31.05.2019, 15:03
Қараулар: 181
Брайтонға апарған «Болашақ»

Брайтонға апарған «Болашақ»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Болашақ» бағдарламасының түлектері – Әлібек Молданиязов және Айнұр Базарованың қатысуымен «Білімнің шыңы – «Болашақ» атты кездесу кеші өтті.

Жиналған жұртшылық, ең алдымен, кеш иелерінің өмірдерегінен сыр шертер мәліметтер мен фотосуреттер топтасқан «Білімге бастаған басты жол» атты көрмені тамашалады.

Жастардың табысты мансаптық өсуі мен кәсіптік өзін-өзі жүзеге асыруының өзіндік кепіліне айналған «Болашақ» халықаралық шәкіртақысын иеленіп, бүгінде оның игілігін көріп отырған жастардың бірі – Әлібек Молданиязов Сырым ауданына қарасты Қособа ауылының, ал жұбайы Айнұр – осы аудандағы Аралтөбе ауылының тумасы. Бір ауданнан түлеп-ұшқан жастардың студенттік жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да өткен. 2014 жылы «Болашақ» халықаралық шәкіртақысын иеленген екі жас 20152016 жылдары Ұлыбританияның Манчестер қаласында ағылшын тілін жетілдіру курсынан өтеді. Кейін Әлібек тұманды Альбионның Брайтон қаласындағы Сассекс университетінде мемлекеттік саясат, саясаттану және мемлекеттік басқару факультетінде, ал Айнұр халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алады. Бүгінгі таңда Әлібек Елеусінұлы Орал қалалық ішкі саясат бөлімінде қызмет етсе, жұбайы – 800 млн. аудиториясы бар ұлттық география басылымының, сонымен қатар «Тет» платформасының ағылшын-қазақ тілді аудармашысы. Білімге құштар жұптың шаңырағында екі қыз бен бір ұл өсіп келеді.

– Шетелде білім алу үшін міндетті түрде мықты саналатын мектептерді бітірудің, ешқандай тамыр-таныстың қажет еместігін дәлелдеп жүргеніме қуанамын. Алақандай ауылдың қара баласына алыс шетелден білім алып, ел игілігі үшін еңбек ету соншалықты қиын емес, бастысы, арманыңа, өз мүмкіндігіңе сену керек. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген бойда биіктен көрінемін деу – қате түсінік. Бұл бағдарламаның беретін басты мүмкіндігі – өмір бойына азық боларлық білім-білік. Ағылшын тілін мінсіз меңгеріп алудың өзін бағдарламаның игілігі деуге болады, – дейді Әлібек Елеусінұлы.

Аталмыш шараның қонақтарына БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова, Қ. Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Нұржан Тасболатов, Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Мағжан Бисенғалиев ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар кездесуге жиналған жастар тарапынан «Болашақ» халықаралық шәкіртақысына, жалпы шетелдегі тыныс-тіршілік бағытында сұрақ қоюшылар көп болды.

Шет мемлекеттегі қызықты сәттер, туған еліміз бен бөтен мемлекет азаматтарының мәдениеті, тәлім-тәрбиесі, тыныс-тіршілігіндегі, іс-әрекетіндегі өзгешеліктер мен білім саласындағы айырмашылық жайлы қызықты әңгіме өрбіген кеш соңында Айнұр Өтегенқызы: «Осы кездесу кешіне жиналған жандардың арасынан, тым болмаса, бес адамның арманына қанат бітіріп, өзіне деген сенімділігін арттыра білсек, біз үшін соның өзі үлкен жетістік. Өзіміз арқылы өзге жастарға, ең алдымен, өз балаларымызға үлгі болғанымызға қуаныштымын», – деді.

Аяужан  КЕРЕЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар