28.05.2019, 16:31
Қараулар: 195
Жұмыс барысы қатаң бақылауда

Жұмыс барысы қатаң бақылауда

Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс орталығын жөндеу, қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатқан бірқатар маңызды нысанға барды.

Ең алдымен, қала орталығындағы Есқалиев көшесінің бойындағы 149, 151, 153-үйлерді бұзу, орнын тазалау жұмыстарымен танысқан өңір басшысы апатты деп танылған үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Бірнеше жылдан бері баспананы жаңалау мәселесін көтеріп жүрген жандар атынан Гүлжиян Өтешқызы және Гүлнәр Сәрсенғалиева сөз алып, Елбасы бастамасымен қолға алынған игі істі жүзеге асыруға атсалысып жүрген ел азаматтарына алғыс білдірді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев апатты үйдің тұрғындарын уақытша баспанаға орналастыру жайымен, ескі баспана орнына жаңасын тұрғызуды қолға алған мердігер компания – «Альтаир» ЖШС-ның бас директоры Сергей Потиченко құрылыс жобасымен таныстырды.

– Бүгінгі таңда апатты үйлерді жою өзекті мәселеге айналып отыр. Облыс орталығында жалпы саны 40-тан астам апатты үй болса, оның 12-сі бұзылып, орнына жаңа баспана салынды. Соның арқасында 200-ден астам отбасы жаңа үйде жайлы тірлік кешуде. Ескі үйлерді жаңалау жұмысы орам (квартал) бойынша жүзеге асырылуда. Мәселен, қазіргі таңда «Ақжайық» стадионы аумағы мен қалалық полиция бөлімі маңында жаңа үйлер салынуда. Алдағы уақытта тағы 15 үй бұзылып, орнына жаңасы бой көтереді. Бүгінгі ысырылған үш үйдің де салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен, сол себепті қыста шатыры құлап, тұрғындардың өміріне қауіп төнген болатын. Апатты жағдайдағы баспаналарды жаңалау жұмыстарының барлығы дерлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Демек, барлық шығын инвесторлар тарапынан, жергілікті бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Әкімдік тарапынан жердің құжаттарын рәсімдеу және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан уақытта тұрғындарды уақытша баспанаға орналастыру мәселесін шешу ұйымдастырылады. Ал ескі үйдің тұрғындары жаңадан бой көтерген үйден бұрынғы баспанасының аумағынан кем болмайтын пәтер иеленіп, қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы нарық бағасына сәйкес саттыққа шығарады. Қаланың ескі бөлігіндегі құрылыс жұмысын жүргізетін мердігер компанияларға қойылатын басты талап – жаңа баспана архитектурасын тарихи қалыпта сақтау.

Айта кетерлігі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы өңірімізге сапары барысында апатты үйлер мәселесі талқыланып, аталмыш бағытта бізге қолдау көрсетілетін болды. Осы ретте ел Президентінің тапсырмасына сәйкес «Қарашығанақ» компаниясының қаражатына тоғыз қабатты 2 үй салынады. Алдағы жылы қолданысқа берілетін бұл екі үйге апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары көшіріледі. Нәтижесінде жалпы саны 240 пәтер өз иесін табады деп жоспарлануда, – деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы сонымен қатар халық арасында «Омега» көпірі атанып өткелді жаңарту-кеңейту барысымен танысты. Жұмысты орындауға жауапты «КА-СТРОЙ ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің мәлімдеуінше, қазіргі кезде құрылыс алаңында жалпы саны 87 адам таңғы сағат 7.30-дан түнгі 12.00-ге дейін екі ауысыммен жұмыс істеуде. Жалпы саны 140 көпір тіреуінің 120-сы дайын. Тіреулерді тұрғызу жұмыстары 10-15 күнде аяқталады деп жоспарлануда. Алтай Сейдірұлы бұрғылау, құрылыс материалдарын қабылдау барысын бақылап, құрылыс компаниясы басшылығына жұмысшылардың еңбекақыларын уақтылы төлеп отыруды тапсырды. Сондай-ақ көпірге екі тараптан кіреберіс жолдарды ең алдымен аяқтау, құрылыс материалдарының сапасын назарда ұстау жайы, құрылыс жұмыстарының барысы облыс басшылығының қатаң бақылауында болатындығы баса айтылды.

Облыс орталығындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан 12 қабатты төрт үйдің қасбетін жаңарту ісі жуырда қолға алынған болатын. Осы жұмыс барысын да шолып қайтқан облыс әкіміне учаске басшысы Олег Пасконов мән-жайды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі кезде екі үйді жаңалау жұмысы бір мезгілде қатар жүргізіліп жатыр екен. Қасбетті әрлеу жұмыстарына 10-20 жылдан астам кепілдігі бар финдік әрлеу құралдары қолданылуда. Алтай Сейдірұлы орындалып жатқан жұмыс барысына оң бағасын беріп, ең бастысы, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыстың сапалы болуын қамтамасыз ету екендігін айтты.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар