31.05.2019, 15:07
Қараулар: 176
Арманы асқақ Ализа

Арманы асқақ Ализа

Таяуда Түркияның Анталья қаласында тоғызқұмалақтан өткен V әлем чемпионатында жерлесіміз Ализа Ерниязова үшінші орын алып, қола жүлдегер атанды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ дене шынықтыру және спорт факультетінің 1-курс студенті осы жетістігінің арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері талабын орындады. Қызының ұлттық ойынға деген қызығушылығын, ерекше қабілетін байқаған әкесі Дастан Ерниязов оны 4-сыныптан бастап арнайы үйірмеге апарыпты. Ализаның алғашқы жетекшісі Орал қаласындағы мектептен тыс жұмыс орталығының аға жаттықтырушысы Қанапия Қаяпбергенов болса, қазіргі таңда облысымыздың бас бапкері Дәулет Әбдікәрімов баулып жүр.

– Тоғызқұмалақ тапқырлық пен алғырлыққа, бір-екі қадам алдын ала ойлауға баулиды. Ақыл-ой өрісін кеңейтіп, математикалық ұтқырлықты арттыратын бұл ойынға қызыққаным соншалық, мамандығымды да осы ұлттық ойын түрінен болашақ чемпиондар тәрбиелейтін бапкер болсам деген мақсатпен таңдадым. Жарыстан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемнің 16 елінен жиналған спортшылар арасындағы шетелдік азаматтардың біздің ұлттық ойынымызға деген ынтасын көріп, жүрегімді мақтаныш кернеді. Айтуларынша, көпшілігінің тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығын шет мемлекеттерге білім алу үшін немесе жұмыс бабымен баратын жастар түрлі турнирлер мен жарыстар ұйымдастыру арқылы оятқан екен, – дейді Ализа.

Қазіргі таңда Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде жүрген Ализа бос уақытын текке өткізбей, Орал қаласындағы «Санжар» интеллектуалдық мектебінде жас чемпиондарды даярлап жүр. Жас бапкердің жеткіншектерді ұлттық спорт түріне баулу бағытындағы жұмысы жеміссіз емес. Мәселен, жасөспірімдер арасында өткізілетін чемпионаттың іріктеу кезеңіне қатысқан бес шәкірті жарысқа жолдама иеленді. Болашақта әлемдік деңгейде туған елдің көк байрағын желбіретер жеңімпаздар тәрбиелеуді басты мақсат еткен арманы асқан Ализаның өзі де әлі талай биікті бағындырары анық.

Аяужан  КЕРЕЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар