4.06.2019, 10:44
Қараулар: 179
ІРІ ИТАЛЬЯН ФИРМАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

ІРІ ИТАЛЬЯН ФИРМАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

Ақсай қаласында «Petrolvalves Kios Kazakhstan» ЖШС-ның өндірістік бөлімшесі ашылды. Бұл – екі ірі итальян компаниясының бірлескен кәсіпорны.  «Petrolvalves PSA» –

1954 жылдан бері түрлі өлшемдегі ерекше жабдықтар шығаратын, соның ішінде күрделі әрі жоғары технологиялы шарлы крандарды, ысырмалар мен клапандарды шығаратын ірі өндіруші болып табылады. Ал «Kios» мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Компания еліміздің нарығында он бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатында компанияның қазақстандық бөлімшесінің бас директоры Массимо Биндини соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстандағы түрлі тапсырыс берушіге 45 мыңнан астам клапан жеткізілгенін, қазіргі уақытта ауқымды ресурстық база қалыптасқанын, сондықтан «ҚПО б. в.», «NCOC», «TCO» сықылды басты тапсырыс берушілерге жақын «қоныстанудың» жөн болатынын айтты. «Жаңа өндіріс орнының ашылуы Қазақстан Республикасының экономикасының дамуына қосылған қомақты үлес деуге болады. Клапандарды өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету бойынша біріккен компания құруға мүдделі инвестор ретінде қазақстандық мұнайгаз саласының кәсіпорындарымен әріптестікті одан әрі жалғастырмақпыз», – деді   Массимо Биндини.

Жоба ҚР Үкіметінің бастамасы шеңберінде және «ҚПО б. в.» компаниясының, сондай-ақ өзге де ірі операторлардың өндірісті ашу талаптарына орай іске асырылуда.

Бастапқы кезеңде компания 4 млн. еуро көлеміндегі инвестицияны жоғары технологиялы жабдықтарға және 20 жергілікті маманды оқытуға жұмсады. Компания мамандар бойынша жергілікті мазмұнды 95 пайызға жеткізуді, сонымен қатар мамандардың біліктілігін жоғары, халықаралық деңгейге дейін көтеріп, әлемнің кез келген елінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді көздейді. Алдағы уақытта компания өндірістік алаңды кеңейтіп, өңірде клапандар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев өзге елге инвестиция салу шешімі барлық тәуекелді зерттегеннен кейін қабылданатынын айтты. «Еліміздегі саяси тұрақтылық, тиімді инвестициялық заңдылықтар, Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылымдардың, ыңғайлы көлік логистикасы, мамандардың сапалы әлеуетінің болуы итальяндық инвесторлардың оң шешім қабылдауына негіз болды», – деген Ғали Есқалиев компания акционерлеріне дұрыс шешім қабылдағандары үшін алғыс айтып, өндірісті одан әрі кеңейту жоспарына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар