28.05.2019, 15:55
Қараулар: 182
Бақытты отбасылар өнегесі

Бақытты отбасылар өнегесі

Өткен жұмада Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Мазмұны, тәрбиелік-өнегелік жағынан ерекше байқауға 13 отбасы қатысты.

Ауыл-аудандардан, Орал қаласынан барлығы 48 отбасы облыстық байқауға қатысуға ниет білдіргенімен, облыстық комиссия екі апта бойы жұмыстанып, олардың ішінен 13 шаңырақты іріктеп алған. «Комиссия мүшелері отбасының қоғамдағы, яғни ауыл-аудандағы жерлестері арасындағы бедел-белсенділігіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне, отбасылық тірліктегі салт-дәстүрді сақтауына көбірек мән-маңыз бере отырып, олардың комиссияға тапсырған портфолиолерімен жіті танысты», – деді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әлихан Қайыров.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, Елбасының қолдауы мен қамқорлығының көрінісіндей болып, бүгінде жыл сайын өткізу айнымас дағдыға айналған ұлттық байқаудың маңыздылығына тоқталды.

– Атадан балаға мирас болып келе жатқан тәлім-тәрбиені ұрпақ санасына дарыту, ұл-қызды қатарынан кем қылмай өсіру, оларды елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу – әр отбасындағы ұлттық идеология екені сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын көкке көтеретін жастарымыз осындай мерейлі отбасылардағы үлкендерден үлгі алып, қандай отбасын құру керек, перзенттерге қандай тәрбие беру керек соны үйренсе дейміз. Бүгінгі өнегелі шара Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр. Ораза қабыл болсын баршаңызға! – деген Бағдат Азбаев байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алатын екі отбасыға сәттілік тіледі.

«Жыл санап байқауға қатысуға ниетті отбасылардың қатары өсіп келе жатқаны қуантады. Төрт, жеті балапандары бар жас отбасылары баршылық. Біз ең үздік отбасыларын таңдап алып, өзге он отбасыға түрлі аталымдарды беруді жөн санадық», – деді өнегелі отбасылар шарасын ұйымдастырушы, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай  Есқалиева.

Орыстың жазушысы Л. Толстой «Анна Каренина» романында  «Бақытты отбасының бәрі бір-біріне ұқсас, ал бақытсыз отбасылардың әрқайсысы өзінше бақытсыз» дегендей, байқауға түсіп, бақ сынаған отбасылар бір-біріне ұқсас, берекелі, табысты, көп балалы, спортты жандарына серік еткен, өнерлі, білімді екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Қазталов ауданынан келген Қарсақовтар отбасы танылды және бұл отбасы биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Отағасы Медет Қарсақов дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, отанасы Гүлайым бастауыш сынып мұғалімі.

– Біз – екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған жас отбасымыз. Қолымызда үлкен кісілеріміз бар. Ата-енеммен бірге тұрғаныма шүкіршілік етемін, балаларымды тәрбиелеуде олардың көмегі, ақыл-кеңесі көп. Біздің  алаңсыз жұмыс істеп, елдің алдында маңдайымыз жарқырап жүргені – сол кісілердің арқасы. Отбасылық тәрбиеде өзара татулық, сыйластық, сенім, бір-бірімізге деген қамқорлық – басты темірқазығымыз. Балапандарымызды қарым-қабілетіне, қызығушылығына қарай үйірмелерге береміз. Мектепте оқитын төрт баламыз да – оқу озаты, түрлі олимпиада мен байқаулардың жүлдегері, – деді Гүлайым Қарсақова. Оның айтуынша, тұңғышы Назым актрисалыққа бейім, «Жас сахна» республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алған,  биыл мектеп бітіреді, «Алтын белгіден» үміткер. Екінші ұл 9-сыныпты ерекше аттестатпен аяқтамақ және баян аспабы бойынша халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Үшінші қыздары Ақнұр 3-сыныпты оқу озаты болып бітірді. Ол кішкентай биші, халықаралық байқаулардан жүлдесіз қайтқан емес.  Төртінші ұл 1-сыныптың оқу үздігі, бокс үйірмесіне қатысады. Жақында ғана батыл бала облыстық сайыстан 2орын алып, ата-әжесін, әке-шешесін, бауырларын қуантқан.

Ұлттық байқауда екінші орын Теректі ауданы атынан сынға түскен Жұмағалиевтер әулетіне бұйырды. Ал үшінші орын Жәнібек ауданынан келген Исатаевтар отбасына берілді.

– Қазақ отбасыларындағы отбасы тәрбиесі «Ана алдында – құрмет, әке алдында – қызмет» деп, әке-шешені сыйлауға негізделеді.

Жұбайым екеуміздің бала тәрбиесіндегі және балаларымыздың жетістіктері арқасында осындай мерейлі отбасылар қатарынан табылып отырғанымыз. Отбасы болған соң бірлікке, бауырмалдылыққа, татулыққа ұйытқы болу керек. Шаңырағымызда әуелден-ақ «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без»  деген ұлағатты сөзді ұстанамыз. Ұл-қыздарымыз мектепте, жоғары оқу орындарында үздік оқыды, бүгінде таңдаған мамандықтары бойынша елге  қызмет етуде. Бала тәрбиелеуде ұлттық тәрбиеге, салауатты өмір салтына иек артамыз. Біз перзенттерімізге ананы істе, мынаны істе деп құрғақ ақыл айтудан аулақпыз. Ұрпағымыз тәрбиелі болуы үшін өзіміз іс-әрекетімізбен үлгі көрсетеміз. Екі қыз, екі ұлымнан өрген 14 немере-жиенім бар, – деді әулеттің басшысы Сәбит Жұмағалиев.

Исатаевтар отбасының үлкені, шаңырақтың шаттығына бөленіп отырған ақ жаулықты әже Айша Сақтапбергенқызы Ұзынкөл орта мектебінде ағылшын тілінен 40 жыл бойы сабақ берген. «Мерейлі  отбасы» ұлттық байқауының ұйымдастырылуын қолдайды.

– Берері мол, жас ұрпақты бірлікке, ата-ананы құрметтеуге, татулыққа үндейтін шара деп білемін, – деді ол. Айша апа екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бәрін аяқтандырған. Отбасындағы бала тәрбиесінде ұсақ-түйектік болмайтынын, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабадан қалған асыл сөзді естен шығармағанымыз жөн екеніне көз жеткізген.

– Балаларыңның достары кім екеніне атүсті қарамай, мән беру керек. Перзенттерімді адалдыққа, кісілікке тәрбиеледім. Жұбайым өмірден ерте кетті, бірақ балапандарым еш қиындық көрсеткен жоқ. Ақылбегім – Оралдағы №2 мектепте технология пәнінің мұғалімі, Лаурам – ауылда қазақ тілі және әдебиет пәнінен мұғалім, Данагүл – Құрманғазы атындағы саз колледжінде ағылшын тілінің оқытушысы, тұңғышым Бақтыгерей – ауылда жұмыста.  Мейрам есімді ұлымнан қапыда айырылып қалдым, БҚМУ-дың өнер институтының деканы болған еді. Осындай ұлағатты, мәні бар шаралардың ұйымдастырылғанына қуаныштымын, – деді Айша ана.

Жүлделі орын иеленген отбасыларға дипломдар мен ақшалай (сәйкесінше 500, 300, 200 мың теңгеге) сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы отбасылардың барлығы да түрлі аталымдарды иеленді. Соның ішінде «Еліне еңбегі сіңген» аталымына бәйтеректік  Жалмырзиновтар, «Бірлік пен татулығын ұлықтаған отбасы» аталымына сырымдық Телегеновтер,  «Жас отбасыларына үлгі етер отбасы» аталымына қаратөбелік Тәжіаяқовтар, «Шежіре отбасы» аталымына тасқалалық Танабаевтар, «Ұлттық тәрбиені ардақтаған отбасы» аталымына ақжайықтық Дәуітовтер, «Шеберлік сырын ұққан отбасы» аталымына Негаевтар, «Білім көкжиегіне ұмтылған отбасы» аталымына бөкейордалық Зинешовтер, «Көп балалы отбасы» аталымына шыңғырлаулық Байғалиевтер, «Сегіз қырлы, бір сырлы отбасы» аталымына оралдық Еролеевтер,  «Салауатты өмір салты – басты ұстанымы» аталымына Құлбаевтар отбасылары ие болды. Аталым иелеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Мерейлі отбасы» байқауының отбасын ұлықтаудың мемлекеттік тұрғыдағы жақсы бір шарасы ғана емес, ересектерге ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой салатын, жас буынды өзін-өзі тәрбиелеуге, болашақта үлгілі отбасы болуға үндейтіні сөзсіз. Қоғам қатаңданып кетті, ажырасу көбейіп кетті деп зар илегеннен ештеңе шықпайтынын ескеріп, айналадағы адамдардың жүрегін ізгілендіретін, рухани байытатын осындай шараның жібі үзілмегені жөн.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар