28.05.2019, 16:02
Қараулар: 7
Дәрілер рецептімен ғана беріле ме?

Дәрілер рецептімен ғана беріле ме?

Еліміздің  дәріханаларындағы  дәрілік  заттардың  дәрігердің  арнайы нұсқауымен  ғана  берілуі  қатаң  қадағаланбақ.   Бұл  туралы  Орал  қалалық  №1  емханада  өткен  баспасөз  мәслихатында  айтылды.

– Дәрі-дәрмекті тек дәрігердің рецептімен беру бүгін ғана айтылып отырған талап емес. Бұл міндет осыдан он бес жыл бұрын қойылған. Тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін дәрілік заттарды бақылаусыз қолдануға жол бермеуіміз қажет. Қазіргі уақытта осы мәселені реттейтін бұйрықтардың рецепті сақтауға арналған тармақтарына ғана өзгерістер енгізілген. Енді дәрі тізімін жазу, есепке алу және сақтау мерзімі бірізділенді. Рецептілерді өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері қағаз және электронды түрде жазып береді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде босатылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алуға арналған рецептілер амбулаториялық деңгейдің аутоматтандырылған жүйесінде электронды түрде жазылады, есепке алынады және мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ рецептілер дәрілердің халықаралық патенттелмеген атауымен латын тілінде жазылады, пациенттің қабылдауына болмайтын жағдайларда саудалық атауымен жазылады. Тегін және жеңілдік шарттары бойынша босатылатын дәрілер үш айға дейін жарамды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде босатылатын дәрілерге арналған рецептілердің сақтау мерзімі үш жылды құрайды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті облыстық  департаменті басшысының орынбасары Шәрбану Искакова.

Оның айтуынша, 2019 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша елімізде дәрілік заттардың 7792 атауы тіркелген, оның 6033-і дәрігердің рецепті бойынша, 1759-ы  рецепсіз сатылады.

Микробқа қарсы және гормональдық дәрі-дәрмек, құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілер, жүрек-қан тамыр дерттерін, асқазан-ішек жолдары  сырқаттарын емдеуге арналған дәрілер рецептімен ғана босатылмақ. Ал дәрігердің  рұқсатынан тыс дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, сироптар, шөптен жасалған шай және суық тиюге арналған, ауруды басатын дәрі-дәрмек  беріледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бастап рецептуралық дәрі-дәрмекті міндетті электрондық босатуға көшпек. Бұл барлық диспансерлік науқастың есебін жүргізуге және рецептілердің 100 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тегін рецептілерді жаздырып алу рәсімін жеңілдету үшін оларды алу жүйесі өзгеретін болады. Яғни созылмалы сырқаты бар науқастар жеңілдікпен берілетін дәрілерге арналған рецептіні  тоқсанына бір рет,  қымбат дәрі-дәрмектерді қабылдайтын науқастар ай сайын жаздырып алмақ.

Дәріханалар оларға берілген рецептілер негізінде емделушілерге тиісті дәрілік заттардың ай сайынғы қажеттілігін есепке алатын болады.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар