31.05.2019, 14:52
Қараулар: 8
Коллектор тағы сыр берді

Коллектор тағы сыр берді

Сәрсенбі күннің кешінде Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде №19А кәріз сорғы стансасына жақын құбырдың (коллектор) бұзылуына байланысты болған ірі апат салдарынан қаланың 120 мыңға тарта тұрғыны ауыз сусыз қалды. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Нұр Төлеуғалиевтің айтуынша, диаметрі 800 миллиметрлік кәріз жүйесі құбырының тесілгені анықталды. «Батыс су арнасы» ЖШС құбырды жөндеуге 70 адам мен 39 техниканы жұмылдырған. Бригада құбыр ішіндегі лас суды тазартуда. Кәріз жүйесі істен шығуының негізгі себебі анықталып жатыр. Бұл коллектор бұған дейін де бірнеше мәрте тесіліп, жыл сайын қалалықтарды  әуре-сарсаңға  салып  келеді.

– Төтенше жағдай болған күні қаланың солтүстік-шығыс аумағы, ал Зашаған кенті мен қала орталығының кейбір шағынаудандарындағы үйлерде ыстық және салқын су тоқтатылды. Түнде Зашаған кентінің кәріз жүйесіне су жіберілді. Қазіргі уақытта қаланың солтүстік-шығыс бөлігін мекендеген 60 мыңдай тұрғын сусыз отыр. Жөндеу жұмысы тәулік бойы жүргізілуде. Техника күшімен лас су айдалған соң, коллекторды қалпына келтіру басталады. Жұмыс комиссиясы апат себебін анықтаумен айналысуда. Қаладағы бірнеше нысаннан апат салдарынан судан ажыраған мекемелер мен тұрғындар үйлеріне су тасымалы ұйымдастырылуда. Шыны талшықтарынан жасалған құбыр Деркөлде 2009 жылы орнатылған. Коллектордың ұзындығы 7,5 шақырым шамасында. Материалы өте сапасыз. Құбырды ауыстыруға байланысты жобалық-сметалық құжат дайын. Жуық арада конкурс арқылы мердігерді анықтаймыз. Қаржы бөлінген соң құбырды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Аяқ астынан болған қолайсыз жағдайға байланысты  тұрғын-дардан түсіністік танытуын сұраймыз. «Батыс су арнасы» ЖШС жөндеу жұмысын  үш күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр, – деді Орал қаласы әкімінің  орынбасары  Сергей  Доля.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар