31.05.2019, 14:51
Қараулар: 8
13 аутокөлік кілті табысталды

13 аутокөлік кілті табысталды

Облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали  Есқалиев өңірімізде  жаңадан  ашылған    фитосанитарлық бекеттер  мен  өсімдік  зиянкестері  мен  ауруларына қарсы  зерттеу  жұмыстарын  жүргізетін  мекемелерге  13 аутокөліктің  кілтін  табыс  етті. Сонымен  қатар  осы  науқандық  жұмыстарды  жүргізетін  мекемелердегі  техникалардың  жай-күйімен  танысты.

Атап айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан су жаңа 7 LADA-21214 және УАЗ Hunter аутокөліктері  ҚР АШМ АӨК МИК республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалдарына берілді. Ал аталмыш министрліктің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №158 бұйрығына сәйкес, облыста ашылып жатқан фитосанитарлық бақылау бекеттерін аутокөлікпен қамтамасыз ету үшін аудандық аумақтық инспекцияларға 6 бірлік LADA-21214 аутокөлігі  республикалық бюджет есебінен алынды. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесінде өңірдегі химиялық өңдеу жұмыстарын «Өсімдік қорғау-МКОК», «Дельта-юг» әуекомпаниясы, «Агролюкс», «Агро СЛА» және «ЗапКазФумигация» ЖШС-лар жүргізеді. Аталмыш кәсіпорындардың дайындығы және облыс аумағында аса қауіпті зиянды ағзалар мен карантиндік нысандарға қарсы жүргізілетін науқандық жұмыстардың әзірлігі Ғали Нәжімеденұлының төрағалық етуімен өткен жиналыста талқыланды.

– Аса қауіпті ағзаларға қарсы химиялық өңдеу жүргізу жұмыстарын мұқият орындап, пестицидтерді ысырапсыз шашу нормасын сақтап пайдалану қажет. Техникалар жүргізетін өңдеу жұмыстарын қадағалап, науқандық жұмысты өзара ұйымшылдықпен атқаруымыз керек. Облыстағы аса қауіпті зиянды ағзалардың таралмауын және ауыл шаруашылығы дақылдарына, жайылымдар мен шабындықтарға зиян келтірмеуіне қол жеткізу керек, – деді Ғали Нәжімеденұлы жиын барысында.

Жиында алдымен сөз алған ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов өңірдегі аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы жүргізілетін науқандық жұмыстардың әзірлігі мен атқарылатыны жөнінде баяндады. Биыл облыста үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 155,1 мың гектар жерге жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ егіншілікпен айналысатын Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында кандала  бақашығына қарсы 11,0 мың га және астық қоңызына 5,0 мың га жерге химиялық өңдеу жүргізілмек. Улау жұмыстарына қолданылатын диурон, даклоприд, комбат, имидор, лятрин пестицидтер аудандарға  жеткізілген.

– 2011 жылы Кедендік одақтың құрылуына орай өсімдіктер карантині саласында қысқартылған бекеттер қайтадан жасақталып, Қазақстан – Ресей шекара өткізу пункттерінің қасынан фитосанитариялық бекеттер ашылуда. Жыл басынан бері мобильдік топ 373 аутокөліктегі 5639 тонна өнімді тексерді. Солардың ішіндегі 38 аутокөлікке тиелген 605 тонна өнімде тиісті карантиндік құжаттары дұрыс болмағандықтан, кері қайтарылды. Былтыр 12 910 тонна өнім тексеріліп, оның 19 аутокөлікке тиелген 409 тоннасы кері қайтарылды. Биыл 1,6 млн. теңгеден аса айыппұл салынып, өндірілді. Биыл ашылатын алты фитосанитарлық бақылау бекеттің «Сырым» және «Тасқала» бекеттері жұмыстарын тұрақты атқаруда.  Қажетті 24 штат  бірлігі мәселесі шешімін табу алдында. Бекеттер сараптама өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен толығымен қамтылған, – деді Лавр Рашидұлы. Биыл карантиндік-фитосанитарлық қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 400-бабы бойынша 50 әкімшілік іс қозғалып, 2,8 млн. теңге айыппұл салынған.

Жиналыс барысында ҚР АШМ  АӨК МИК республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының басшысы Алтай Алдабергенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев аса қауіпті зиянды ағзаларға және үйірсіз шегірткелерге қарсы жүргізілетін жұмыстар жөнінде баян етті. Сондай-ақ Сырым және Қаратөбе аудандық аумақтық инспекция басшылары да өз жұмыстарымен таныстырып өтті. Жиналыс соңында хаттамалық  шешім  қабылданды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар