31.05.2019, 14:58
Қараулар: 11
«Көне Сегізсай» симпозиумы өтеді

«Көне Сегізсай» симпозиумы өтеді

Биылғы  11-13  маусым  күндері  Шыңғырлау  ауданында  Есенамантау  үстіртінде  археологиялық  қазба  жұмыстарын  жүргізген  археолог-ғалымдардың қатысуымен  «Көне  Сегізсай»  тақырыбында  далалық  археологтар  симпозиумы  өтеді.  Бұл  туралы  БҚО-ның  өңірлік коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  брифингте  мәлім  болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі облыс әкімдігінің іс-жоспарына сай ұйымдастырылған шараға Ресей Федерациясының Мәскеу, Волгоград, Челябі, Орынбор, Самара қалаларынан, еліміздің Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан әр түрлі жылдары Шыңғырлау ауданында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археологтар келеді.

– Симпозиум Шыңғырлау аудандық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Оның барысында Шыңғырлау ауылында пленарлық жиналыс өтіп, кейін Сегізсай елді мекеніне қарасты Есенамантау үстіртінде Ресей Федерациясы және қазақстандық археологтардың қатысуымен – «Археология ескерткіштерін сақтау және зерттеу.

Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасындағы ескерткіштерді зерттеудің заманауи әдістері, оларды сақтау проблемалары және шешілу жолдарын талқылау мәселелері» тақырыбындағы далалық семинар ұйымдастырылады, – деді Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Тілеген Қалиев. Оның айтуынша, Шыңғырлау ауданында туристік кластерді дамыту жобасына сәйкес Сегізсай қорымы аумағында ашық аспан астындағы музей ашу көзделген. Сондай-ақ сарматтар дәуірінің мыңжылдық кезеңін қамтитын тарихи орынның қасынан өтетін  Самара – Шымкент күре жолының бойына композиция қою – ойдағы шаруа.  Сегізсай алқабында 300-ден аса көне қорым-оба бар болса, сол маңда көне шаһар болуы керек. Қала сол маңдағы көшпейтін Аққұм құмының астында қалуы мүмкін деген де жорамал айтылады.

Басқосуда облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин Сегізсай қорғандар кешенінің зерттелу тарихына, маңыздылығына тоқталды. – Сегізсай қорғандар кешені Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылы және Қаратөбе ауданының Егіндікөл елді мекеніне жақын орналасқан. Сегізсайдың алғашқы зерттелуін 1966 жылы өлкетанушы Г. Багриковтың жетекшілігімен А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты ұйымдастырған. Багриков Сегізсай ауылы маңын қазған кезде ол жерден үстінде көп алтын бұйымы бар адам қаңқасын тапқан. Одан кейін қорғанға ғалымдардың қызығушылығы артып, Мәскеуден Ғылым академиясындағы археология институтының ғалымдары келіп, қазба жұмыстарын жүргізген. Олардың мақсаты бұл кешенді толықтай ашып тастау еді. Бірақ ол жұмыс орта жолда тоқтап қалады. Сондықтан симпозиум өткізу арқылы қайта жүйелі зерттеу жүргізу үшін ғалымдардың назарын осы кешенге аударғымыз келеді. Екінші мәселе, ол жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде қорғандарды жартылай ашып тастаған, қайта қалпына келтірмеген. Бір сөзбен айтқанда, тарихи ескерткіштердің барлығы бұзылған, рекультивация жүргізілмеген. Рухани жаңғыру кезеңінде тарихи ескерткіштеріміздің бұлай ашылыпшашылып жатуы – бізге сын. Сондықтан биліктің, қоғамның назарын аудара отырып, осы мәселені шешуді мақсат тұттық, – деді Жантас Сафуллин. Оның айтуынша, Егіндікөл мен Сегізсай ауылдарының арасы шамамен 12 шақырым, сол аралықты сегіз шағын зираттық кешенге бөлген. Облыстық тарихи өлкетану музейінде сақтаулы тұрған алтын бұйымдар №1 және №2 қорғаннан табылған. №2 қорғаннан сарматтар дәуірінің соңғы кезеңіне жататын дәулетті әйел жерленген екен, ол жерлеу бөлігінің құрылысымен де, шеттен әкелінген, жергілікті емес заттардың көптігімен де ерекшеленеді.  Жауынгер жерленген №1 қорған да дәл осындай боп шыққан.

– Сегізсай кешеніне заманауи технологиямен зерттеулер жүргізілмеген. Обалардың арақашықтығы шамамен жазылған. Сондықтан нақты координаттарын, топографикалық және фотосуреттерін, сызбаларын жасап, қайтадан ғылыми айналымға келтіру – мақсатымыз. Сегізсай қорымы өткен ғасырдың 66-жылдарынан бастап зерттелсе де, археологиялық қазба жұмыстарының есебі, нәтижесі әлі күнге көпшілікке белгісіз, сондықтан сол зерттеулердің нәтижелерін жинақ қылып шығармақпыз, – деді Ж. Сафуллин.

Жақында Сегізсай кешені Қазақстанның қасиетті нысандарының қатарына енді. Болашақта ол ғалымдардың зерттеу нысанына айналып, инфрақұрылымдар тартылып, келешекте туризм орталықтарының  біріне  айналмақ.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»