4.06.2019, 10:38
Қараулар: 165
Электронды ПИК неге жанданбай тұр?

Электронды ПИК неге жанданбай тұр?

«Smart City» аясында «Электронды ПИК» жобасын іске қосу бұған дейін бірнеше бағытта жүргізілген. Дегенмен тұрғын үй кооперативтері жүйесіне цифрландыру әлі дендеп ене алмауда. Смартфоннан коммуналдық төлемін төлеп, тіпті банктерден несие рәсімдеу қолданысқа еніп жатқанда, ПИК-тер сандық жүйеге түгел көше алмай отыр. «KazBatisService» ЖШС басқарушы компаниясының төрағасы Нұрлан Рахымжанов «Е-КСК» мобильді қосымшасы пилоттық жобада жұмыс жасағанын айтады.

–  Былтыр Орал қаласы бойынша «Е-КСК» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бірақ бағдарлама екі ай ғана жұмыс істеді. Қарауымыздағы 4 800 абонентіміздің 10 пайызы тіркеліп үлгерді. Мобильді қосымша арқылы тұрғындармен онлайн байланыс жасау, электронды дауыс беру, авария болғанда хабарлама жіберуге болатын еді. Бірақ «Батысэнергоресурс» ЖШС «Е-КСК» қосымшасы арқылы коммуналдық төлем қабылдау үшін тұтынушылардың дербес шотын орналастырудан бас тартты. Содан кейін бұл жоба тоқтады, – дейді Нұрлан Рахымжанов.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ПИК-тердің ортақ порталын жасауға қатысты басқа да пилоттық жобалар болған. Мәселен, «Transtelecom» АҚ-ның uralsk.opencity.kz доменімен Орал қаласына арнаған сайты жаңартылмаған күйінде тұр. «Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан, Атырау, Петропавл қалалары бойынша «Оpencity» порталы жұмыс істеуде. 2017 жылы екі ай мерзімге пилоттық режімде жұмыс істеді. Орал қаласының әкімдігі бұл жобадан хабардар. Қазіргі уақытта ПИК-тер порталын іске қосу жайы талқылану кезеңінде», – дейді «Transtelecom» АҚ-ның Орал қаласындағы бөлімшесінің жетекші  инженері Асланбек Меңдіғалиев.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің дерегіне сүйенсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Smart сity» тұжырымдамасын іске асыру бойынша «Қазпошта» АҚ жасаған «Сайты строений» city.post.kz сайтына пәтер иелері кооперативтерін тіркеу бағытында жұмыс басталғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Аталған жүйе ПИК-терден хабарламалар қабылдау, авариялық жағдайға байланысты сұраныс қалдыру, электронды дауыс беруге қатысу, ПИК-тердің қаржы есебін көру, қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Сайтқа тіркелу жолдарын түсіндіруге қатысты кооператив төрағалары мен тұрғындар арасында 15-ке жуық жиналыс өткізілген. Қазіргі кезде Оралдағы 108 ПИК-тің басқару құрылымының 81-і (500 көп пәтерлі тұрғын үй) post.kz сайтына тіркелді. 89 кооператив меншігінде компьютер бар екен, солардың қатарында 18-і ғана интернетті пайдаланып отыр. ПИК төрағалары ай сайын төленетін жарналардың жұмсалуы пәтер иелерінің жалпы жиналысында бекітілетінін, ортақ келісім бойынша интернет желісіне ақы төлеу қарастырылмағанын айтып, бас тартқан. Оған қоса, 55 ПИК-тің жеке бөлмесі болса, 10 кооперативтің жұмыс орны жертөледе. Ал 39 ПИК-тің заңды мекенжайы жоқ. Материалдық-техникалық базасын былай қойғанда, кооператив төрағаларының көбі егде жаста, яғни орташа жасы 58-59-ды құрайды. 41 төраға немесе 43 пайызы зейнет жасында. Интернетті белсенді қолдану бойынша жас ерекшелігін ескерсек, технологияны «ұршықша иіріп» әкететін не соған ынталы кооператив жетекшілері аз екеніне осы статистика айғақ.

Тұрғындар ПИК қызметіне қатысты үйлердің шатырынан бөлме ішіне су ағатыны, ортақ қолданыстағы коммуналдық желілердің жөнделмейтіні жөнінде қалалық тұрғын үй инспекциясына жиі шағымданады екен.

– Қаланың Х. Чурин көшесіндегі бес қабатты үйде тұрамын. Тұрғындарға Жуков көшесінде орналасқан «Жұлдыз Алға» ПИК қызмет етеді. Үйіміздің шатыры әлі күнге жөнделген жоқ. Кіреберісі лас, үй айналасындағы қоқыс жиналмайды. Пәтер иелерінің жиналысында осы мәселені бірнеше мәрте көтердік. Ай сайын жарнаны төлеп отырмыз. Қаржы шығындары қайда жұмсалатынын нақты білгіміз келеді. «Сайты строений» порталы кеңірек қолданысқа енсе, дұрыс болар еді, – деді Орал қаласының тұрғыны Әлима Болатова.

«KazBatisService» ЖШС басқарушы компаниясының төрағасы Нұрлан Рахымжановтың сөзінше, «Сайты строенийдың» мобильді қосымшасы көшелерде көрсетілген QR-код арқылы сайт сілтемесін бірден тауып, кооперативтер учаскесіндегі нысандар мәліметтерін білуге болады. «Былтырдан бұл сайттың базасы жаңартылмай тұрды. Нақты қолданысқа енуін күтіп, тіркелген жоқпын. Менің ойымша, бұл сайт тұрғындарға тиімсіз. Есесіне, қала қонақтарына, саяхатшыларға қолайлы деп есептеймін», – деді ол.

Елімізде 14,5 мыңға жуық ПИК және басқарушы компания бар. Жыл басында «ТКШ қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев алдағы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы реформаланса, ПИК-ті коммерциялық емес ұйым формасы – мүлікті меншіктенушілер бірлестіктері (ММБ) ал-мастыратынын хабарлаған еді. Сонда әрбір үйді дербес басқару тәсілі еніп, жарна қаражатын нақты мақсатқа жұмсау мүмкін болады. Сондай-ақ пилоттық режімде жасаған «E-Shanyraq» тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесі ПИК жұмысының айқындығына әсер ететінін айтты. БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бейімбет Мусиннің дерегінше, Қадыр Мырза Әли шағынауданындағы 10 үйде «Е-shanyraq» пилоттық жобасы сынақтан өтті. «Е-shanyraq» интеллектуалды ақпараттық жүйесі бойынша жылу, су және электр есептегіш құрылғылары орнатылып, коммуналдық шығын есебін онлайн режімде қашықтан бақылауға мүмкіндік туды. Жобаның экономикалық тиімділігіне сәйкес тұтынушылардың қаржылай шығынын 30%-ға азайтуға болатынын дәлелденді. Бейімбет Мусиннің сөзінше, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы ауқымында Орал қаласы бойынша 2019-2022 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Жол картасы тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың ақпараттық жүйесін енгізу және табиғи монополиялар, басқарушы компаниялар мен ПИК қызметін автоматтандыруды қамтиды…

Нұртай   ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар