31.05.2019, 14:50
Қараулар: 242
Жаңа жоба ет экспортына тың серпін бермек

Жаңа жоба ет экспортына тың серпін бермек

Қазталов  ауданына  іссапармен  келген  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  қостанайлық  «Ет  индустриясы» агрохолдингінің  жұмысымен  танысып,  инвесторлармен  кездесті. Кездесуде  Бөкей  ордасы,  Жәнібек,  Жаңақала, Ақжайық  аудандарының  әкімдері  мен  шаруа  қожалық  жетекшілері  болды.

Талдыапан ауылдық округінде «Ет индустриясы» агрокешені мал бордақылау алаңын салуды бастап кетті. Қолға алынған жобаның жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайды. Бес мың ірі қараға арналған бұл кешенде жылына екі рет мал бордақыланып, жоғары  сортты  ет  өндірілмек.

Бүгінгі таңда ірі жобаны қолға алған инвестор осы аумақта мал бордақылау кешенінің құрылысымен қатар, суармалы жерлерді де өңдеуде. 11 шақырымдық «Лиман 55» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Дөңгелек су қоймасынан келетін су қоры Талдыапан ауылдық округі Қайшақұдық ауылы маңындағы суармалы жерлер мен көлдетіп суару алқаптарына молынан жетпек. Яғни «Лиман 55» су жүргізу каналы бойында орналасқан 500 гектар суармалы жерді жыртып, оның 160 гектарына судан шөбі, 40 гектарына сұлы, эспарцет, кострец, 300 гектарына жүгері сияқты мал азықтары егілген. Сонымен қатар 20 шақырымдық жерге электронды бақташы жүйесі енгізілген. Ал құрылыс жұмыстарына келсек, мал ұстайтын шарбақ, бес мың малды бордақылау кешені, мал азығын сақтайтын қойма сияқты маңызды нысандардың құрылысы басталған.

– Нұр-Сұлтан қаласында өткен Парламенттік тыңдауға қатысып келдім. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын депутаттарға баяндадым. Халық қалаулылары өз кезегінде Парламенттік отырыста көтерілген мәселелерді алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің серпінді дамуын Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Сондай-ақ Президент облысымызға келген сапарында өңіріміз етті мал шаруашылығын дамыту үшін қажет әлеуетке ие екенін атап өтті. Елбасы тапсырмасына сәйкес, соңғы төрт жылда 8 ирригациялық нысан жөнделді, тағы 17 гидротехникалық құрылыстың ЖСҚ-сы әзірленуде. Олар өңірдегі етті бағыттағы мал басын ұлғайтуға өз әсерін тигізеді, – деген өңір басшысы қожалық жетекшілерінің ұсыныс-тілектерін  тыңдады.

– Біздің жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде бес мың малды бордақылау алаңын салуды көздеп отырса, екіншісінде,  20 мың мал бордақыланбақшы. Бүгінде агрокешеннің құрылыс жұмыстарында 100 адам жұмысқа тартылса, ашылғаннан кейін 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақпыз. Жаңа мал бордақылау кешенінде салмағы 600 келіге дейін тартатын ірі қара малы өсірілмек. Жоспарымыз бойынша ішкі нарыққа және  Ресей, Өзбекстан, Иран секілді шет мемлекеттеріне ет экспортталмақ, – дейді «Ет индустриясы» агрокешенінің директоры Қайыржан Наурызғалиев.

Тұрарбек  АҚМУРЗИН,

Қазталов  ауданы