24.05.2019, 15:12
Қараулар: 9
Сенаторлар ноутбук сыйлады

Сенаторлар ноутбук сыйлады

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаттары апта басында Бәйтерек, Бөрлі  аудандарында болды.

Бәйтеректе олар алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты.

– Жоспар бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 450 адам деп белгіленді. Қазіргі таңда 400-дей өтініш қабылданды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Ал түсіндіру жұмыстары құжат қабылдау кезінде жүргізіледі. Сонымен қатар апта сайын осы жерде халықпен кездесеміз, одан бөлек, ауылдық округтерге шығып түсіндіреміз, – деді аудан әкімі Асхат Шахаров.

Бүгінде Бәйтерек ауданында әлеуметтік жұмысқа 28, жастар практикасы бойынша 11 адам жұмысқа орналастырылып, 26 адам қысқа мерзімді оқуға жолданған.

Содан соң сенаторлар Бірғаным Әйтімова мен Динар Нүкетаева 2008 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Переметный ауылының тұрғыны Оңғарбай Абылаевтың шаңырағына бас сұқты.

– Бүгінде он бас сауын сиырымыз бар. Сүт өнімдерін саттыққа шығарамын. Әр сиырдан шамамен 10-15 литр сүт аламын. Одан қаймақ-май және құрт жасап, қаладағы сауда нүктелеріне апарамын. Жалпы, тапқан табысымыз көңіл көншітерлік, – деді отанасы Гүлшат Иманқұлқызы.

Кәсіп иелері өткен жылы 1 500 000 млн. теңге грант ұтып алып, оған аппарат, өнім сақтайтын тоңазытқыштар сатып алған.

Бірғаным Әйтімова осы отбасының қызы Жансаяға ноутбук сыйға тартты.

Сенаторлар Бөрлі ауданына жасаған сапарында Бөрлі ауыл шаруашылығы колледжінде болды. Депутаттар өткен ғасырдың 80-жылдары салынып, әлі күнге дейін жөндеу көрмеген оқу орны ғимаратын заман талабына сай жаңғырту қажеттілігін айтты. Ал колледждің материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтануы жаман емес. Аудиториялардың 90 пайызы заманауи құрал-жабдықпен қамтылған, студенттерге арналған жатақхана бар. Айта кету керек, мұнда «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарынан келіп оқып жатқан жастар бар. Аталмыш мембағдарлама аясында былтыр алғашқы 17 түлек «қанат қақса», биыл 10 жас диплом алмақшы.

Ақсай қаласына барған соң сенаторлар бес бала тәрбиелеп отырған  Айтқайыровтардың жанұясында болды. Отағасы түрлі қызмет атқарып, жақында ғана тұрақты жұмысқа орналасқан, ал отанасы баламен үйде отыр. Олар бұрын 78 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, сәуір айынан бастап бұл қаржы екі есеге жуық өсіп, 141 мың теңгеге жетті. Бұл жас отбасы бюджеті үшін айтарлықтай кіріс. Мемлекеттің мұндай қолдауы үшін айтар алғыстары зор. Сенаторлар бұл отбасына да ноутбук пен тәттілер сыйлады.

Мұнан соң Қарашығанық кен орнына барып, мұнайгаз өндірісі  барысымен  танысты.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сонымен қатар өңіріміздің өрт қауіпті учаскелеріне аэровизуалды тексеру жүргізу шарасына да қатысып, БҚО ТЖД өртке қарсы штаб басшылығымен бірге «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Теректі  аудандарының үстінен ұшып өтті. Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарындағы өрт қауіпсіздігі жағдайы мен өртке қарсы күштер мен құралдардың дайындығы туралы аудан әкімдері  баяндады.

Нұрлыбек   ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Әсия   МАНСҰРОВА,

Бәйтерек, 

Бөрлі  аудандары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар