28.05.2019, 16:31
Қараулар: 9
Жаңарып- жаңғырған Жалпақтал!

Жаңарып- жаңғырған Жалпақтал!

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты бағдарламалық  сипаттағы мақаласында  «Туған  жер» бағдарламасын  қолға  алуды ұсынып,  отансүйгіштік  сезімнің  кіндік қаның  тамған  жеріңе,  өскен ауылыңа,  қалаң  мен  өңіріңе, яғни  туған  жеріңе  деген  сүйіспеншіліктен  басталатынын қадап  айтқан  болатын.

Жалпақтал ауылында өз туған өлкесінің көркеюіне атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Ауыл мектебін әр жылы бітірген түлектер туған жерлеріне тамаша тарту жасады. Айта кетейік, соңғы жылдары мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер өз туған ауылдарына қолтаңбаларын қалдырып, ауылдың көркеюіне үлестерін қосып келеді. Бұл үрдіс 2013 жылы 1969 жылғылардың орталық көшеге жаңа алаң мен субұрқақ салудан басталған еді.

Әр жылғы түлектер өз қаражаттарымен ауылдық мешітті қалпына келтіріп, балалар ойын алаңы мен футбол алаңын ел игілігіне пайдалануға берді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталары жаңартылып, «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық диодты тақта, ауылға кіреберіс жолға ауыл аты жазылған конструкциялық белгі орнатылды. Ал былтырғы жылы меценат Мерғат Ахметов демеушілік танытып, белгілі суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш тақта орнатса, 1966 жылғы түлектер «Батырлар аллеясын», 1978 жылғы түлектердің бастамасымен жастар саябағы қайта жаңғырса, 1981 жылы туған, мектепті 1998 жылы бітірген түлектер заманауи «Street WorkOut» жаттығу спорт алаңын сыйға тартты.

Жылдан-жылға жаңарып-жаңғырып келе жатқан Жалпақтал ауылы биыл төрт әсем нысанмен толықты. 50 жылдық тарихы бар Ғ. Молдашев атындағы орта мектептің 1989 жылғы түлектері ұшқан  ұяларына қазіргі заманға сай  футбол алаңын сыйлады. Бұл жұмыстарға мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер 8 млн. теңгенің  қаражатын  жұмсаған.

Салтанатты шараға қатысқан Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков тұрғындарды футбол алаңының ашылуымен құттықтап, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Былғары доп – 2019» республикалық жарысында облыс, аудан намысын қорғаған Ғ. Молдашев атындағы орта мектеп  командасын  марапаттады.

Сол күні 1979 жылы мектеп бітірген түлектердің тартуымен «Толағай» баскетбол, волейбол алаңының,  1979 жылғы түлектердің тартуымен орталық алаңда құны 2 миллион теңге тұратын мұнаралық сағаттың ашылуы өтті.

Ал  мектепті осыдан 20 жыл бұрын бітірген түлектердің бастамасымен жастар жылына орай Жастар саябағы қайта жаңғырды. Былтырғы 40 жылдықтардың игі істерін жалғастырған олар Жастар саябағында ратонды сыйға тартып, айналасына отырғыштар қойды.

Шараға жиналғандар: «Жарайсыңдар, жалпақталдық  түлектер! Туған жерді түлетуге қосқан үлестеріңізге ел риза!» – деген жүрекжарды ризашылықтарын арнап жатты. Перзенттік парызды өтеу – осындай-ақ болар. Ең бастысы, түлектер ауылдарына әдемі тартуларын ұсынып, ел мерейін еселеп, жұртшылық көңіліне ерекше серпіліс сыйлады.

Тұрарбек  ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ, 

Жалпақтал  ауылы,

Қазталов  ауданы