24.05.2019, 15:15
Қараулар: 63
Сағым-сағынышқа айналған жылдар

Сағым-сағынышқа айналған жылдар

Бастауыш  сыныпта  оқып жүрген кезімде  мектеп оқулықтарының  бірінен бір  суретті  көзім шалған еді. Онда  киім  киісі  жұпыны,  аяғында мұжықтар киетін шандып  байланған  орама  қонышты  етік,  арқасына  дорба асынған  ересектеу бала  мұнтаздай  ақ  жейде киіп,  алқызыл галстук  таққан, сабақ  үстіндегі  балаларға  есік арасынан қызыға  қарап тұр. Жүзінен оқуға  қолы  жетпегеніне  өкініш анық  байқалады. Осы  суретті көрген  сайын балауса  денемді суық  жел  қарып  өткендей  сезінетінмін.  Сол  шақта  білім  алу бақыты  бұйырғаны  үшін  іштей  шүкіршілік  ететінмін.

Мен бірінші сыныпқа Бұлдырты орта мектебіне бардым. Кейін әкем Ізмағамбет Ерғалиевтің қызмет бабына орай оқуымды Жосалы ауылындағы Абдолла Жұмағалиев атындағы мектепте жалғастырдым. Енді бір жылдан кейін әкешімнің «Қызыл ту» колхозына лауазымды қызметке тағайындалуына байланысты Алғабас орта мектебіне ауысып, он жылдықты осы білім ошағында тәмамдадым.

Жетінші класты орталай келген уақыт болатын. Сыныпта оқушылар саны әжептәуір көп екен. Класс жетекшіміз Чукин Нау-рызбай деген өте алғыр ағай болды. Оқушылар оны өте жақсы көреді екен. Құшақ жайып қарсы алған ортаға тез үйренісіп кеттім. Келесі жылы ол ұстазымыз басқа жаққа көшіп кетті де, біздің сыныпқа беделді, тәжірибелі ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжеғұлов Қадем ағай жетекшілік етті. Бұл жылы қасымыздағы «Правда» совхозының Қарағанды бөлімшесінен қатынап оқитын ұл-қыздар келмейтін болды. Бірнеше сыныптасымыз сегізінші кластан соң түрлі оқу орындарына кетіп, мектепті бітірер тұста он шақты оқушы ғана қалдық. Класымыз жабылуы мүмкін деген де әңгімелер болғанымен, біздің бағымызға орай ондай күн туа қойған жоқ.

Бір айта кетерлігі – мектепті қатар бітірген орыс және қазақ сыныбының ұл-қыздары өте тату болдық. Өнерде, спортта, мектептің қоғамдық жұмыстарында жұп жазбай, бірге жүретінбіз. Сөйтіп, мектеп бітіргеннен кейін әркімнің өз жолы бар, өмірдің өз заңы бар дегендей, жан-жаққа тарап  кеттік. Бірі оқуға түссе, біріміз еңбекке араластық. Мектепте үздік оқыған сыныптасымыз Кенже Рамазанов Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетін бітірді. Ғылымға ден қойған досымыз сол Саратовта қалып, техника ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент мүшесі дәрежесіне дейін жеткен еді. Соңғы жылдары елге оралып, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да дәріс берген досымыз, өкінішке қарай, бүгінде  ортамызда  жоқ.

Арамыздан шыққан Кенжеғали Қуатов – ішкі істер қызметінің подполковнигі, Сапарғали Құрмашев – спорт шебері, Салауат Нарышев – мәдениет саласының үздігі, Дәурен Сәдіров – бөлімше меңгерушісі, Мұстахим Белқайыров – зоотехник-маман, Төлеуғали (Бәтәй) Кәрімов – Оралдағы темір-бетон бұйымдары зауытының озат жұмысшысы, жергілікті кеңестің депутаты, Манарбек Сұлтангереев – прораб, Мақсот Мұқанов – жоғары білімді маман, аудандық дәрежеде көптеген лауазымды қызметті атқарса, Сансызбай Хайруллин, Сағындық (Сәкөн) Меңдігереев «Қызыл ту» колхозында сан салалы жұмыстың басы-қасынан табылды. Алайда Семей полигоны маңында әскери борышын атқарған досымыз Сәкөн радиация зардабын шегіп,  зейнетке ерте шығуға мәжбүр болды. Владимир Носулько деген кластасымыз да техниканың майын ішкен маман атанды. Бір сөзбен айтқанда, әр саланың озаттарына айналған түрлі мамандық иелері шықты арамыздан.

Міне, Алғабас орта мектебін бітіргенімізге биыл аттай 50 жыл толып отыр. Осы орайда өз басым қалам ұстатқан мұғалімдерім Галина Быкованы, Бұлдыртыдағы Қабира Қабасқызын, алғаш мені мектепке қабылдаған мектеп директоры Мақсот Ташаев, домбырада бірнеше күй үйреткен Төлеп Ахмедияров, Базар Көбешев ағаларды ризашылық сезіммен есіме аламын. Барша сыныптасымның атынан Алғабас орта мектебінде дәріс берген ұстаздарымыз – Қадем Кенжеғұлов, Сәлімгерей Өксікбаев, Зәкәрия Кенжеғалиев, Ғазез Ғабдуллин, Бақытжан Оразаев, Төлеп Ахмедияров, Асқар Сұлтанов, Ораз Ізтілеуов, директорларымыз Ғайнеш Сармағамбетов, Мәбден Ғаббасов ағайларымыздың, Надежда Ғабитқызы, Асыл және Ұштап апайларымыздың рухына тағзым етемін. Солардың көзіндей болып бүгін ортамызда жүрген ұстазымыз Ұзақбай Хабиев ағайымызға зор денсаулық, ұзақ  ғұмыр  тілейміз.

Өкінішке қарай, құлын-тайдай тебісіп өскен, өмірде де сыйластықта болған сыныптастарымыздың бірқатары бүгінде келместің кемесіне мініп, арамыздан алыстап кетті. Мұстахим Белқайыров, Гүлжиһан Қарағойшина, Манарбек Сұлтангереев, Кенже Рамазанов, Азамат Аманов, Өмірзақ Беркінғалиев, Галя Мұстахимова, Төлеуғали Кәрімов, Тұяқ Бекетов, Халық Кәрімов сияқты достарымыздың асыл бейнесі жадымызда  мәңгі  сақталары  анық.

Мектебім

Әні:  Донеділ  ҚАЖЫМОВ

 Өлеңі:  Бақтығали  ТІЛЕГЕНОВ

Жазылса  тірлік  дастаным,

Басталар  сенен  бастауым,

Жетіге  толып,  есімде,

Есігіңді  алғаш  ашқаным.

Ауылым  аттас  мектебім,

Білім  ап,  сенен  көктедім.

Жеткенім  болса  бүгінде,

Тек  сенің  арқаң,  тек  сенің.

Қайырмасы:

Білгенге  білім  ұшпағы,

Ұрпаққа  ұлық  ұстазы.

Есейдік  жарты  ғасырға

Өзіңнен  түлеп  ұшқалы.

Иыққа  алған  аптал  жүк,

Мәртебеңменен  мақтандық.

Өнеге  жиып  өзіңнен,

Өмірге  біздер  аттандық.

Қашанда  ашық  есігің,

Тәрбие,  білім  бесігі.

Ержетіп  шыққан  өзіңнен

Кімге де  ыстық  есімің.

Қайырмасы:

Мектебім  менің,  мектебім!

Өнеге-тәлім  еккенің.

Аман  тұр,  алтын  ұямыз,

Тілегім  басқа  жоқ  менің!

Донеділ   ҚАЖЫМОВ,

ҚР   еңбек  сіңірген  қайраткері,  «Құрмет»  орденінің  иегері,

Қазақстан  Композиторлар  одағының  мүшесі,

Сырым  ауданының  құрметті  азаматы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар