4.06.2019, 10:35
Қараулар: 12
Құрбандарға Құран бағышталды

Құрбандарға Құран бағышталды

31 мамыр  ертемен  жаңа  бейіттегі  саяси  құрбандарға  арналған ескерткіш  жанына  жиналған  жұртшылық  саяси  қуғын-сүргін  құрбандарын  еске  алды.

Азалы жиынға  облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, қала әкімі Мұрат Мұқаев, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысып, ел-жұрттың үрейін ұшырған зобалаң жылдардың құрбаны болған жандардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.

Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен  31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бұл күндер халқымыздың басынан өткен нәубеттің  ақтаңдақ тұстарын терең ұғыну үшін сондай зұлмат болашақта қайталанбауы үшін қажет. Статистикаға сүйенсек, ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 млн. адам мерт болған екен. Ал саяси қуғын-сүргін болған 1927-53 жылдары Қазақстанда қуғын-сүргінге 103 мың адам ұшырап, 25 мың адам атылған. Солардың арасында батысқазақстандықтар да болды.

Азалы жиында Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек  Абдрахманов қуғын-сүргін құрбандарына дұға бағыштады. Орал епархиясының өкілі Стефан Капинос христиандық діни рәсім-жоралғысын орындады.

– Бүгін – барша еліміз үшін айрықша күн. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары «халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жүргізілген саясаттың салдарынан талай боздақ қуғынға ұшырады, тіпті олардың жақын-туыстары да жапа шекті. Бүгін біз солақай саясаттың құрбаны болған айтулы  тұлғаларды, жазықсыз жандарды еске алу үшін жиналдық. Жастарымызды тарихты ұмытпауға тәрбиелеуіміз керек. Зорлық-зомбылық көріп, көз жұмған бауырларымыздың жанкешті күресі, қастерлі есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың рухын қастер тұтып, басымызды иеміз, – деді БҚАТУ доценті Болатқали Төлебаев.

Бұдан соң жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Азалы жиын соңын ала облыс әкімі Алтай Көлгінов жұртшылыққа саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің  қайта жаңғыртылатынын жеткізді.

Бұл күні Мұнайшылар гүлбағындағы саяси құрбандар аллеясына, саяси қуғын-сүргін құрбандары Ж. Досмұхамедов пен  Ш. Қаратаеваға орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, қуғын-сүргін науқанының құрбаны  болған  тұлғалардың  рухына тағзым жасалды.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар