28.05.2019, 16:03
Қараулар: 171
«Аладдин» қазақша сөйлейді

«Аладдин» қазақша сөйлейді

Орал қаласындағы «Cinema  park» кинотеатрында «Болашақ»  корпоративтік қорының  ұйымдастыруымен  қазақ тіліне  аударылған  «Аладдин»  фильмінің  жабық көрсетілімі  өтіп,  оны тамашалауға  өңір  басшысы Алтай  Көлгінов  қатысты.

Назарбаев зияткерлік мектебі мен қаламыздағы білім ордаларының үздік оқушылары, олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жүлдегерлері, «Болашақ» бағларламасының түлектері мен жастар ұйымдарының өкілдері тамашалаған бұл туынды – республикалық «Өзіңнен баста» жобасы аясында көрерменге жол тартқан 29-голливудтық фильм. Әлемдік үздік туындыларды қазақша сөйлету арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруды мақсат тұтқан аталмыш жоба барысында бұған дейін «Дамбо», «Көліктер-2», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента» және т. б. туындылар көпшілік назарына ұсынылып, көрермен көңілінен шыққан болатын.

– Отбасыммен және облыс мектептерінің үздік оқушыларымен бірге «Аладдин» фильмін тамашаладық. Бұл туынды – «Болашақ» қауымдастығы қолға алған «Өзіңнен баста» жобасының жемісі. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған 12 мыңнан астам жас елге оралып, мемлекетіміздің одан әрі дамуы үшін түрлі салада жемісті еңбек етуде. Жас ұрпаққа мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, оған деген құрметті арттыра түсу бағытында білімді жастар қолға алған тың бастаманың нәтижесі көңіл қуантарлық. Туған тілімізде көрерменге ұсынылған фильмді отбасыларыңызбен бірге келіп көруге кеңес беремін, – деді Алтай Сейдірұлы.

Шараны ұйымдастырушы – «Болашақ» қауымдастығының төрайымы Салтанат Тұманбаеваның мәлімдеуінше, мемлекеттік тілге жанашыр жастардың бастамасымен қазақ тілді аудиторияға ұсынылған кинотуынды «BI Group» компаниясының демеушілігімен «Aray Media Group» студиясында дубляждалған. Бұл бағыттағы жұмыстар толастамай, биылдың өзінде тағы бірнеше фильм көрермен назарына ұсынылады деп күтілуде.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар