31.05.2019, 15:00
Қараулар: 10
Төрт айда сегіз адам суға кеткен

Төрт айда сегіз адам суға кеткен

Бұл  туралы  облыстық  төтенше  жағдайлар  департаментінде  өткен  жиында  БҚО ТЖД  бастығы,  генерал-майор  Жасұлан  Жұмашев  мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы осы мерзімде 10 адам суға кетсе, соның екеуі – жасөспірім. Ал биылғы жылдың төрт айында суға батудың сегіз фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, екеуі  жасөспірім екен.

– Мәселені шешудің бірден-бір  жолы – қоғамда үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізіп, балаларды жүзе білуге үйрету керек. Қазіргі таңда облыс әкімдігі қаулысымен су көздерінде жаппай демалуға арналған 69 орын анықталды, – деді Жасұлан Қыдырқожаұлы.

Департамент басшысы, сондай-ақ өрт оқиғасына қатысты жайттарды да баяндап өтті. Ол өз сөзінде биыл екі орман өрті мен 93 табиғи жану оқиғасы тіркелгенін айтты. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік шара өткізу нәтижесінде 85 жеке тұлғаға (ҚР ӘҚтК 336-бабы бойынша) және тағы 2 жеке адамға (ҚР ӘҚтК 367-бабы бойынша) әкімшілік хаттама толтырылып,  24 050 теңге айыппұл салынған.

Облыс бойынша табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру үшін қазіргі таңда 126 су тасығыш, 367 трактор, 366 басқа да техника мен 1758 аспалы өрт сөндіру құралы және 119 мотопомпа бар. Жергілікті атқарушы құрылымдармен 10 өрт сөндіру бекеті (Тасқала, Теректі, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Бәйтерек аудандарында) құрылған. Ақжайық, Қазталов аудандарында екі өрт сөндіру бекетін  ашу  жоспарлануда.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар