕККЕНГЕ БАРҒАНБЫЗ, ИТҚОРЛЫҚТЫ КӨРГЕНБІЗ»

(Соңы.  Басы  газеттің  өткен №43  санында).

Алдыңғы «Каганович» пароходында дәлізде тізе бүгіп қана отырып, ел жүріп жатқан қарбалас жерде ұйықтай алмағанбыз. Әр жерге келіп тоқтағанда біз отырған жерге көмір тиейді. Тиеп болған бойда жалма-жан көмірдің шаңы басқан орнымызды сыпырып, тазалап аламыз. Тіпті бір жерге келгенде бұл орнымызды да орыстар иемденіп, тартып алды. Біздер отбасымызбен әжетхананың жолында тікемізден тұрып қалдық. Абырой болғанда, бұл қолайсыздықтан тұсымызда бірге келе жатқан солдаттар құқарып қалды. Орнымызды басып алған орыстарға «Мына кісілердің орындарын босатыңдар, әуелден бізбен келе жатыр, бұлар» деп бұйырды. Біз өз қазағымыз болды ғой десек, жергілікті тұңғыс ұлтының жігіттері екен. Екі жыл азаматтық борыштарын өтеп, ауылдарына қайтып келе жатқан беттері көрінеді. Солардың арқасында өз орындарымыз өзімізге олжа болып, рақметімізді айтып, алғысымызды жаудырып жатырмыз.  Сөйтіп, сегіз күн жүріп, «Дудинка» портына жеттік. Қалтамызда бар болғаны 1 рубль ақшамыз қалыпты. Енді пойызға отыру үшін әрқайсысымызға 128 рубльден, 4 билет керек. Амал жоқ, тағы да теміржол бекетінің бастығына кіріп, шақырумен Қазақстаннан әкемізге келе жатқанымызды, отағасының теміржолда шебер болып жасайтынын айтып, мүмкіндік болса, телефонға шақырып сөйлестіруін өтіндік.

«Бүгін кеш қалдыңыздар. Сәл шыдап, күтіңіздер. Ертең сөйлестірейін» деді. Тәңір жарылқағыр, бекет бастығы уәдесінде тұрып, ертеңіне әкемізбен телефон арқылы тілдестірді. Әкеміз: «Маған 100 шақырымнан әріге шығуға болмайды. Ол үшін сендер маған телеграмма салыңыздар!» деді. Біз қалтамызда көк тиын қалмағанын айтып жатырмыз. Жағдайымызды түсінді білем, «Жарайды. Күтіңіздер. Мен өзім келемін!» деді.

Тамыз айының іші. Ал сыртта қар жауып, борап тұр. Біз болсақ, бәріміз де тек көйлекшеңбіз. Бүрісіп, вокзалда жатқанбыз. Түнде қасымызға кондуктор келді. Аяды білемін. «Ағаш тиеген вагонның шетіне отырғызып алып кетсем бара аласыңдар ма екен?» дейді.

Қатып өлсек те тартынатын жағдайымыз жоқ. Келісіп, вагонның шетіне отырып, Норильскіге қарай қозғалып кеттік. Қар борап тұр. Суықта жазғы желең киіммен вагонда бүрісіп біз келеміз. Жолсерік әр бекетке тоқтаған сайын халімізді сұрап кетеді. «Волчоган» деген стансаға келгенде бізді вагоннан түсіріп, теміржол бекетінің ішіне апарып жылытып алды.

«Алдымызда жолаушылар пойызы келе жатыр. Соның өтіп кетуін күтеміз» дейді. Кешікпей жолаушылар пойызы келіп тоқтап, ішінен әкем түсті. Қуанышымызда шек жоқ. Шұрқырасып табысып жатырмыз. Сол сәтті ауызбен айтып жеткізудің өзі қиын. Әкем үстіндегі пальтосын шешіп, балаларының үстіне жапты. Шешеме костюмін шешіп кигізді. Өзі көйлекшең отыр.

Пойызға қайта отырып, жүріп келеміз. Біраз жүргеннен кейін пойыз тоқтады. Жолсерік кондуктор келіп жайсыз хабар айтты. Пойыз апатқа ұшыраған. Алдыңғы екі паровоз бен төрт вагон рельстен шығып кетіп аударылған. Абырой болғанда, адамдар да, машинист те аман көрінеді. Осы жерден үш шақырым жерде теміржол бекеті бар көрінеді. Соған жаяу баруға тура келетінін айтты. «Жолшыбай біреулер сұраса, пойыздан екендеріңді айтпаңыздар. Жаяу келе жатқан жолаушылармыз» деңдер деп ескертті. Сонымен біз жаяу кеттік. Стансаға жетіп, кешке дейін сонда отырдық.

Кешке таман құлаған паровоз бен вагондарды кран келіп көтерді. Оған дейін «Дудинка» жақтан бірнеше құрам (состав) келіп, стансаға пойыздар жиналып қалған еді. Құлаған пойыз тұрғасын түйін шешіліп, теміржолдағы қозғалыс қалпына келе бастады. Біз мінген пойыз да стансаға келіп тоқтап, бұрынғы орындарымызға қайта барып отырдық. Бірақ пойыз тұрғаны болмаса, әрі қарай жүрген жоқ.

Артта тұрған құрамдардың бірінде кондуктор өзбек жігіті, әкемнің танысы екен. Бізден бұрын сол қозғалып кетті. Әкем сол танысына: «Біз басқа құрамға жалған-ған пойызбен барып «Надежда» стансасына таңертең сегізде түсеміз. Балалар тоңып келеді. 7-8 барактағыларға сәлем айта бар» деп тапсырды. Айтқандайын таңертең сағат сегізде үйде болдық. Келсек, есік алдында толған ер адам. Бәрі де әкем сияқты елдеріне қайта алмай жүрген бұрынғы саяси тұтқындар екен. Қарсылағандардың ішінде Секең көрінбеді.

Естігеніміз болмаса, танымаймыз да ғой. Бәрі жапа-тармағай біздермен амандасып, үйге қотарыла бірге кірді. Артта қалған ел-жұртын сағынған, отбасы, тума-туыстарын аңсаған мұңлықтар бізді көріп, бейнебір басқа планетадан келген адамдардай қошеметтеп, ортаға алған. Ел-жұрттың амандығын, жағдайын сұрағыштайды. Ішке кіргесін біз барымен дастарқан жайып, келгендерге шай бердік. Терлеп, тепшіп, елдің хабарын тыңдап, ұзақ отырысты. Тіпті қасымыздан қыл елі кеткісі келмейтіндей. Сұрақтары да таусылмайды. Содан біршама уақыттан кейін әкем, біздің бір ай жүріп, жол азабын тартып келгенімізді айтып, моншаға апарып жуындырып, демалтайық, кейін арнайы той жасаймын деп әрең тарқатты.

Жуынып-шайынып келсек, үйдің алды тағы да толған халық. Бізді көріп, амандасуға келіпті. Содан шайдан соң шай ішілді. Үздік-создық қауышу, амандасу.

Екі күн өткен соң үшінші күні Секең қасында бір жолдасы және жүріп жүрген қызы бар үшеуі амандасуға келді. Танысып, шай ішкеннен кейін кетіп қалды. Келесі күні Секең жалғыз өзі келді және келуін жиілетті. Осыдан бастап біздің жаңа өмір басталды.

Норильскіде

Мен теміржолға жұмысқа тұрдым. Інім мен сіңлім мектепке барды. Секең қолы қалт етсе, бізге келеді. Інім екеумізді киноға апарады. Сырымыз да, мұңымыз да жарасты. Секең басқа өмірді ұмытты. Тағдырының бізбен бірге екенін жасырмады. Күзге таман отбасын құрмақ болып уағдаластық. Сөйтіп, 1952 жылғы 12 қазанға тойды белгіледік.

Норильскіде дүркіретіп үйлену тойын жасадық. Сол жердегі исі қазақтың бәрі тойға қатысып, бір жасап қалды. Тойдан кейін Секең бізбен бірге тұрды. Жыл жарымдай әке-шешемізбен бірге тұрдық. 1953 жылы Секеңді қаладан 50 шақырым теміржол бойындағы дүкеннің меңгерушісі қызметіне жұмсады. Бұл кезде менің аяғым ауыр еді. Сондықтан Секеңнің жұмысты қала сыртына барып-келіп қатынап жасауына тура келді. Декреттік демалысқа шыққаннан соң мен де қала сыртында Секең жалға алған пәтерге барып тұрдым. 1955 жылдың бас кезінде бес қабатты үйдің бесінші қабатынан бір бөлмелі үй сатып алып, қалаға қайта оралдық. Секең қалаға жұмыс ауыстырып, бөлшек сауда саласында жұмыс істеді. Сол жылы 11 июньде екінші ұлымыз дүниеге келді. Осы тұста әке-шешем елге көшетін болып жиналды. Өйткені денсаулығының сыр беруіне байланысты әкемнің бұдан былай солтүстіктің сұрапыл ауа райы жағдайында жұмыс жасауының мүмкін болмайтындығы туралы дәрігерлік қорытынды жасалып еді. Оның үстіне бұл жақта да шешем екі рет егіз ұл тауып, 4 бала ауыра беретін.  Әкем осы дәрігерлік қорытындымен және отбасылық жағдайын айтып барып,  НКВД органдарынан рұқсат сұрайды. Ондағылар ақша берсең босатамыз дейді. Амал жоқ, қалтасына елге баратын жолақыға қаражат қалдырып, бар жиған терген ақшасын «үндеместер» мекемесіндегілердің аузын жабуға беріп, рұқсат қағазына да қол жеткізді. Сөйтіп, 1955 жылы 8 маусымда елге көшті.

Осыдан кейін Секең де НКВД-ға барып, елге барып қайтуға рұқсат сұрады. Олар еңбек демалысыңды алып келсең, ретін шығаруға болады дегендей емеурін танытады. Кезекті еңбек демалысын алып барса, органдағылар бұдан да ақша сұрап қыңыраяды. Секең заң-законды бір кісідей білетін. Оның үстіне қиянатқа аса төзе бермейтін. Олардың ақша сұрауының заңсыз екенін біліп, «Артық жатқан ақша жоқ. Мен сендерге Саринов емеспін!» деп морт кетеді.

Үйге келе «Рұқсат бермеді. Бірақ мен кетемін. Елімді, шешемді сағындым. Бәрібір кетемін. Сендер осында қала тұрыңдар. Жолшыбай мені ұстап алып, қайта отырғызса, сендер далада қаласыңдар» деді.

Осы жерде мен бір ақыл қостым. Бәріміз бірге шығайық. Жолшыбай ұстап алса: «Солтүстіктің суығына төзбей, балаларым ауыра бергесін әйелім елге қайтып барады. Мен оларды апарып тастауға ғана бара жатырмын. Өздіктерімен жол жүре алмайды. Әйелім орысша білмейді» деп бәрін маған жап дедім. Сонымен нар тәуекел жолға шықтық.

Сібірден   Жалпақталға  барып   қайттық

Норильскіден Красноярскіге дейін 9 сағат самолетпен ұшып келіп, такси жалдап НКВД-ға бас тіредік. Ойымыз – НКВД-ның рұқсатын осы жерден алу. Түскі үзіліс тұсына тап келіппіз. Мен 4 айлық нәрестемен сыртта тұрмын. Секең екі жасар ұлымызбен мекемеге бір кіреді, бір шығады. Байыз таба алмай жүр. Ішке тағы бір кіріп кеткен кезінде әскери киінген бір орыс келіп, менің жаныма тоқтап, маған қарап біразырақ тұрды да ештеңе айтпай кіріп кетті. Іште Секеңмен жолығысып, ол жағдайды айтады. Балалар ауыра бергесін елге апарып тастамақ ойы бар екенін, әйелінің орысша білмейтінін айтады. Сол кезде «Есік алдында тұрған сенің әйелің бе?» деп сұрайды. «Иә, менің әйелім, төрт айлық баласымен тұр. Мынау өзіммен жүрген екінші ұлым» дейді.

— Еліңе барып келуге үш ай жете ме? — деп сұрайды. Қарсы уәж айту қайда?!

— Жетеді, – дейді табанда. Шынына келгенде, біздің демалысымыз көп еді. Тұтастай алты ай болатын.

— Ендеше, — дейді өкілетті органның басшысы – Орталық Қазақстанмен жүрмейсің. Еліңе солтүстік жақпен барасың! – дейді. Келіседі. Келіспей қайда барсын.

Сонымен іштен елге барып-келуге рұқсат қағаз алып қуанып шықты. Құрақ ұшып «Северный» деген қонақүйге жеттік. Мені балалармен бөлмеге орналастырып, кезекші әйелге тамақ әкеліп беруді тапсырды да, өзі аккредитивті банктен ақша алып келуге кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Кешіккен соң екі көзім алақандай болып қорқа бастадым. Жат жерде. Шиеттей екі баламен. Көк тиын ақшасыз. Қайда бармақпын? Содан түн ортасы ауғанда, сағат 3-тер шамасында бөлмеге Секең келіп тұр. Удай мас. Қолында балаға алған компот, тәтті тағамдар бар. Аяғын әзер басып, теңселіп тұр. «Не болды? Кайда жүрсің?» деп бастырмалата сұрап жатырмын. Кейін сұрастырып білгенде анықтағаным, банктен мол ақшаны алғаннан кейін масайрап дүкенге кіреді. Ойы – төңірегіндегілердің бәрін бір жарылқап тастау.

Сол жерде сөренің қасында тұрып: «Мен бүгіннен бастап еркіндіктемін. Кім тегін арақ ішеді?» деп жар салады. Тегінді кім теріс көрсін. Сол бойда айналасына орыстар қаптап кетеді. Сылдырлатып бірнеше шиша алып, сол дүкеннің дәлізінде тұрып-ақ думанды бастап жібереді…

Содан екі-үш күн қонақүйде демалып, дүкен аралап елге базарлық алдық. Секеңнің шешесіне және туыстарының бәріне бас-басына сыйлық алдық. Бір чемодан жоғары сортты кірпіш шай («кирпичный чай») алдық.

Сонымен пойызға билет алып, жолға шықтық. Қазақстанның шекарасына өтіп, «Ауыл» деген стансадан алғаш қазақтарды көргендегі Секеңнің көңіл  күйін айтып жеткізу қиын.

«Айналайын, қазағым-ау!» деп айқайлап көз жасын төгіп жіберді. Жанары боталап, ал келіп егіл…

Жолшыбай пойызда да бір қазақты кездестіріп таныстық. Ол да Норильскіден Ақтөбеге бара жатыр екен. Барымызды алдына тосып, бәйек болып жатырмыз. Бір қызығы ол – тым қазымыр. Бізбен отырып тамақ ішеді. Арақ та ішеді. Бірақ ішіп-жемге өз қалтасынан бір тиын жұмсамайды. Бергеніңді құп соғып қарап отырады. Жүре келе пойызда тағы бір қазақ шалымен таныстық. Ол кісі Алматыдан, сауда саласында істейді екен. Оны да қатарымызға қосып алдық. Секеңнің көңіл күйі шалқулы. Елге келе жатырмыз. Оның үстіне қандастарымен кездесіп жатыр.

Отбасымыздың бір мүшесіндей болып бауыр басып алса да, өз жанынан түк шығармай, Норильскіден Ақтөбеге кетіп бара жатқан кісіге жыным келіп бір күні Секеңе: «Осы кісі саған неге керек? Босқа тамақ беріп, арақ құйып» деп едім: «Акон, қайтесің бірге бола берсін. Әңгімелесіп, көңіл аулаймыз. Оның үстіне қажет кезінде жүгімізді көтеріседі» деп басу айтып қойды. Пойыз Алматыға жақындағанда шал бізден «Қалада түсетін жерлерің бар ма еді?» деп сұрады. «Қонақүй бар ғой?» — деді Секең өзінің жол жүру ретін білетіндігін білдіріп. Оның үстіне астананы көрмей кетпеймін деген ішкі байламы да бар еді. «Ендеше, менімен жүріңдер. 7 бөлмелі үйім бар» деді шал. Арасында өзінің саудада, баласының обкомда істейтінін айтып мақтанып та алды. Сонымен такси ұстап, қасымыздағы кісі бар, бәріміз шалдың үйіне келдік. Екі кемпірі және бір кемпірінің анасы бірге тұрады екен. Шешініп, жайғасып болғанымыз сол еді, шалдың кемпірі келіп шалынан «Шай әкелдің бе?» деп сұрады. Шал әкелмегенін айтты.

Елгезек, қашан да шалт қимылдайтын Секең: «Акон, тұр, 10 шақты орам шай бер!» деді. 05 грамдық 10 орам шай беріп едім, кемпірі бір айналып шайды қайнатып алып келді. Басқалай тіске басар түк те жоқ. Секең тағы қозғалды. «Тұрсайшы, сөмкеде нең бар еді, бәрін дастарқанға әкел. Ертең базарға, дүкенге барып азық-түлік аламыз» дейді. Сөйтіп, шай ішіп, тамақтанып жатып қалдық. Таңертең шаймен оразамызды ашқасын, Секең шалға әуелі моншаға, сосын базарға  апаруын сұрады. Базардан қымыз алуға ыдыс ала шығуды да құлаққағыс жасады. Бәрі де отағасының сызғанындай болды. Кемпір-шал бізді әуелі моншаға апарып түсіріп, бала-шағамызбен жуынып-шайынып болғанша дәлізде күтіп отырды. Базарға барып, дүкен аралап, толтырып тамақ алдық. Сөйтіп, Алматыда бір жұма жатып, қайтадан жолға шықтық. Жолға шығар алдында қоштасуға келген шал Секеңе: «Мына жаныңыздағы адам жақсы адам емес, неге ертіп жүрсің?» деп ескертті. Сосын батасын беріп, шығарып салды.  Қасымыздағы адам Ақтөбеге дейін бірге барып, қоштасып, пойыздан түсіп қалды. Оның жүгімізді көтерісуге пайдасы тигені рас. Ішіп-жемімізге ортақтасқаны болмаса, жамандығын да көрген жоқпыз. Ол бір адам баласының ішер асқа, киер киімге жарымаған жоқ-жітік кезі еді ғой. Әлгі адамның да қолын байлаған сол тапшылық шығар. Алып шаһарда дағарадай үйі, үлкен қызметте баласы бар саудагер шалдың да, үйіне тегін жатқызып, қала аралатып көмектескенімен, ас-суға қарық қылғаны шамалы ғой. Иә, ол бір қолма-қол ақшаның тапшы, азық-түліктің қол жеткізбейтін кезі еді-ау. Қайта, елдегілерге қарағанда солтүстік ендіктен келе жатқан біздің қалтамыз қалың еді.

Сөйтіп, елдің қарасы да көрінді-ау. Алғайда (Александров Гай стансасында) бізді ешкім күтіп алған жоқ. Хабарымыз жеткен шығар. Біреу-міреу күтіп алатын шығар деген ойымыз жүзеге аспады.

Тіпті, ауылға қарай автобус та қатынамайды екен. Ертең ғана екі ортада жанармай таситын көліктің («баранок» дейді екен)  жүретінін білдік. Автостансада бала-шағамен бұлай отыра берудің қисыны келмейтінін түсінгесін Секең бір қазақтың үйін іздеп көрейін деп шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Елдің сөзін тыңдап отырсам, бұл бір ұры-қары, шпаналардың жайлаған жері екен. Сырттан келгендерді алдап алып кетіп, тонап алатын көрінеді. Содан үрейім ұшып, жылап отыр едім, бір қазақ кемпірін қасына ертіп, Секең көрінді. Оның өзіне шанбай, жолдасыма осы жерден ешқайда шықпайық деп қиғылық салдым. Екеулеп, әупірімдеп әрең сабама түсірді. Барсақ, үйде мен шамалас жас келін бар екен. Шай қойды. Секең кемпірді ілестіріп, тамақ әкелуге базарға кетті. Үй иесі теміржолда жұмыс жасайды екен. Кеш келді. Ол келгесін тамақ, аздап арақ та ішілді. Сөйтіп қондық. Ертесіне осы үйдің ер жетіп қалған баласы стансаға апарып, елге жүретін «баранокқа» іліктіріп жіберді. Бәрін ұйымдастырып, келістіріп берген жас жігітке Секең 50 рубль ұсынған: «Мынауыңыз тым көп қой» деп сасқалақтап қалды. «Ал, қарғам,  тамақ аларсың» деді Секең. Разы болғаны сонша, қайтар жолда бізге соғыңыз деп, ризашылығын білдіріп қалды.

«Қазталовка» деген жерге тоқтадық. Көліктен түсіп, демалып тұр едік бір шал машинаға кемпірін әкеліп мінгізді. Секең шалдан: «Осында Қитар деген ұста шал болатын еді. Білесіз бе, сол кісі бар ма?» деп сұрады. Шал аңтарылып, Секеңнің бетіне қарап тұрды да, біреуге ұқсатты білемін, «Қитар бір балам жоғалып кетті, деуші еді, сол емеспісің, қарғам!» деді. «Иә, сол менмін. Мынау  келіні, анау екі немересі» деді. Бұдан әрі шал ештеңені тыңдаған жоқ «Сүйінші» сұрайын деп тұра жүгірді. Ол кетісімен, біздің көлігіміз қозғалып кетті.

Секеңнің әкесі  Қитар хабарды естіген бойда тұра шабады. Бұл кезде ұзап бара жатқан машинаны көріп, артынан құлағанша жаяу қуып, жылап, аяғы шалынып құлап қалғанын артынан естідік. Фурмановқа (Жалпақталға) келгесін Секеңнің шешесі тұратын Жас деген елді мекенге жеттік. Сондағы Секеңнің еңірегенін көрсең?! Қалтасынан қол орамалын да алып үлгермей, ағыл-тегіл көз жасын балаша пальтосының жеңіне сүртіп, боздайды. Шешесі қатты адам болса керек. Жылаған жоқ. Керісінше «Тәйт! Неге жылайсың?! Артыңа қара! Жап-жас әйелің, екі бірдей ұлың бар. Кімнен кем болып тұрсың?!» деп жекіп тастады. Сөйтіп Сәкеңнің ел-жұртымен қауыштық. Бір айналып Қазталовкаға барып, әкесіне де қонақтап қайттық.

Жаңа жыл қарсаңында қайтадан жолға шықтық. Алғайда тағы да сол кемпірдің үйінде болдық. Пойызға тағы да баласы шығарып салды.

Красноярскіге келгесін әрі қарай ұшатын болдық. Түнде ұшатын самолет уақытынан кешігіп, ертеңіне таңғы сағат жетіде ұшты. Бір ұдай уақыт өткенде, Секең «Сіздер бірдеңе сезесіздер ме? Меніңше, бір орында қалықтап ұшып жүрміз» дейді. Бір кезде ұшқыш салонға шығып «Сыртта  қаратүтек («Черная пурга»). Бізді қондырмай жатыр. Қайтуға бензин жетпейді. Шамам жетсе қонамын» дейді. Жұрт не десін?! Содан аманесен жерге қондық-ау». Қарды ызыңдай ұйтқытқан қатты жел, боран көзді аштырмайды. Қара түтек борап тұр. Ызыңдай соққан жел ұшақты теңселтіп тұр. Жерге түскен адамды қаңбақша жұлып алып, домалатып жіберердей. Ұшқыш ұзын арқанның бір ұшын беліне байлап, жерге түсіп алға жүрді. Артынан арқанға жалғанып біз түстік. Бәріміз бір арқанның бойында теңселе басып, алға жылжып келеміз. Ұшқыш «Арқаннан айырылып қалмаңдар, жел ұшырып алып кетеді!» деп қатаң ескертіп қойды. Сөйтіп, арпалыспен әуежайға да жеттік-ау, әрең. Кештете үйге жеттік. Бұл 1956 жылдың 3 қаңтары еді.

«Елім!»  деп  еңіреп  өтті

1956 жылы сәуірде елге қайтуға рұқсат берілді. Бірақ біз қайта алмадық. Өйткені күні кеше демалыстан шықтық. Елге барып, қайтуға қаражатымыз жетпей, қарызданып та қалғанбыз. Қайтуға ақшаны Сібірдегі жолдастардан сұратып алғанбыз. Сондықтан осында қала тұрып, бір-екі жыл қаржы жинап, жұмыс жасауға тура келді.  Содан 1958 жылы қыркүйек айында Шығыс Қазақстанға көштің басын бұрдық. Секеңнің, Жалпақталға, еліне қайтуына рұқсат болмады. Сол кездегі Қылмыстық кодекстің 36-бабы бойынша паспортына «Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл саяси ұйымға қатысқан» деген белгі қойылды. Секеңнің паспортындағы жазбаны көргендер алғашқыда жұмысқа алмай әлек салды.

Амал жоқ, барға қанағат жасап, құрылысқа тас қалаушы болып орналасты. Бір-екі жылдай жасаған соң ақы төлеп оқитын кешкі бухгалтерлік курсқа түсті. Айына 750 рубль төлеп, бір жыл оқыды. Оқуды бітіріп, енді бір қолайлы қызмет қарастырып жүргенде елден қайта-қайта хат келді. Хат сайын ағалары Оралға шақыра берді.

Сосын барып ауызша тілдесіп, бір жағына шығып қайтайын деп Секең еліне кетті.

Ағалары «Күшік күйеу» атанып, әйел жағына кеттің. Ол дұрыс емес, сүйекке таңба. Елге көшіп кел» деп көндіріпті. Елінен келе сала «Көшемін!» деді. Жалма-жан жинақталып, Жалпақталға көштік. Бірақ онда үш жылдан артық тұра алмадық. Себебі баяғыда өздерінің артына түсіп, әшкерелеп КГБға ұстап берген сатқын «салпаң құлақ» әжептәуір қызметтің тұтқасын ұстап, ауылда жүр екен. Сол аңдып, соңына қайта түсе бастапты. Тағы да 10 жылды арқалатып, Итжеккенге қайта айдатып жіберуден де жүз жанбас деп сақтанып, кері көшуімізге тура келді. Сонымен Шығыс Қазақстанда тұрып қалдық қой.

Естелік  хатты  баспаға  дайындаған Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі  Аманкелді ШАХИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар