4.06.2019, 10:40
Қараулар: 10
Жіңішкенің оңалуы

Жіңішкенің оңалуы

Шұрайлы Шыңғырлау өңірінде Жіңішке деп аталатын шағын өзен бар. Бастауын бұлақтан алатын сол өзеннің жағасында айдын аттас ауыл орналасқан. Кеңестік кезеңде «Ащысай» кеңшарының бөлімше орталығы болған елді мекенде екі жүзге жуық тұрғын елуден аса аулада түтін түтеткен екен. Сол кездегі ауыл тұрғындары сулы да нулы жерде төрт түлік малымен қатар жайқалтып егін де өсіріпті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап өзге де кішігірім елді мекендер секілді Жіңішкенің  де күйі кете бастапты.

Қос қолдың саусақ санынан сәл ғана асатын шаңырақ мекендеген ауыл соңғы екі-үш жылдан бері оңалуға бет алғандай. Кіндік қандары тамған мекеннің келешегіне алаңдаған азаматтар ауылдың әлеуетін көтеруге атсалысуда. Міне, сондай азаматтардың бірі де бірегейі – Орынбасар Кушев. Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Сағынбас атаның ұлы 1971 жылы осы бір шағын ауылда дүниеге келген. Жіңішкедегі сегізжылдық мектептен соң Орынбор құрылыс техникумын тәмамдапты. Құрылысшы-техник мамандығы бойынша дипломын алған соң, туған жерінде үш жылдай құрылысшы болған. Кейін Ақсай қаласына қоныс аударып, «Интергазстрой”, «Жайықсельстрой”, «Мұнайгазсервис” компанияларында прораб, учаске басшысы секілді қызметтер атқарыпты. Осылайша құрылыс саласындағы түрлі кәсіпорындарда мамандығы бойынша тәжірибе жинақтаған Орынбасар Сағынбасұлы 2007 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрады. Кейіпкеріміз жетекшілік ететін «АксайСтройСервис и К” ЖШС – бүгінде Бөрлі ауданындағы белгілі компаниялардың бірі.

Кәсібі өрге басқан азамат туған жерінен 2017 жылы шаруа қожалығын ашқан. Ресми құжатта анасының есімімен аталатын «Қадиша» шаруа қожалығы бүгінде 150 ірі қара мен 130 жылқы өсіруде.

Негізгі қызметіне қоса қожалықтың шаруаларын үйлестіріп жүрген Орынбасарды ауылдастарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары ерекше толғандыратын сыңайлы. Ауылға келген сайын жайылымдарға жақын маңдарда мал суаратын су қоймаларының жоқтығын еститін. Биылғы көктемде осы мәселені өзі қолға алып, құнттапты. Жұмысшы мамандарды жұмылдырып, арнайы техникаларын әкелген. Санаулы күндерде ен дала төсіндегі екі жайлау бағытынан екі бірдей бөгет тұрғызылған. Іссапар барысында кейіпкеріміз салғызған бөгеттерді арнайы барып көрдік. Бөгеннің бірі ауыл іргесінен ат шаптырым жерде болса, екіншісі, сәл қашықтау орналасқан екен. Сай-саладан аққан су қос бөгенді де көмкеріп тастағандай. Дала жолмен жасыл алқапты кешіп, екінші бөген маңына жеткенімізде, жайлаудан жусап келген бір үйір жылқы суға еркін бет алғанына куә болдық.

Орекең былтыр өз қаражатына шағын ауылдың бел ортасынан үш бірдей тұрғын үй, екі мал қорасын салғызыпты. Тұрғын үйлерге көгілдір отын мен ауыз суды да тартқызған. Әудем жерден менмұндалаған тұрғын үйлер ауыл ажарын ашып тұрса, мал қораларының заманауи  құрылыс  материалдарымен  жарақтандырылуы  да  еріксіз  көз  тартады.

Кейіпкерімізді су жаңа үйлердің іргесінде тұрғызылып жатырған құрылыс маңынан кездестіріп, азкем дидарластық. Іскер азамат сөзге сараңдау болып шықты. Сауалдарымызға қысқа да нұсқа үн қатқаны. Бізді бір қуантқаны – «Орал өңірі» газетін оқып тұратындығы. Оқып қана қоймай, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары мен зейнеткерлерге газетті өз қаражатына жаздырып беруін айтсаңызшы!

 – Орекең – біздің «Атымтай жомартымыз» ғой. Бірер мысал айтсам да жеткілікті шығар. Былтыр Ащысай орта мектебінің жанынан музей ашуға өзі ұйытқы болып, 1 миллион теңгеден астам қаражат берді. Мерекелерде мектептегі жүз балаға сыйлық әперіп жүр. Ауылдастарына жәрдем беруге әр кез дайын тұрады, – дейді Ащысай ауылдық округінің әкімі Жанболат Айсиев.

 «Қадиша» шаруа қожалығында жыл бойы төрт адам тұрақты еңбек етсе, жазғы маусымда ауыл-дың он тұрғыны қосымша жұмысқа тартылады екен.

Міне, Жіңішкесін оңалтуға атсалысып жүрген Орынбасар есімді атпалдай азамат осындай жан.

Сырымбек   ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Шыңғырлау   ауданы