28.05.2019, 15:57
Қараулар: 294
Құс өсірудің хас шебері

Құс өсірудің хас шебері

Шағын мақала тақырыбын дәл осылай қойғанды орынды көрдік. Өйткені кейіпкеріміздің  озық тәжірибесіне  бүгінде шыңғырлаулық  жерлестері ғана емес, өңіріміздің өзге аудандарында құс өсіруге ден қойған кейбір әріптестері де қанық.

Қарасу қыстағы  Орал – Шыңғырлау тасжолының іргесінде орналасқан. Округ орталығы Ащысай ауылы да көрініп-ақ тұр.

Түскілік мезгілде белгісіз аутокөліктің қора маңына тоқтағанына секемденгендей, бір адам жолай күртешесін шала-пұла іле салып, қыстақтан жүгіре шықты. Сүйретпесінің сіресін баса киген дүр қара жігіт сол қожалықтың жұмысшысы екен. Амандық сұрасқан соң, келісіміздің мәнісін ләм деместен түсінгендей құс қорасының қақпасын ашып, ішке бастағаны. Кәдуілгі қой қорасына ұқсатып салынған жып-жинақы орынжай қақ екіге бөлініпті. Бір бөлігі қоректендіруге арналса, еденінің астына жылыту қондырғылары орнатылған екінші бөлігінде қаздың титтей балапандары өздерінше қаңқылдап жүр.

– Суретке түсіретін болсаңыз, сыртқа айдап шығарайын, – деген құс бағушы біздің жауабымызды тоспастан балапандарды далаға қуа бастағаны.

Сүп-сүйкімді балапандарға таңдана қарап, әр қырынан қуалай суретке түсіріп жүргенімізде, қожайынның келгенін де аңғармай қалыппыз. Жол талғамайтын шетелдік көліктен түскен жігіт ағасы жылы жүзбен қолын ұсынды.

«Ғайни» шаруа қожалығының жетекшісі Жасқайрат Айсиевпен дала төсінде осылай таныстық. Бидай өңді һәм күлімкөз замандасымыз әңгімеге де шебер болып шықты. Әсіресе,  құс өсіру жөнінде сағаттап айтуға бар.

Жеке кәсіпкерлікпен айналысуды 2014 жылы қолға алыпты. Сол жылы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы құс өсіру үшін 3 миллион теңге несие рәсімдеген. Есепшотына қаржы түскен бойда үйжай, қора-қопсы салуға кіріскен.

– Алдымен осы істі бастауыма мұрындық болған сол кездегі аудан басшысы Алдияр Халелов мырзаға алғысым шексіз. Алғашқыда 500 қаз сатып алып өсірдік. Тәжірибе жоқтықтан ғой, аз-кем шығын да болды. Есесіне, келесі жыл табыс әкелді. Бүгінде жағдайымыз шүкір, – дейді кейіпкеріміз.

Қыстақтағы ақ шатырлы үй маңынан күн сәулесі мен желден қуат алып, энергия бөлетін құрылғылар менмұндалайды. Қора маңында су жаңа «МТЗ-83» тракторы шөп тайлағышымен қаңтарулы. Өрісте жүздеген сиыр жайылып  жүр. Міне, осынау материалдық игіліктердің қай-қайсысы да құс өсіруден түскен табыстың арқасы.

Қаз, үйрек, бройлер, тауық сияқты құстың төрт түрін өсіруге машықтанып алған шаруа қожалығында Шыңғырлау колледжінің студенттері дуальды оқыту әдісі бойынша тәжірибеден өтіп тұрады екен. Өткен жылдың маусым айында облыс әкімі Алтай Көлгінов аталмыш шаруашылықтың жұмысын көріп, өзге аудандарға үлгі етуге болатындығы жөнінде нақты пайымын білдірген. Сол уақыттан бері Теректі, Сырым, Қаратөбе, Тасқала аудандары мен Орал қаласынан құс өсіруге ниет танытқан он шақты адам келіп, тәжірибе алған.

Өз ісінің шебері ретінде танылып үлгерген қияқ мұртты замандасымыздан құс өсірудің кейбір қырларын, яки аз-кем құпиясын ашуды сұрағанбыз.

– Е-е, оның еш құпиясы жоқ. Бастысы, құс табанына суық тимеуі керек. Құстың тұқымына, жасына сәйкес әр түрлі күтім қажет. Мәселен, қазіргі күнде қаздың екі мың балапанын өсірудеміз. Ертеңгі сағат сегізден он екіге дейін және түс қайта сағат үштен кешкі сегізге дейін жайылымға шығарып бағамыз. Балапандар ешқандай микроқоспасыз мамыр айында өскен көкпен қоректенеді. Жалпы, осы мезгілде көкпен қоректенген құстың еті ерекше дәмді болады. Ғалымдардың қаз етін жылқы етіне теңеуін дұрыс деп есептеймін. Күн сәулесі өтпес үшін құстарды да түскілік мезгілде жабық қорада ұстаған дұрыс, – деген тәжірибесі толысқан жоғары білімді ветеринардың әңгімесі таусылар емес…

Сырымбек   ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Шыңғырлау  ауданы

Суретті  түсірген: автор