31.05.2019, 14:55
Қараулар: 204
Талантты егіздер әулеті

Талантты егіздер әулеті

Замир мен Гүлнара Қабиевтер – қос егіз тәрбиелеп отырған жас жанұя. Теректі ауданының орталығы Федоров ауылында тұратын өнерлі отбасының тұңғыш егіздері  жеті жасар Сұлтан мен Бейбарыс жуырда Ташкент қаласында өтетін халықаралық  ән  байқауына  аттанбақ.

– Тұңғыш егіздеріміз студент кезімізде өмірге келді. Ол кезде жасымыз небары 19-да болатын. Жұбайым Замирдің отбасында егіздер бар екенін білетінмін. Аяғым ауыр кезде УЗИ-ге түстім. Сонда  дәрігер «Сізде егіз ұл бала болады» деді. Қатты толқып, уайымдағаным  сондай, УЗИ кушеткасында жатып, жүрегім айнып кетті. Бір жағынан сене алар емеспін. Есіктің сыртында күтіп отырған Замирге барып, «Біздің егіз баламыз болады екен» дедім.  Ол да алғашында абдырап, үндемей қалды. Содан кейін өз-өзімізге келе бастадық. Өзім арық болғасын, құрсағымдағы сәбидің егіз екені жүктіліктің соңғы айларында мықтап  сезіле бастады. Өйткені, біреуінің басы ішімнің оң жағынан бұлтиып тұрса, екіншісі, сол жағымнан байқалып тұратын. Сұлтан үш келі үш жүз грамм, Бейбарыс екі келі жарым болып дүниеге келді. Балаларымызды аман-есен жарық дүниеге әкелгеніме қуандым. Екінші егіздер 24 жасымызда дүниеге келді. Ол кезде де УЗИ құрылғысы егіз екенін көрсетті. Жұбайым Замир 24 жасымда көп балалы әке атанамын деп қуанып жүрді. Ал мен қатты уайымдадым. Өйткені біреуі мазасызданып жыласа, екіншісі, жылайды, сондай сәттерде физикалық тұрғыда шаршап кетесің. Аллаға шүкір,  қазір кенже егіздеріміздің өзі үш жаста, – дейді алтын құрсақты ана Гүлнара Қабиева.

Отағасы Замир Ғарифоллаұлы – Федоров ауылындағы қазақ жалпы орта білім беретін мектепте алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол  2007 жылы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түскен.

Екінші курста ортақ достары арқылы болашақ жары Гүлнарамен Орал қаласындағы Жұбан тынымбағында танысып, үшінші курста шаңырақ көтерген. Сол жылы тұңғыш егіздері дүниеге келеді. Оқу бітірген соң туған жері Теректі ауданының Социализм ауылында «Жастар практикасы» негізінде бір жыл жұмыс жасап, мамандығы бойынша М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да білімін жетілдіреді. Университетті бітірер жылы да Әмір, Томирис атты егіздердің әкесі атанады. 2015 жылы оқуды тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Теректі ауданының орталығы Федоров ауылына барып, бүгінде сонда еңбек етуде. Жұбайы Гүлнара Мақсотқызы – аудандық мәдениет үйінде  хатшы-оператор. Негізгі мамандығы – қаржыгер. Орал шаһарындағы «Андас» оқу орталығын тәмамдаған.

Байқауларда   бақтары   жанды

Тұңғыштары Сұлтан мен Бейбарыстың ән айтуға деген ықыластары кішкентай кездерінен-ақ  ерекше болған. Олар екі жасынан бастап орындыққа шығып алып, ән шырқайды екен. Әкесі Замир балаларының өнерге деген ынта-ықыласына алғашында мән бермеген. Ұл бала болған соң денсаулығы үшін спорт саласын таңдағанын қалаған. Бірде отағасы Замирдің апасы тұрмысқа шығатын болады. Тойдың үстінде  ән  айтамыз деп қоймаған ұлдарына  микрофон ұстатып, өлең айтуға мүмкіндік береді. Мейрамханадағы лық толы адамнан қысылмастан билеп, «Анашым, қартаймашы, жалынамын» әнін еркін орындап  шыққанда ғана барып қос ұлының өнерін жетілдіру қажеттігін түсінеді. Федоров ауылына келген соң ата-анасы балаларын аудандық саз мектебіне береді. Ол кезде егіздердің жасы небары төртте болған.  Содан Сұлтан мен Бейбарыс бес жасында алғаш рет аудандық «Балдәурен» байқауына қатысып, бас жүлде иеленеді. Сол жылы Орал қаласында өткен облыстық  «Ақ көгершін»  байқауынан да бірінші орын жеңіп алады. Байқаудан соң Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық кезеңіне жолдама алады. Жас отбасы ұлдарының бұл жетістігіне жүрегі жарылардай қуанып, ішкі қобалжумен  Нұр-Сұлтан қаласына аттанып кетеді. Елордасында  ұйымдастырылған «Ақ көгершін» республикалық байқауында өнер көрсеткен егіздер көрерменді өнерімен тәнті қылып, бірінші орынға ие болады.  Кейін 2016 жылы Орал қаласында «Қазақстан таланттары»  атты ән байқауынан  тағы да бірінші орын алып, Алматы қаласында өтетін халықаралық «Біз бақытты баламыз!» атты байқауға қатысады. Бұл өнер байқауының да бас жүлдесін иеленген Сұлтан мен Бейбарысты әділқазылар алқасының мүшесі болған, елімізге белгілі әнші Айжан Нұрмағамбетова балғындарға арналған  телевизиялық байқауға шақырады. Онда еліміздің өнер жұлдыздары «Меломен» тобының жігіттерімен ән айтқан. Содан соң биыл Орал қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Таңғы шұғыла» байқауына қатысып, тағы да бас жүлде иеленеді. Енді қос бүлдіршін балалар мен жасөспірімдерге арналған Ташкент қаласында өтетін халықаралық кезеңіне қатысу үшін жолға шықпақ.  Талантты егіздер  ән айту өнерімен қоса, каратэ үйірмесіне  қатысады екен. Бүгінде сары белбеу иегерлері.

«Әке – балаға сыншы» демекші, шағын мемлекеттің отағасы Замир мен Гүлнара – өнерге жақын жандар. Аудандық «Дат» театрының белді әртістері. Отбасы құндылығын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру  мақсатында  ұйымдастырылатын аудандық шаралар мен байқаулардың бірнеше мәрте бас жүлделерін иеленген. Сондай-ақ облыстық «Алтын ұя» және «Өнер шамшырағы» атты байқауларынан үшінші орын алса, былтыр облыстық «Асыл ана» байқауынан бас жүлде алғанына куәміз. Көп балалы ана Гүлнара Мақсотқызы биыл 8 наурыз – ха-лықаралық әйелдер күніне орай  облыс әкімінің алғысхатына ие болған. Жұмыстан тыс уақытта қосымша қаржы табу үшін бұл отбасы арнайы музыкалық аппарат сатып алған. Сенбі-жексенбі күндері той-томалаққа шығып, ән айтады екен.

«Сахнада   танымай   қаламыз»

– Балаларды кез келген байқауға жеңеміз деген үмітпен алып барамыз. Шынын айтайын, үйде жүргенде еркелеп, жылап жүретін баламызды сахнаға шыққанда танымай қаламыз. Сахнада көрсететін өздеріне тән қылықтары, билеу мәнері бар. Кейбір адамдар дауыстарын жаздыртып алып, өлең айтатын шығар деп ойлайды. Бірақ конкурстардың барлығы да табиғи дауыста өтеді. Кейде ата-аналарымыз балаларға тіл-көз тимесін деп уайымдап жатады. Сондай кезде жұбайымның ұшықтайтын әдістері бар. Аяқ асты ауырғанда иттің қылын қиып алып, өртеп иіскеткен кездеріміз болды. Сіріңкемен, сумен ұшықтайды. Жалпы, біз – бақытты жанұямыз. Ата-анамыз аман. Олар бізді ойлап, қолдарындағы барын беріп жатады. Балаларымыздың дені сау. Содан артық қандай байлық керек?! Баламен бала болып, үйдің ішінде «тығылыспақ», «соқыр теке», «ақ серек, көк серек», ал сыртта  футбол ойнаймыз. Одан қала берді, балаларды арқама отырғызып алып ат боламын. Былтыр Федоров ауылынан баспана алдық. Балаларымызды байқаулардың барлығына апарып, талантын  шыңдағымыз келеді. Бірақ бәріне бару мүмкін болмайды. Өйткені жол шығынына, киім тігуге мол қаржы қажет. Біздің тұрақты қолдаушымыз деп «Теректі» шаруа қожалығының директоры Сержан Идиятов ағаны айтар едім. Ол кісі балалардың қалын сұрап, қолдан келген көмегін беріп келеді. Енді Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауға дайындалып жүрміз. Шетелдік төлқұжатқа, жолақыға, киім тігуге қаржы табуымыз керек. Қолдауға мұқтаж екенімізді де жасырмаймыз, – дейді Замир Қабиев.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар