31.05.2019, 14:54
Қараулар: 201
Өлкетануға кең өріс

Өлкетануға кең өріс

М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  «Рухани  жаңғыру» институты  ұйымдастырған  «Әдеби  өлкетану: қоғамдық  сананы  рухани  жаңғырту»  атты  монография  мен  хрестоматияның  тұсаукесері  өтті.

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған грант қаржысын ұтып алған филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зейнолла Мүтиев бастаған топ ғылыми жобаны тыңғылықты атқаруда. «Қоғамдық сананы рухани жаңғырту» атты монография әдеби өлкетану бағытын ғылыми-әдістемелік негізде жандандырып отыр.

Монографияны оқу бағдарламасы талабына сай кеңінен қолданысқа енгізуге болатын тәрбиелік маңызы зор еңбек деп бағалаймыз, – деді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, тарих  ғылымдарының  докторы  Әсет  Тасмағанбетов.

Шарада Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз алды.

– Ақ Жайық өңірі ақын-жазушыларының қазақ әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Хамза Есенжанов, Қажым Жұмалиев сияқты туған өлке тұлғаларын зерделеу ілгеріден басталды. Бірақ есімі ескерусіз қалған қаламгерлердің де шығармашылығын жаңғыртып, әдеби мұ-раларын жарыққа шығару – игі мақсат. Қазіргі кезде барлық салада цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Смартфон мен планшеттен «Әдебиет» порталындағы зерттеу еңбектері мен ақын-жазушылардың жаңа туындыларын оқып отырамыз. Сондықтан монографияны насихаттау өңір деңгейінде қалып қоймай, жаңа технологиямен еліміздегі ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің, жалпы оқырман қауымның назарына ұсыну жолын қарастыру керек, – деді Ақұштап  Бақтыгереева.

БҚМУ-да ұзақ жыл еңбек еткен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Меруерт Жолдықайырова мен соғыс ардагері, тарихшы Қалам Сүйінішәлиев өлкетану бағытындағы зерттеу аясын кеңейткен монографияның жарық көруіне үлес қосқандарға ризашылығын жеткізді. Ғылыми еңбекте шығармашылығы қамтылған авторлар туралы естеліктерімен бөліскен ардагержурналист Тихон Әліпқалиев «Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов, Жәрдем Тілеков туралы бірер сөз» айтса, ақын Айтқали Нәріков «Боранғали Ырзабаев – өлең сөзде орны бар ақын» деп, тарихшы-ғалым Сайлау Сүлейменов «Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков шығармашылығын тану туралы», БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Берқайыр Аманшин шығармашылығындағы Әбілқайыр хан, Махамбет бейнесі хақында» ой толғады. Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш мұраларының зерттелу жайына тоқталған белгілі журналист Қазыбек Қабжан әдеби өлкетануды тарихи деректермен қатар қаузауды ұсынса, Абдолла Жұмағалиев туралы сыр шерткен тележурналист Мұнайдар Балмолда ақынның мәйітін табу, басына белгі қою мәселесіне назар аудару  қажеттігін  айтты.

– Әдеби-аймақтық зерттеу аясында жан-жақты іздендік. Башқұртстанға ғылыми сапар жасадым. Былтыр басталған монография жұмысына 12 ақын-жазушы шығармашылығын енгіздік. Олардың арасында тұтас бір кітап арнауға болатын тұлғалар болды. Монография көлеміне сай шектелуімізге тура келгенімен, басты мақсат орындалды. Зерттеу нысанасын тәуелсіз еліміздің, қазіргі ұрпақ көзқарасына сай бағамдадық. Ғылыми еңбектің жарық көруіне қолдау танытқан университет басшылығына, әріптестеріме алғыс айтамын. Жоба ауқымында зерттеу жалғасады. Биыл 14, келесі жылы 20 ақын-жазушының шығармашылығын қамтимыз. Алғашқы жарияланымда Халима Өтеғалиева, Сағынғали Сейітов, Боранғали Ырзабаев сынды есімі елеусіз қалып жататын ақындардың туындылары талданды.

Басқосуға қатысқандардың ұсыныс-пікірлерін ескереміз. Алдымызда өлке әдебиетінің негізін қалаушылар туралы тың деректер табу міндеті тұр, – деді монография авторы Зейнолла Мүтиев.

Айта кетейік, ғылыми жобаның жетекшісі, БҚМУ доценті, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Зейнолла Жақсылықұлы – 200-ден астам ғылыми-зерттеу, педагогикалық-әдістемелік еңбектің, оқу құралдары мен бағдарламалардың  авторы.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар