31.05.2019, 14:59
Қараулар: 10
Жәрдемақы 41 578 теңгеге өседі

Жәрдемақы 41 578 теңгеге өседі

2019 жылдың 1  шілдесінен  бастап  мүмкіндігі  шектеулі  баланы  тәрбиелеуші  ата-аналар  мен  18  жастан  асқан  бала  жасынан  І  топтағы  мүмкіндігі  шектеулі жанды  күтушіге арналған  жәрдемақы  41 578  теңгеге  өседі.  Бүгінде  облыста  мүгедек  баланы  тәрбиелеуші ата-ана  ретінде  жәрдемақы  алатындар  2571  болса,  екінші санатқа  жататындардың  саны – 564.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Асқар Қожымов мәлім етті. Баспасөз мәслихатында аталмыш филиалдың соңғы үш жылда атқарған жұмыстары баяндалды. Мәселен, 2018  жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы ана ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар төлемнің жаңа түрі – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға ауыстырылды. Олардың жалпы саны 7655 болып отыр. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап  төлем алушыларға жалпы еңбек өтіліне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері қайта есептелген. Барлық төлем алушы базалық зейнетақы төлемдерін әр түрлі мөлшерде ала бастады.

Филиал директорының тағы  бір орынбасары Талғат Асқар «Doing Business» рейтингісінің жай-жапсары жөнінде баян етті. Айта кету керек, Қазақстан әлем-дегі көп мемлекетпен  қатар елдегі бизнес жүргізудің жеңілдігін бағалайтын Дүниежүзілік банктің аталмыш рейтингісіне қатысуда. Ол елдің бизнес ахуалын жақсартудағы Үкіметтің іс-қимылының объективті сыртқы бағасы болып табылады.

– Электрондық мемлекеттік қызметтер тұтынушылар мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланыстың болмауына, тіркеу мерзімдерінің қысқартылуы және қағаз арқылы хат алмасудан арылуға мүмкіндік берді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ тарапынан электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы ақпараттық қызметтерді алуға жағдай жасалды. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы екі анықтаманы электронды цифрлық қолтаңбаның бар не жоқтығына қарамастан халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Анықтамалар жеке және заңды тұлғаларға 30 минут ішінде қағаз және электрондық тасымалдағышта тегін беріледі, – дейді  Талғат Асқарұлы. Ол жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы тіркелген құрылымның заңсыз шешімдері, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету үрдісіне айтқан шағымдары да еліміздің бизнесті жүргізу рейтингісіне әсер ететінін атап өтті.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар