24.05.2019, 15:22
Қараулар: 174
Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!

Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!

Судың  да  сұрауы  бар…

Халық  даналығы

Теректі  ауданының  аумағында  Жезбұға  атты көл бар. Бұл көл  Ақсоғым  ауылдық  округіне қарасты  Мақпал  елді  мекенінің  тұсынан  басталып, Шағатай  ауылдық  округінің  бірнеше  елді  мекенін жағалай  барып, бүгіндері қайтадан  Ақжайық  ауданына қарайтын Көнеккеткен  ауылдық округінің  құрамындағы Қамыстыкөлге жете бере тұйықталады.  Жезбұға – қазіргі географиялық  сипаттамасы бойынша ағысы жоқ, ешқайда құймайтын  тұйық  табиғи  су көзі,  яғни  көл болғанымен, негізі ерке  сылқым Ақ  Жайықтың  есте  жоқ ерте замандағы ескі  арнасы көрінеді.  Бізге  бұл деректі «Қазсушар» РМК  Батыс  Қазақстан  филиалының  бас  гидротехнигі  Шынболат  Ермағамбетов айтты. Енді  үшбу  көлдің  Жезбұға аталу  тарихына  тоқтала  кетейік.

1990 жылғы жазғы өндірістік практиканы мен Чапаев аудандық «Еңбек» газетінде өткіздім. Бұл менің ол кезде әлі С. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті ретінде екінші курстан үшінші курсқа көшкен кезім-ді. Жадыраған жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде сол уақытта «Еңбек» газетінде қызмет істейтін, бүгіндері Ақжайық ауданының орталығындағы М. Әуезов атындағы мектепте тарих пәнінен сабақ беретін жоғары санатты педагог, ел ішіндегі қадірлі мұғалімдердің бірі – Сәрсеков Алдаберген ағам: «Бауыржан інім, мен ұзақ жыл прокуратура саласында қызмет істеген, қазір зейнет демалысындағы Сүндетқалиев Қасым ақсақалдың әңгімесін тыңдауға бара жатырмын. Ол – өмірде көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген, ел-жер тарихын, ескі әңгімелерді көп білетін шежіре кісі. Қолың бос болса, ертіп кетейін», – деді. Жезбұға көліне қатысты үшбу аңызды мен сол жолы Қасым қарияның өз аузынан өз құлағыммен естіп едім.

…Әлқисса, осыдан әлденеше ғасыр бұрын бүгінгі Бөкей ордасы ауданының аумағы шұрайлы мекен болған көрінеді. Бүгінгідей емес, ол кезде Нарын құмы аумағының шөбі шүйгін, су көзі де мол болғандықтан, мал-жанға құтты қоныс болған  екен. Осы өңірді мекендеген мыңғыртып мал айдаған бір дәулетті кісінің  Шалқар атты жалғыз ұлы болыпты. Сол бала ер жетіп, күндердің күнінде  ел аралап, өзіне қалыңдық іздеп, қыз көруге шыққан екен дейді. Аспандағы аққуға әнін қосардай өнерлі, оның үстіне, күресе  қалса, жауырыны жерге тимес палуан әрі көкпар тартып, аударыспаққа қатысып, ат құлағында ойнайтын  һәм құралайды көзге атқан мерген Шалқарға ауыл айналасының қыз-қырқынының бірде-бірі ұнай  қоймайды.  Сонан Шалқардың сал-сері құрдастарының бірі «Сен өзіңе нағыз лайық жар іздесең, Жайықтың жоғары жағын жайлаған Шыңғырлау деген байдың жеті ұлдан кейін көрген жан дегендегі жалғыз қызы Жезбұғаны көргін» деп ақыл айтқан-мыс. Мұны естігеннен кейін Шалқардан маза қашып, әлі өз көзімен көрмеген Жезбұға оның күндіз есінен, түнде түсінен шықпай қояды. Ақыры ол жанына ең жақын деген үш-төрт досын ертіп, қызды ауылға бет алады. Сөйтіп, олар біраз күн жол жүріп, жолай бастарынан біраз қызықты да, шыжықты да өткеріп, Шыңғырлау байдың ауылының шетіне ілігеді. Текті әулеттен шыққан көрегенді жігіт әдептен озбай, әуелі қызды ауылдың тыныс-тіршілігін екі-үш күн сырттай бақылап, ебін тауып, Жезбұғаның бір-екі жеңгесімен танысады. «Қыз көретін жігітті біз көрелік» дегендей, Жезбұғаның жеңешелері Шалқар бастаған жігіттерді және бірер күн сынап, біраз әуре-сарсаңға салады. Қыз жеңгелерінің бұлардың дұрыс жігіт екендіктеріне көздері жеткеннен кейін ақыры екі жасты ретін тауып, таныстырса керек. Не керек, күміс маңдай, қасы-көзі қиылған, қыр мұрынды, гүл ерінді, қыпша белді, тал бойында бір міні жоқ сымбатты сұлу біздің жігітке бір көргеннен-ақ ұнайды. Сыртқы сұлулығына қоса, Жезбұға иман жүзді, мінезі жібектей есілген ибалы, жүріс-тұрысы инабатты, бір сөзбен айтқанда, әрі ару, әрі сұлудың тура өзі екен. Нар тұлғасына көркі сай, оның үстіне бек өнерлі жігіт те қыздың көңілінен шығады. Екі жастың бір-біріне тең екендіктеріне түбегейлі көздері жеткен қыздың қос жеңгесі тілеулес пейілдерінен айнымайды. Осылайша Шалқар келер жылы жаз шыға құда жіберіп, қалыңдығын алып кететін болып уағдаласып, ауылына аттанады. Алайда әлі ешкіммен атастырылмаған Жезбұғаны «Бұл қыз маған ғана лайық!» деп, сырттай иемденіп жүрген, ауыл арасында ұрлық-қарлық, қиянат-зорлығымен, барымташылығымен жаман аты шыққандықтан, халық арасында «Елбұзар» атанып кеткен өзін негізсіз батыр санайтын әлдебір әумесер бар екен. Ол бір ел ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс шонжардың ешкім бетіне жел боп тимеген еркетотай, шолжың кенже ұлы болса керек. Абырой болғанда, Шалқар дос-жа-ранымен Жезбұғаның ауылын айналшықтаған күндері әлгі әумесер өзінің жуанбілек нөкерлерімен кезекті барымташылық жорығына аттанып кетіп, төңіректе болмағанға ұқсайды…

…Уағдалы мезгіл жеткенде күйеу жігіттің елінен Ақеділ, Қарабас деген қос құда бастаған салтанатты топ Жезбұғаның ауылына бағыт ұстап, алдарында қыз өтеуі – айдаған қалың малы бар ұзақ  жолға  шығады. Олар діттеген жеріне жеткесін, қыздың әкесіне қоса, Жезбұғаның жеті ағасы жұмылып, керемет той өткізеді. «Теңін тапса, тегін бер» дегендей, қыздың ата-анасына қоса, аға-жеңгелері мен бүкіл ағайын-туысы күйеу жігітке көңілдері толып әрі бүкіл жөн-жоралғыны орнымен жасаған құдаларға да дән риза болып, екі арада көңілге кірбің түсіретіндей артық-ауыс ешқандай сөз де айтылмайды, орынсыз қарекет те болмайды. Дегенмен манағы Елбұзар деген бар емес пе? Сол өктемсіген кеудемсоқ неме қарау ниет қарақшыларын күн ілгері жинап, қыз ұзатқан ауылдан біраз ұзаған күйеу жігіттің көш-керуеніне тұтқиылдан тарпа бас салады. Әуелкіде асып-сасып қалғанымен, күйеу жағы барынша тездетіп ес жиып, тасқанға тосқан болмаққа бел буып, жол торыған қарақшыларға қарсы майдан ашады. Алайда әп дегенде айтулы қарсылық танытқан күйеу жағының қатары бірте-бірте сиреп, бұл шайқасқа алдын ала сақадай сай кірген, оның үстіне  адам саны басым қарақшылар күш ала бастайды. Ақыры күйеу жігіт қоршауда қалып, жендеттердің қолынан ажал құшады. Біз естіген аңызда Шалқардың денесі Сасай тауының баурайында қалған деседі. Шамасы, сол таудың етегіндегі үлкен көл сол себепті Шалқар атанса керек.  Екі жасты, қос жақсыны қосып келе жатқан бас құда, яғни  Шалқардың немере ағасы Ақеділ бұл күндері Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қоғалытүбек ауылының  маңында, ал енді оның інісі Қарабас қазіргі Қарабас ауылының төңірегінде қара ниет қараулардың қолынан мерт болады (Қарабас елді мекені де Шағатай ауылдық округіне қарайды. Б. Ғ.). Осылайша қарау ой, харам ниеттері орындалып, Ай мен Күндей Жезбұға сұлуды қолға түсірген Елбұзар бастаған қарақшылар Орал тауларын бетке алып, масайрап бара жатады.

Күтпеген жерден бақытының күні батқан  Жезбұға не істерін білмей, дал болады. Содан бір жерлерге келгенде, айламен іс қылмаққа бекінген ол Елбұзарға:

– Менің маңдайыма жазылған ер-азамат сен болдың. Өз басым саған әуелден де «кет әрі» емес едім. Тіпті, өзіңнен бүгінгідей  төтен ерлікті күткем-ді. Болары болып, бояуы сіңген іске еш өкінішім жоқ, – деп  жүзіқараның бетін бері қаратқандай болып, енді оның ұйықтар сәтін күтеді. Хор қызындай хас сұлудың жылы сөздері суыт жүріс пен ұйқыдан діңкелеп жүрген жендетке шараптай әсер етіп,  көп ұзамай ол ұйқыға бас қояды. Қыз болып ұзатылмай жатып, келін боп түспей жатып, қара жамылған Жезбұға қатып ұйықтап жатқан қандықол қарақшының өзінің қанжарын оның өзінің жүрегіне бойлата сұғады. Өзінің арам пиғыл, қара ниетіндей қап-қара түнде тіл тартпай кеткен бас қарақшының ат айдаушысы да қалғып-мүлгіп келе жатса керек, күймеден ілби түскен қыздан бейхабар қалады. Көзге түртсе көргісіз түннің қою қараңғылығына лезде сіңген Жезбұға бет ауған жаққа қарай жүгіре береді. Жаздың қамшының сабындай қысқа түні түріліп, таң сыз бере оның алдынан әлдебір айдын көл шығады. «Енді кім көрінгенге жем болғанша, осы суға батып өлейін де, о дүниеде болса да, Шалқарыммен қауышайын» деген ойға бекінген қайран Жезбұға сұлу шашын жайып жіберіп, су астына кеткен көрінеді. Бірер күннен кейін әлгі көлге Жайықтан нөпір су құйылып, толқын қыз мүрдесін жағаға шығарып тастағанға ұқсайды. Он екіде бір гүлі ашылмай, о дүниелік болған қызды жергілікті жұрт сол маңға арулап жерлейді. Кейін ол жерді халық «Қыз моласы» деп атап кетеді…

Арнайы энциклопедия керек-ау…

…КСРО мемлекет ретінде ыдырап, Кеңес одағының құрамындағы туысқан республикалар бір-бір тәуелсіз мемлекетке айналғанша, Жезбұға сөздің тура мағынасында бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған әрі арғы-бергі жағалауы бірдей табиғи жасыл желекпен жомарт көмкерілген керемет көл еді. Жезбұғаны жағалай өскен тал-теректің түр-түрін айтпағанда, мойыл мен бүлдіргеннің дәмі қандай, шіркін! Енді, міне, осындай миуалы көлдің жыл өткен сайын арнасының аңқасы кеуіп, айналасының ажары қашып барады. Өйткені бастауын Ресейдің аумағындағы Орал тауларынан алатын Жайық өзені бұрынғыдай өрекпи тасып, өзінің «туған әпкесі» Жезбұғаны сумен жарылқамайды.  Құдайдың қара суын да орман-орыстың ақшаға сатып,  пұлдауды әдетке айналдырғалы бері ондай ақжарылқап күндер көзден біржола бұл-бұл ұшқан түрі бар. Соның айғағындай, Жезбұғаның Құтсиық, Байхана ауылдарының тұсындағы және Жантөре хан жерленген қабақтың астындағы арнасы сусыз қаңсып, бүгіндері шіріген қоғаның қопасы басып кеткен. Мұны азсынсаңыз,  тап қазіргі кезде Жезбұға көл болып басталатын тұсында-ақ үзік-үзік көлшікке, дәлірек айтқанда, ойдым-ойдым шалшыққа айналған. Егер ең таяу жылдары тиісті шаралар шұғыл қолға алынбаса, айналасының ауасы жұпар, кезінде ұшқан құсына қоса, жүгірген аңы да жетіп артылған, бір сөзбен айтқанда, жан-жануарға бірдей  жерұйық болған керемет көлден біржола көз жазарымыз шүбәсіз.

«Судың да сұрауы бар» деген тәмсілді қай қазақ қай заманда  һәм қандай жағдайда айтса да, сұңғыла екен. Бірақ тап үшбу даналықты біз әлі күнге дейін санамызға сіңіріп үлгермеген сыңайлымыз. Олай дейтін бір себебім, осы мақаланы жазбаққа дайындық барысында Жезбұғаның географиялық сипаттамасын іздеп, Батыс Қазақстан облысының 2002 жылы және 2010 жылы шыққан энциклопедияларына, оны азсынсаңыз, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының ұйытқы болуымен 2001 жылы шыққан «Жайық өңірі» атты  ғылыми-көпшілік жинаққа үңілдім. Тым-тырыс, ләм-мим! Яки ұзындығы екі ауданның үш бірдей ауылдық округінің аумағын қамтитын үшбу көлдің, ең болмаса, ұзындығы мен ені, терең-тайыздығы, суының химиялық құрамы туралы бір түйір дерек жоқ! Сонда да «Үмітсіз шайтан ғана» дегенге сайып, Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте география пәнінен дәріс оқитын, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығындағы география саласына қатысты ғалымдардан іздеген жоғымды сұрап көрдім. Ешкімнен ешқандай дерек шықпады. Жезбұға көліне қатысты геодезиялық мәліметтерді сұрап, тікелей миссия-функциясы табиғат қорғау болып табылатын тағы екі-үш мекемеге бармақшы болғанмын. Алайда бүкіл саналы өмірін облыстың су шаруашылығына қатысты салада өткізіп келе жатқан, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, шашы ағарып, көзі қарайған білікті мамандардың бірі «Босқа әуре боласыз, өзіңіз іздеген мәліметті біздің өңірден таппайсыз» деп кесіп айтты. Ал, керек болса! Табиғи су қоймасы ретінде қалыптасқанына нешеме жыл, яки бірнеше ғасыр өткен Жезбұғаның  ені мен ұзындығы, тайыз-тереңдігі, оның суының құрамы мен ихтиологиялық әлемі, аталмыш көлдің айналасындағы флора-фауна әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан зерттеліп, қағазға түсіріліп, хатталмаған! Осының өзі-ақ біздің су қорына, яғни табиғи су ресурсына әлі күнге дейін салдыр-салақ қарайтындығымыздың бір айғағы емес пе екен?..

Меніңше, бұдан шығатын қорытынды – біздің өңірдегі өзен-көлдер мен облыс аумағындағы ирригациялық жүйелерге қатысты арнайы энциклопедия керек. Мұндай жинаққа әр өзен-көл мен ирригациялық нысан жөнінде толыққанды геодезиялық мәлімет және осындай географиялық нысандарға тікелей қатысты флорафауна, сонымен қатар әрбір өзенкөлдің сумен қоректену көзі сықылды өте маңызды мағлұматтар міндетті түрде енуі тиіс. Міне, қолымызда осындай факті-факторлар жиынтығы болғанда ғана біз Ақ Жайық атырабындағы табиғи су көздерін қорғау-құтқаруға білек сыбанып кірісіп, тиянақты жұмыс тындыра аламыз.

Экологиялық мәдениет тым төмен

Осыдан үш-төрт апта бұрын біз арнайы іссапармен Ақсоғым ауылдық округінің аумағындағы Жезбұғаның бастау алар тұсынан бастап, жағалай Қамыстыкөлге  дейін барып қайттық. Сол сапар  барысында «Жезбұғаның Жайықтан су шығар үш көзі бар. Мына қазір келіп тұрғанымыз – өзеннің көлге су түсер негізгі тұсы», – деп еді өзі Ақсоғым аумағында туып-өскен, бүгіндері пайғамбар жасына келіп қалған аталмыш ауылдық  округтің бас маманы Ахметов Аманкелді ағамыз. Сөйте тұра, бірнеше жылдан бері үш көзден де Жезбұғаға бір тамшы су тамбапты. Оның ең басты себебі Жайық суының деңгейі КСРО кезіндегідей көтерілмейді. Жайықтан су құйылмай, онсыз да соры қайнаған Жезбұғаның жағалауын кейбір елді мекендердің тұрғындары күл-қоқысқа қоса, қыс бойы малдың астын шығаратын орынға айналдырып, «жығылған үстіне жұдырық» болуда…  Демек, бұл мәселе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің назарына  шұғыл  ілінуі  шарт!

Жезбұғаны құтқару  не үшін маңызды?

Жезбұғаны құтқару арқылы біз экологиялық һәм әлеуметтік-экономикалық біраз шаруаның басын қайырамыз.

БІРІНШІДЕН, аталмыш көлдің жағасындағы бірнеше елді мекеннің әсем табиғатына нұқсан келтірмей, тұмса күйінде сақтап қаламыз. Яғни экологиялық тепе-теңдік бұзылмайды. Соның нәтижесінде Жезбұға көліне тыныс-тіршілігі тікелей байланысты флора-фаунаның сан алуандығын жоғалтпаймыз. Түсінген кісіге осының өзі – үлкен олжа! Бұған қоса, үшбу табиғи су қоймасын тиісті деңгейде сақтай алсақ, сөздің тура мағынасында су құстары мен Жезбұғаның балықтар әлемінің де  «құдайы  береді».

ЕКІНШІДЕН, Жезбұға көлі – балық шаруашылығын, дәлірек айтқанда, тоған шаруашылығын дамытуға өте қолайлы табиғи су айдыны. Осы мақсатқа, әсіресе, сай-саласы мол Қызылжар ауылының тұсы керім келеді. Тап осы шаруаны қолға алған адамның «екі жеп, биге шығары» кәміл. Яғни тоған шаруашылығына ден қойған кісі алдымен өңірдегі өзенкөлдерде балық қорын молайтуға әрі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей үлес қосады. Бұған қоса, тың кәсіптің көсегесін көгерту, көкжиегін кеңейту арқылы жаңадан тұрақты және уақытша жұмыс орындарының ашылуына ұйытқы болады. Бұл енді жергілікті жұрт, яки ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік игілік.

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі» демекші, Жезбұғаны жағалай қонған ауылдардың қай-қайсысы да берісі облыстың, әрісі кең байтақ Қазақстанның ет экспортына лайықты үлес қосуға қабілетті елді мекендер. Осы бағыттағы жұмысты өрістету үшін ауадай қажет жайылым мен шабындық факторының тағдыры тағы барып Жезбұға көліне тіреледі…

Орайы келіп тұрғанда Жезбұғаның айналасы бау-бақша шаруашылығына өте қолайлы екендігін атап өткен орынды. Кезінде Шағатай ауылдық округінің аумағында болған алма бағының даңқы алысқа кетіп еді-ау. Жатқан жерің жарық болғыр жарықтық жергілікті бағбан Иссак Гильдің өсірген алмаларының дәмі тіл үйіріп, талай жанды тамсантып еді. Бүгінде соның өзі «бәлду-бәлду бәрі өтіріктің» кері. Дегенмен, алмаға қоса, көлдің суы мол болған жылдары жергілікті бағбандардың қауын-қарбыз,  қияр-қызанақ, картоп, сәбіз, тәтті бұрыш, баклажан, капуста сықылды бақша дақылдарынан мол өнім алғандығын өз көзімізбен талай көргенбіз.

ҮШІНШІДЕН, Жезбұға көлін жер бетінен біржола жойылып кетуден құтқару арқылы біз жабайы урбанизацияны тежейміз. Әрине, ұлтымыздың өркениеттің игілігін көріп, барынша қалалық этносқа айналуына біз қарсы емеспіз. Алайда аудан-ауылдардан облыс орталығы Оралға үдере көшіп жатқан қарайған қазақты тұрақты жұмыспен қамтитындай бұрынғыдай бір өзінде бірнеше мың адам жұмыс істейтін ірі өндіріс ошақтары қазір жоқ. Мәселен, Қазақстан Республикасындағы кеме шығаратын жалғыз кәсіпорын – «Зенит» зауытында бүгіндері бар болғаны 800-ден астам адам ғана жұмыс істейді. Ал «Зениттің» бас директорының орынбасары Павел Букиннің мәліметіне қарағанда, кезінде бұл кәсіпорында 7,5 мың (!) адам жұмыс істеген екен.  Тап осындай жағдай Оралдағы бұрынғы айтулы кәсіпорындардың бәріне тән. Тіпті кезіндегі іргелі кәсіпорындардың   қатарынан саналатын «Промстрой» құрылыс тресі, Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы сықылды бірқатар өндіріс ошағы бертін келе біржола «марқұм» болып кетті. Отандық өнеркәсіп саласының жаңа тауарлар сериясын шығаруға баяу бейімделуі, соның салдарынан тұтыну нарығының күрт кеңімеуі қалалық жерлерде жұмыссыздықты туындататын негізгі факторлардың бірі болып отыр. Оның үстіне, өндірістік үдерістердің озық технология мен жасанды интеллект атаулыға иек артуы барған сайын адами жұмыс күшін қысқарта түсетіндігін бүгіндері мемлекет басшылығы ашық айта бастады.

Бұдан шығатын қорытынды – нарықта тұрақты сұранысқа ие кемі бірді-екілі мамандықты игеріп алмай, ауылдағы ағайынның жылы орнын суытпай тұра тұрғаны жөн-ау осы. Ол үшін үлкенді-кішілі билік буындарының ауыл тұрғындарының мал, бау-бақша және тоған шаруашылығы секілді қолдан келер іспен айналысуына ұдайы мүдделілік танытудан жаңылмаса дейсің…

Қалай  құтқарамыз?

– Ақсоғымның тұсындағы Жезбұғаның арнасына Жайықтан су құйылуы үшін өзеннің деңгейі көктемде ең кемі 6 метр көтерілуі керек, – дейді кіндік қаны Ақсоғым ауылдық округінде тамған Аманкелді ағамыз.

– Ал Жезбұға  Шағатай ауылдық округінің аумағында суға қарық болуы үшін Жайықтың деңгейі жазғытұрым жоқ дегенде 8 метрге көтерілуі шарт. Ал енді Жайықтың деңгейі 8,5 метр көтерілген жағдайда қаланың төңірегіндегі саяжайларды су басу қаупі төнеді. Өзіңіз білесіз, өзен қойнауындағы саяжайларда бұрынғыдай тек жаз мезгілінде ғана емес, ел-жұрт бүгіндері жыл-он екі ай бойы тұрады, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты шаруашылық жүргізуге құқылы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан  филиалының бас гидротехнигі  Ш.  Ермағамбетов.

Сегіз метр түгілі, биыл Жайықтың деңгейінің 3 метр көтерілуінің өзі арман болып қалды. Енді қандай амал бар?..

– Алдымен, әрине, барынша ыждағаттап, Жезбұғаның арнасын және Жайықтан Жезбұғаға су құйылар сай-саланы тазартуға қазынадан қаржы  бөліп, әрі осы жұмысты сапалы атқарып, сосын ең таяу жылдары Ақсоғым, Шағатай және Қызылжар ауылдарының тұсына қалқымалы насос қойып, Жайықтың деңгейі көтерілгенде Жезбұғаға су толтырып алу қажет. Ол үшін бар болғаны 1,5 -2,0 млн. текше метр су керек. Бұл – біздің облыс үшін анау айтқандай көп су емес. Ал қалқымалы насостарды осы өзіміздің Оралдағы кеме жөндеу зауыты жасай алады. Орайы келіп, сәті түсіп тұрғанда айта кетейін, Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарайтын Қамыстыкөл ауылының маңындағы жобалық су сыйымдылығы 26,0 млн. текше метр Ақжайық су қоймасын қалпына келтіру де Жайықтың Бұқар бетін сумен жарылқаудың төте жолы, – дейді  тәжірибелі маман, облыстың бас гидротехнигі Шынболат  Ермағамбетов.

Мамандар тарапынан айтылған тағы бір мәлімет – көктем айларында Жайық арқылы біздің өңірге келетін судың 90 пайызы еріген қардың суы көрінеді. Осы фактордың өзі-ақ Елбасының өзі тікелей талап етіп отырған ирригациялық жүйелерді жаңғыртып-жаңалаудың стратегиялық мән-маңызы зор екендігін айқындай түседі…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

Аманкелді  АХМЕТОВ,

Ақсоғым  ауылдық  округінің  бас  маманы:

— Өмір есігін ашқан, жарық дүниеге көрінген жеріміз осы ауыл-аймақ болғандықтан, көзімізді ашып көрген көліміз ғой бұл. Бірақ бүгінгі Жезбұға мен бұрынғы Жезбұғаның арасы жер мен көктей. Бұрынғы Жезбұға мал-жанға қоса, аң мен құсқа һәм балық атаулыға жерұйық еді ғой. Ал қазіргі Жезбұға ғайыптан тайып әлдекім құтқармаса, дерті әбден меңдеп, әні-міні жан тапсырғалы жатқан ауыр науқас сықылды.

«Суға кетер кісі тал қармайды» дегендей, биыл біздің ауылдың бас көтерер азаматтары экскаватор жалдап, Жайық көтерілгенде ернеуін жырып, Жезбұғаға су түсіруді көздеген. Бірақ қас қылғандай биыл Жайықтың өзі суға жарымады. Өйткені, өткен қыс қарға жомарт болғанымен, былтырғы күз жауын-шашынға өте сараңдық танытты. Оның үстіне жерге жөнді тоң тұрмады. Соның кесірінен еріген мол қардың суы кенезесі кеуіп тұрған жерге сіңді де кетті.

Қазіргі жағдайда Жезбұғаны бірлі-жарым адам өз бетінше қимылдап, құтқара алмайды. Меніңше, көлді құтқару үшін ең берісі аудандық, облыстық билік тізгінін ұстаған азаматтардың жанашырлығы керек-ақ.

Қансұлу  ҰЗАҚБАЙҚЫЗЫ,

зейнеткер-ұстаз, Қызылжар ауылы, Теректі ауданы:

– Ұзақ жыл Қызылжар сегізжылдық мектебінде биология және химия пәндерінен сабақ бердім. Мамандығымыз химбиолог болғаннан кейін табиғатқа жіті назар аудару – біздің кәсіби дағдымыз.

Өзім Қызылжарға 1979 жылы келін боп  түстім. Ол кездері Жезбұға арғы-бергі жағасы жайқалған жасыл  желегін, таңдайыңнан дәмі кетпес мойылы мен бүлдіргенін, жабайы үйрек-қаз, аққұтан мен көкқұтан, қасқалдақ пен шағала сықылды құстың неше түріне қоса, аққу, қарақу секілді құстың төресі мен тайдай тулаған балығын айтпағанда, құндыз (бобер), ондатр сықылды терісі бағалы аңдар мекендеген берекелі көл еді. Көлдің басынан бақ тайғалы бері тыныс-тіршілігі Жезбұғамен тығыз байланысты флора мен фауна қатты жұтаң тартты. Оның бетін әрі қылсын әрине, ал енді алда-жалда Жезбұғаны құтқарып қала алмасақ, бұл төңіректің табиғатына қоса, көлді жағалай қонған ауылдардың да біржола берекесі қашады.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Сырым, Жаңақала, Қазталов аудандарының аумағындағы ирригациялық жүйелерді жаңартып-жаңғыртуға ұйытқы болып жүргендігінен хабардармыз.

Осындай жалпыға ортақ жақсылықтан біздің ауыл-аймақтың жұртшылығы да үмітті…

Жәдігер  ТІЛЕУҚҰЛОВ,

еңбек  ардагері, Шағатай  ауылдық  округі, Теректі  ауданы:

– Жезбұғаның жағдайы шынымен өте мүшкіл. Бұрынғыдай жазды күні көл жағасында үлкен-кішінің демалуы, суға шомылу, балық аулауды айтпағанда, соңғы жылдары қысты күні мал суара алмаймыз. Себебі, неше жылдан бері Жайықтан су құйылмағандықтан, қыста көлдің суы борсып кетеді. Судан шыққан жағымсыз иіс суатқа малды маңайлатпайды. Жағасына бірнеше елді мекен қонған Жезбұғаның жағдайына ат үстіндегі азаматтар жанашырлық танытар деген үміттеміз.

Айтқали  ЕГІЗӘЛИЕВ,

еңбек  ардагері, Қамыстыкөл  ауылы, Көнеккеткен ауылдық округі, Ақжайық ауданы:

– Біздің жаққа 1997 жылдан бері жөнді су келген жоқ. Ауыл іргесіндегі көлге қоса, бұрындары Шалқардан шығып, Жайыққа құятын Ащы өзенінің суы да күрт кеміп кетті. Жыл өткен сайын мал-жанға қиын болып барады.

Бүйте берсе, бұл маңда ел қалмайды. Ал тайлы-таяғымыз қалмай,  қалаға үдере көшкенде, жұрттың бәріне ол жақтан жұмыс табыла ма?.. Әгәрки өзен-көлге қатысты жағдай түзелсе, біздің ауыл-аймақ шаруаға, тұрмыс-тіршілікке керім енді…