4.06.2019, 10:33
Қараулар: 304
Сексен жаста, әлі сапта!

Сексен жаста, әлі сапта!

Кеше  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  өңірдің  дамуына  сүбелі  үлес  қосқан  еңбек  ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы   Мырзағали  Мұхамбетовпен  кездесіп,  өңір  жұртшылығы  атынан  80  жас  мерейтойымен  құттықтады.

Кеңес заманында Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқара жүріп, КОКП ОК Жоғары партия мектебін бітірген Мырзағали Мұхамбетов еңбек жолын Орал облысында жалғастыруға жолдама алады. Ол әр жылдары партияның облыстық комитетінде бөлім меңгерушісі, Орал педагогикалық институтының тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры сынды жауапты әрі маңызды қызметтерді абыроймен атқарады.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста облыстық тілдерді дамыту басқармасына басшылық жасап, кейінгі жылдары БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығына, инженерлік-технологиялық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасына жетекшілік етеді. Тарих ғылымдарының докторы Мырзағали Мұхамбетов 2011 жылдың ақпан айынан бері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аға ұрпақ пен жас буынның арасын жалғап келеді.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің тізгінін ұстаған тоғыз жылдың ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Бірқатар лауазымды әрі жауапты қызметтерді атқарған мол тәжірибеңіз бен өмірлік өнегеңізді жас ұрпақпен бөлісуде аянып қалған жоқсыз. Қоғамның өміріне белсенді араласып, жастарға үлгі көрсетіп келесіз. Ұлтаралық татулық пен бірлік, жастар тәрбиесі бағытындағы елеулі еңбегіңізді жоғары бағалап, рақмет айтамыз, – деді облыс басшысы.

– Біз – соғыс көрген ұрпақпыз. Бесіктен беліміз шықпай жатып, көп қиындық шектік, еңбекке ерте араластық. Адамды адам қылатын – еңбек. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек ету арқылы елімізді көркейтуге күш салдық. Уақыт жеңбей қоймайды. Жылдар жылжып аққан сайын, әр күннің, әр сағаттың қадірін ұғасың. Ақсақал жасына жетсек те, қатардан қалмай, өмірден көрген-түйгенімізді кейінгі буынмен бөлісуден шаршамаймыз, – деді Мырзағали Әбілқасымұлы.

Кездесу барысында өңіріміздегі азаматтық қоғамның дамуы және жастар тәрбиесі мәселелері талқыланып, алдағы жоспарлар пысықталды. Мерейтой иесі өз кезегінде өңір басшысына облыстық ардагерлер кеңесіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, ардагерлердің  жас ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге ерекше назар аударып, ел игілігі үшін қызмет етуді жалғастыра беретінін атап өтті.

Динара    КЕНДІРБАЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар