24.05.2019, 15:27
Қараулар: 293
25 мың батысқазақстандық жұмыспен қамтылмақ

25 мың батысқазақстандық жұмыспен қамтылмақ

Орал  қаласында  Қазақстан  Республикасының  еңбек  заңнамасын  жетілдіру  мәселесі  бойынша  көшпелі  отырыс  өтті. Оған  облыс әкімі  Алтай Көлгінов,  ҚР  Парламенті  Сенаты  әлеуметтік-мәдени  даму және  ғылым  комитетінің  төрайымы  Бірғаным  Әйтімова, ҚР  Еңбек  және халықты  әлеуметтік  қорғау  вице-министрі  Ақмади  Сарбасов,  облыстық  мәслихат  депутаттары өңіріміздегі  ірі  кәсіпорындар  басшылары,  кәсіподақ  ұйымдарының  өкілдері  қатысты.

– ҚР Президенті берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында және Парламент Сенатының іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірдегі кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен кездестік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVIII сиезінде «Біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру болуы тиіс» деп атап өтті. Бүгінгі таңда еңбек заңнамасын жетілдіру – өзекті мәселелердің бірі. Елбасы халыққа Жолдауында «Қазақстандықтардың әлауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» деген еді.

Тұңғыш Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2018 жылы Парламент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Еңбек заңнамасын жетілдіру – жұмыс беруші әрі қызметкерлердің мүддесін қозғайтын, бәріне тең кәсіби көзқарасты талап ететін үдеріс. Бүгінгі таңда өз шешімін талап ететін көптеген мәселе қатарына еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ұйымдастыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың болуы, кәсіби одақтардың жұмыс істеуі, еңбек заңнамасының сақталуын бақылайтын қызметкерлердің болуы, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында цифрландыруды енгізу жатады. Еңбек заңнамасын реформалау жөніндегі негізгі міндет, еліміздің Конституциясының 24-бабында көзделгендей, қызметкерлерге қауіпсіздік пен тазалық талаптарына жауап беретін лайықты еңбек жағдайларын жасауға, қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға бағытталуы тиіс, – деді Сенат депутаттарының сапар мақсатын түсіндірген әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, әлем бойынша жұмыс орнындағы жазатайым оқиға салдарынан жыл сайын 3 миллион адам қайтыс болып, 400 миллион жұмысшы өндірістік жарақат алады. Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен отырыста жеті негізгі міндетті атаған. Жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

– Президенттің бірінші тапсырмасы – еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес оқыту. Алдағы үш жылда 36 колледждің және төрт жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. 2017 жылдан бастап елімізде «Барлық адам үшін еркін кәсіптік білім беру» атты жоба жүзеге асуда. Жоба жас қазақстандықтар үшін әр түрлі кәсіптік мамандық бойынша негізгі еңбек дағдыларын игеруге мүмкіндік береді. Жыл сайын кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар 800-ге жуық адамды дайындайды. Биыл 800-ге жуық түлекті оқыту және қысқа мерзімді кәсіптік білім беру курстарына 2 мыңға жуық адам жіберу жоспарлануда. Екінші міндет – ұзақ мерзімді, сапалы жұмыс орындарын құру. Облыста экономикалық тұрғыдан белсенді адам саны – 337 404. Биыл 25 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр (бүгінгі таңда 7 мың адам қамтылған). Қазіргі кезде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны 2 мыңға жуық. Жоспар бойынша жыл соңына дейін жұмыс орындары саны 10 110-ға жетуі тиіс (жоспар – 6 681). Үшіншісі – жұмыспен қамтудың жаңа формаларын заңнамалық тұрғыда бекіту және нормативті негіздемесін жасау. Ондай мамандық иелерінің қатарына фрилансерлер, штаттық қызметкерлер, блогерлер және т.б. кәсіп өкілдері жатады. Бұған қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерту мен толықтырулар енгізе отырып, орталық деңгейде шешім қабылданады деп есептейміз. Төртінші мәселе – мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін арттыру арқылы жастарды жұмысқа орналастыру. «Жастар тәжірибесі» бойынша 1500 түлекті қамту жоспарлануда. Қазіргі кезде 500 маман жұмысқа орналасуға жолдама алды. Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 508 маман жіберіліп, оларға 304 млн. теңге көлемінде біржолғы көмек берілді. «Жасыл ел» бағдарламасы ауқымында 1000-нан астам студент жұмыспен қамтылады. Бесінші міндет – мүгедектердің жұмыспен қамту саясатының инклюзивтілігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова мен «Ғибадат» ЖШС-ның төрағасы Біржан Қожақовтың еңбекқорлығымен, ерекше ынта-жігерімен қоғамға  үлгі болып жүргенін атап өткен  жөн. Алтыншыдан, халықтың еңбекке деген ынта-ықыласын күшейту. «Бастау Бизнес» жобасына сәйкес жыл сайын жүздеген адам оқытылады. Биыл кәсіпкерліктің негіздерін 1000 адамға үйрету көзделуде. Қазірдің өзінде 561 адам қысқа мерзімді оқудан өтті. Бағдарламаға қатысқан мыңнан астам адамға микрокредиттер беру, сондай-ақ 543 адамға 100 АЕК көлемінде гранттар бөлу жоспарланып отыр. Жетінші тапсырмаға сәйкес гендерлік теңдікті нығайтуға көңіл бөлеміз.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өңірімізде тұңғыш «Отбасы-Бизнес» бағдарламасын жүзеге асырамыз. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан бағдарлама арқылы 1200 адамға кеңес беріп, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант беру үшін кәсіпкерлік негіздеріне 200 адамды оқытамыз. Бағдарламаның таныстырылымы жақында Тасқала ауданында өткізіледі, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбек қатынастарын реттеу бойынша қолға алынған шараларды таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, биыл жалақының төменгі шегі 28 284 теңгеден 42 500-ге көтерілді. Мамырдың 1-іне дейін республика бойынша 202 мың жұмыс беруші жалақысы аз 1 млн. қызметкердің еңбекақысын 33%-ға көбейткен. Оның ішінде 1 790-ы – ірі, 2 864-і – орта, 197,4 мыңы – шағын кәсіпорындар. Ұжымдық шарт саны 104 мыңға, еңбек шартының саны 127 мыңға дейін артқан.  Дегенмен жұмыс берушілердің жалақы берешегі 1,57 млрд. теңгеге жетіп отыр. Оның 55%-ы жұмыс берушінің мүлдем тұралауы немесе қайта оңалу жағдайында болуына байланысты болса, 45%-ы берешектің ағымдағы және уақыты өтуіне байланысты. Жұмысшы қарызын өтеудің тиімділігін арттыру үшін министрлік сот орындаушылар құжаты тізіміне мемлекеттік еңбек инспекторы нұсқамасын енгізуге ұсыныс жасаған. Үкімет жасақтаған жұмыс тобы еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбек қатынастарын реттеу мақсатында үш бағытта жұмыстануда. Яғни әлеуметтік шиеленіс және еңбек дауларын шешу үшін кешенді жоспар түзу, зиянды жұмыс орындары мен өндірістік жарақат алуды азайту бойынша  2019-2023 жылдарға арналған жол картасын жасау қолға алынды. «Еңбек мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент қарауына ұсынылмақ. Заң жобасына 106-дан астам түзету енгізіледі. Мәселен, бір мекемеде бірнеше ұжымдық шарт жасалуына байланысты еңбек даулары жиі туындайды. Жаңа жобада ең-бек заңнамасына сәйкес ұжым бойынша бір ғана шарт бекіту ұсынылған. Сондай-ақ еңбек қатынастарын сандық жүйеге көшіру, яғни қаражат шығынын талап ететін еңбек кітапшасы мен қағаз құжат айналымының орнына электронды еңбек шартын енгізу қарастырылған.

Көшпелі отырыста баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның мәліметінше, өңірде өткен жылы жұмыс барысындағы жазатайым оқиғалар кезінде 55 адам зардап шегіп, 7 адам қайтыс болған. Былтыр еңбек заңнамасын бұзуға қатысты әр түрлі меншік нысандары мен кәсіпорындарда еңбек инспекциясы 377 тексеру, биылғы бес ай ішінде 198 тексеру жүргізді. Анықталған 377 құқықбұзушылықтың 360-сы жойылды. Жыл басынан бері 144 жұмысшының құқығы қорғалып, 55 кәсіпорын  48 млн. теңгеге жуық жалақы қарызын қайтарған. Соңғы үш жылда 643 кәсіпорын өтеген 5 мыңнан астам  қызметкердің еңбекақы көлемі 1 миллиард теңгеден асқан. Президент тапсырмасына сәйкес 1 448 мекеме-ұйым 27 638 қызметкердің жалақысын көбейткен. Жиында «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Жомарт Даркеев, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев еңбек заңнамасы талаптарын өзгертуге қатысты  ұсыныстарын  жеткізді.

Нұртай    ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар