28.05.2019, 16:29
Қараулар: 196
«Аттандық сапарға, Көңілде мол арман…»

«Аттандық сапарға, Көңілде мол арман…»

Облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  Орал  қаласындағы Назарбаев зияткерлік  мектебінің, Ж. Молдағалиев атындағы  №2  және  №33  жалпы  орта  білім  беретін мектептердің  соңғы  қоңырау  салтанатына  қатысты.

Биылғы жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің қабырғасынан 71 түлек жаңа өмірге қадам басуда. Олардың 13-і – «Алтын белгі», 18-і ерекше аттестаттан үміткер. Аталмыш білім ошағының директоры Тимур Нұркешовтың мәлімдеуінше, оқу жылы барысында 7 шәкірт халықаралық, 53-і республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанған. Мәселен, «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық конкурсында мектеп оқушылары Ержан Жамашев, Данияр Жарқынұлы, Эламир Қадырғалеев бірінші орын алып, жарыс нәтижесінде Ержан мен Даниярға Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты тағайындалған. 10-сынып оқушысы, жас эколог Альнур Кариннің зерттеуі  Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында III орынға лайық деп танылса, Нұр-Сұлтан қаласында 700 оқушы қатысқан Scholars Cup олимпиадасында 8-сынып оқушылары 19 алтын, 28 күміс медаль иеленді. Күні кеше 11-сынып оқушысы Мәди Лұқманов экономикадан республикалық олимпиадада 1-орынды иеленді. Енді Мәди жаз айында Санкт-Петербургте өтетін халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды. Айта кетерлігі, биылғы  мектеп түлектері қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленіп отыр. Олардың арасында бірден бірнеше университеттен шақырту алған шәкірттер бар. Мәселен, Алина Молдағалиева шетелдік 11, Асланбек Кажиахметов пен Мадина Мұратова төрт, Сұлтан Ярылгасимов  екі университеттен шақырту алған.  2018-2019 оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар: Ержан Жамашев Стенфорд университетінің (АҚШ), Дильназ Қуанова Колумбия университетінің (Нью-Йорк, АҚШ) жазғы лагерінде білім алу мүмкіндігін иеленген.

Оқу жылын толағай табыспен тәмамдаған мектеп ұжымын облыс басшысы Алтай Көлгінов құттықтап, түлектерге сәтті сапар тіледі.

– Білім – қоғам игілігі. Оның нәтижесі мемлекет үшін өте маңызды. Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өтіп, Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дами түсуіне қызмет етер негізгі фактор білім екендігін баса айтты. Биылғы оқу жылында мектеп қабырғасынан жалпы саны 5032 түлек үлкен өмірге қанаттанса, олардың 343-і – «Алтын белгі» иегерлері.

Бүгінгі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістері мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналуда. Ал мемлекет дамуында жоғары мән-маңызға ие білім саласын қаржыландыру көрсеткіші жыл санап артып келеді. Тек біздің өңіріміз бойынша аталмыш салаға бес жыл бұрын 45 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы оның көлемі 20 млрд.-қа артты. Еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеу бағытында тер төгіп жүрген білім саласы қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Шынтуайтында, ұстаздың еңбегі лайықты бағаланатын қоғамның табысы мол болары анық. Бүгінде өңірімізде 12 мыңнан астам педагог қызмет етуде. Мұғалімдердің мәртебесін  арттыру мақсатында биылғы жылы арнайы заң қабылданады. Сонымен қатар Елбасының тапсырмасы бойынша ұстаздардың жалақы деңгейі 30 пайызға көтерілген болса, ағымдағы жылдың  1 маусымынан бастап тағы 30 пайызға арттыру көзделуде. Осылайша, білім саласында еңбек етіп жүрген 56 мыңнан астам қызметкердің жалақысы артады, – деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.

Кезінде аталмыш мектептің білікті басшысы болған, бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Қадырова салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде қатысып, игі лебізін арнады.

Салтанатты шара барысында робототехника бойынша «WRO-2018 Kazakhstan» республикалық олимпиадасының жеңімпазы, аталмыш білім байқауының әлемдік кезеңі Құрмет грамотасының иегері, «Yakutia International Science Games» халықаралық олимпиадасының қатысушысы, қызмет көрсету сапасын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі – Mojidet жобасының негізін қалаушыларының бірі, INFOMATRIX-ASIA халықаралық байқауының жеңімпазы, 10-сынып оқушысы Жарқынұлы Данияр «Жылдың үздік оқушысы» деп танылды. «Назарбаев зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында «NIS Awards» кинофестивалін ұйымдастырғаны үшін 11-сынып оқушысы Ахметқали Айнұрға «Үздік идея иесі» аталымы, мектептің дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық әдістемелік бірлестігінің мұғалімдеріне ата-аналармен жұмыс бағытындағы тартымды жобалары үшін «NIS дәстүрлері» аталымы табысталды. Ал «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында әлеуметтік серіктестермен жұмыста белсенділік танытқаны үшін «Қайырымды жүрек» аталымымен «Бәйтерек» шаңырағы марапатталса, «Жылдың үздік шаңырағы» аталымы «Алаш» шаңырағының оқушыларына табысталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Қарағанды қаласына барады.

Облыс орталығындағы №2 және №33 мектептер ұжымының бірлескен салтанатты шарасына қатысқан өңір басшысы мектеп ұжымын кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, өмірдің жаңа белесіне қадам басқан жас түлектерге жылы лебізін білдірді.

– Қазақстанның болашағы өздеріңіздей білімге құштар ұрпақтың қолында. Ал мемлекет бүгінгі жастар алаңсыз білім алуы үшін бар жағдайды жасауда. Оны жыл сайын білім беру саласына бөлінетін бюджеттік қаражаттың артуынан, еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер мен жоғары оқу орындарының бой көтеруінен анық байқауға болады. Біздің облысымызда да білім саласына баса мән беріліп келеді. Жуырда өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды оқытуды толықтай жойып, апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді тапсырған болатын. Осы бағытта бұрыннан бастау алған жұмыстар бүгінде жалғасын табуда. Мәселен, қаламыздағы №33 мектептің ғимараты ескі болуына байланысты апатты деп танылып, бүгінде аталмыш білім ордасының шәкірттері №2 мектептің базасында білім алуда. Алдағы уақытта апатты мектептің орнына жаңа ғимарат бой көтеріп, су жаңа білім ошағында сапалы білім алу мүмкіндігі туады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, бүгінде таудай талаппен арман асуларына қанат қаққалы отырған түлектерді

Ж. Молдағалиев атындағы №2 мектептің директоры Әлима Төреғалиева және №33 ЖОББМ басшысы Үміт Ерғалиева құттықтап, 2018-2019 оқу жылында мектеп шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктеріне  де  тоқталып  өтті.

«Алтын   белгіге»   343   үміткер

Биыл біздің облыс бойынша 5031 түлек мектеп бітіруде.  Олардың 343-і «Алтын белгіге», 150-і «Ерекше аттестатқа» үміткер. Ал 3883 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге тілек білдірген.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиеваның айтуынша, түлектер 28 мамыр – 7 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан өтпек. Қорытынды аттестатта ана тілі және әдебиеті (оқыту тілі бойынша), алгебра және анализ бастамаларынан, Қазақстан тарихынан, таңдау пәнінен, сондай-ақ орыс мектептерінің түлектері қазақ тілінен, қазақ мектептерінің түлектері орыс тілінен емтихан тапсырады. «Алтын белгіге» үміткер түлектер  өз мектептерінде қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырады және оларға ҰБТ арқылы растаудың қажеті жоқ. Олар барлық сабақтарын «5»-ке тапсырса,  «Алтын белгі» беріледі. Сонымен қоса еліміз бойынша мектеп бітіруші түлектер кеші Жастар жылына орай «Болашақ жастардың қолында» атауымен  12 маусымда өтеді.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар