31.05.2019, 15:02
Қараулар: 145
Түлектер ауылдастарын қуантты!

Түлектер ауылдастарын қуантты!

Жұмысқа  бара  жатқанымда ұялы  телефоныма  белгісіз нөмірден  хабарласып, тұтқаның  арғы  жағынан: «Қарындасым,  қалың  қалай? Жақсы жаңалығым  бар»  деген  егде  ағайдың  қуанышты дауысы  естілді.

Кім екенін тани алар емеспін.

«Үйімізге газ қондырды!» дегенде ғана бірден ойыма көрші Жасұлан ағам оралды. Дәл сол уақытта балаларымен бірге қуанған әкенің бақытты жүзін көрмесем де, таңертеңгілік жылы жаңалығы көзіме жас әкелді.

Қатты қуандым. Иә, бұл жалғызбасты әкенің көптен күткен тілеуі еді. Бір ғана  мәселенің шешілуі ағамыздың қара басындағы қиындықтан бір мезет құт-қарғандай. Балаларым тоңбасын деген асқар таудай әке жазда отын жинап, қыста от жақты. Өзіміздің аудандық газетте және әлеуметтік желіде де 7 баланың әкесі Жасұлан Есенғалиев жөнінде біраз жазған болатынмын. Қиындық-қа мойымай, балалары үшін қолынан келетін нәрсенің бәрін жасап жүрген әкенің өмірі көпшілігімізге үлгі болсын дедім.

Көгілдір отынның мәселесі шешіліп, биліктегілер де, айналасындағылар да көз жұмып қарамай, қолұшын созар дедім. Қалам ұстап, жалғыз әкенің жанайқайын жеткізудегі мақсатым да осы еді.

Жалғызбасты әке бұл мәселенің шешілгенін зор қуанышпен қабылдады.

«Үйдегі бір жұмыстан қолым босап қал-ғандай әсерде жүрмін. Балаларымның қуанышында шек жоқ. Бұрын жұмыстан ертерек келіп, балалардың түскі асын беру үшін ошаққа пісетін тамақты ұзақ кү-тетінбіз. Енді бәрі тез, отбасымызбен жұмысқа да, сабаққа да үлгеретін болдық. Аллаға мың шүкір!», – деп қуаныштан жылап жіберді ағамыз.

Көп балалы шаңырақты көлкөсір шаттыққа кенелткен қайырымды істі Қазта-лов жалпы орта білім беретін мектебін бітіргендеріне 10 жыл толған түлектер жасады. Олар қайсар да қайырымды әкенің қиын жағдайына бейжай қарай алмады. Дүркіретіп той-тойлаудан бас тартып, көпшілікке үлгі болды.

Жұлдыз  АСҚАР,

Қазталов  ауданы

*  *  *

Сырым  ауданындағы Қ. Мырзалиев  атындағы мектептің 11-сынып  оқу-шылары  мектеп  бітіру кешіне  жоспарланған  қаражаттарының  біраз  бөлігін қайырымдылыққа  жұмсады.

Жас түлектер Жымпиты ауылында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен үш жанұяға бір айлық азық-түлік алып берді. Соңғы қоңырау салтанаты мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстіндегі мектеп бітірушілер ауыл үлкендеріне қолғабыс болуға да уақыт тапты.

Олар Серік атайдың және Ырысты әжейдің үйінде болып, қыз балалар жағы үй тазалығына, ал ұлдар қарттардың аулаларына сенбілік жұмыстарын жасауға жәрдемдесті.

– Мұқтаж жандарға көмек көрсету жайындағы ұсынысты біздерге мектеп бітірушілердің өздері білдірді. Олардың қасиетті Рамазан айында тойдың мәзіріндей аста-төк дастарқан жайып, ысырапқа жол бергілері келмеді. Түлектердің ұсынысын мектеп әкімшілігі де, ата-аналар комитеті де қолдады. Сынып жетекшілері Жансая Есенғалиева, Гүлдана Нұғманова шәкірттерімен  «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында жалдамалы пәтерде тұратын, мектеп жасындағы балалары бар отбасыларды да ұмытпады.

Түлектер кеші мектебімізде қарапайым түрде аталып өтілетін болады, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Дауылов.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы