21.05.2019, 11:37
Қараулар: 187
Сағындық Италияға барады

Сағындық Италияға барады

Х жазғы республикалық  универсиаданың  өңіріміздегі  кезекті жарысы қаламыздағы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында өтті.

Бокстан өткен сайысқа бұл жолы да еліміздің әр аймағынан 90-нан астам студент қатысты. Бес күнге созылған жарыста студенттер кәсіби былғары қолғап шеберлері сияқты жұдырықтаспаса да, жеңіске жету жолында барын салды. Әсіресе, финалдық кездесулер тартысқа толы  болды. 57 келі салмақта өнер көрсеткен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенті Сағындық Молдашев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Сабыр Қуанышты еш қиындықсыз жеңді. 63, 69, 75 келі салмақта жұдырықтасқан студенттер де аянбай тер төкті. Қызықтың көкесі 81 келі салмақта басталды. М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті М. Оралбаев, Нұр-Сұлтан қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университетінің студенті Ж. Қуанғанды бір емес, екі мәрте қатарынан нокдаунға түсірді. Қарсыласының жойқын соққысынан есеңгіреп қалған елордалық боксшы жарысты уақытынан бұрын тоқтатуға тура келді. Ал ауыр салмақ саналатын 91 келіде шаршы алаңға шыққан тараздық студент Э. Қамшыбеков пен ақтөбелік Ж. Қартбаев арасындағы жұдырықтасу өте қызықты болды. Бір-біріне алма-кезек соққы жұмсаған  боксшылар жарыс көркін одан әрі қыздыра түсті. Нәтижесінде ақ-төбелік студент Жәнібек Қартбаев жеңіске жетті. +91келі салмақтағы жарыс та рингтің көркіне айналды. Рингке Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженерлік университетінің студенті Айболат Дәуренұлы мен М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Әбілхайыр Тұрланбеков шықты. Бірінші раундта тараздық студент қарсыласына қайта-қайта тап беріп, басымдық көрсеткен. Алайда екінші, үшінші раундтарда шаршап қалды ма, әйтеуір, сылбыр қимылдады. Қарсыласының осал тұсын байқаған ақтаулық боксшы ұрымтал тұстарды пайдаланып, ұрып үлгеріп, жеңіске жетті.

Жалпыкомандалық есепте М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тобы бастаса, қалған жүлделі орындар М. Дулати мен Қ. Жұбанов атындағы университеттерге бұйырды.

Айта кетейік, универсиада да жақсы нәтиже көрсеткен БҚИТУ-дың студенті, “Тайсон” деген лақап аты бар  Сағындық Молдашев осы жылдың тамыз айында Италияның Неаполь қаласында өтетін Дүниежүзілік универсиадада ел намысын қорғайтын болады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар