21.05.2019, 11:33
Қараулар: 223
Жырлары ақиқаттың айнасына айналған

Жырлары ақиқаттың айнасына айналған

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық пен «Құрмет» орденінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының  иегері Ақұштап Бақтыгереева 75 жасқа толады.

Өзінің қауырсын қаламымен ақ жүрегін өлеңнің қуанышы мен қайғысына орап, кезі келсе,  күн боп күле білетін, қара өлең үшін қара түннен де қасықтап қам жинайтын, сол жолда қасиеті мен қарымын, кісілік келбетін әлдеқашан түгелдеген ақынның бірі  Ақұштап Бақтыгереева екендігіне ешкімнің таласы болмас.

Өлең – киелі өнер. Кесек-кесек ой тоғытып, түйдек-түйдек тамырлы сөз айтқандар ғана оған еркін бара алады. Тереңдігін сезінердей сеңсең ой, езілген еңсеңді елең еткізіп, еріксіз елжіретер есті өлеңдер керек. Сонда ғана өлең өлкесі есігін айқара ашады. Киелі осы өнердің төріне Ақұштап әбден лайықты. Сөзім жалаң болмасын:

Қызыл тілде алғаш кілті өнердің,

Жыр жолы боп елестейді келер күн.

Ең алғашқы әлдиі де ананың

Басталады ұйқасымен өлеңнің.

Мейірім де ән сазымен тарайды,

Тұрады әннен тірлік таңы арайлы.

О, жас ұрпақ! Төрлеріңе ілгейсің,

Патша емес, Махамбет пен Абайды, – дейді. Мінсіз өлең. Мұңсыз да емес. Өз тіліміз, қазақ тілінің қадірін заңдастырып жатқанда кейінгі ұрпаққа сол туралы көркем ойды келістіре жеткізу Ақұштаптың айнымас антына айналған. Өз тіліңді өзекжарды сүю – міндет. Ал сүймесең, өкініші өртке айналарын ақын осылай айтпағанда қалай  айтады?.. Сөйтіп, өлең – есердің тілі емес, естінің тілі. Ақынның:

Сонан соң менің бойымды билеп ерке өлең,

Бір ғажап нәзік сезімге қайта өртенем.

Өмірге деген іңкәрлік билеп жүректі,

Ақ сәуле таңға тереземді ашам ертемен, –

дегеніне еріксіз тоқтайсың.

Ортамызда жүрген ақын апамыздың қаламында сан рет қайталанған тақырып – махаббат тақырыбы. Талайдың тамсана жырлаған, әлі талайлар тамсана жырлайтын, тоқтар жері жоқ, кеңдік-көлемдік ұғымдарға сыймайтын, талай ұлы мен алыптардың азабына айналған тақырып. Қарапайым қатардағы жастардың қуаныш-мұңын, сезім сергелдеңін сезініп, оны өз басынан өткермесе, ешкім ол туралы өлең жазбас еді ғой. Міне, ақын махаббат деген көруге көз жетпес тылсым дүниенің табиғатын тап-тап басып, тамырын өзіне тарта білген.

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі

Ғашықтың жарасы, – деп, Абай атамыз төгілдіре тебірентсе,

Мен сені ойлайтынмын

Таусылмас жыр-ән ғой деп,

Төменге қонбайтұғын

Тәкаппар қыран ғой деп.

Тұрса да асқар алда,

Қайтпайтын қайсар деуші ем.

Жан сырын басқаларға

Айтпайтын байсал деуші ем.

Жалынның барлығына

Күймес деп ойлайтынмын.

Саусағы әр бұрымға

Тимес деп ойлайтынмын, – дейді ақын. Осы бір үш шумақтың ішінде ғашықтық сөз жоқ та, іңкәр сезім төбеңнен төмен төгіліп-ақ тұр. Абайдай алыптың айдай әлемге әйгілі ғашықтық пернесі араға бір ғасыр салып, адамзатпен қайта қауышып отыр. Махаббат тақырыбын ешкім меншіктеп, ен салып, еншілемес, десе де, іңкәр сезімді Абайша әлдилеудің әдісін жетік білген тың тәсіл, ордалы ой таныту Ақұштапқа жарасып-ақ тұр. Сөзімді дәлелдей түсейін бе…

Кең арнаға жатқанда Жайық  толып,

Қуанайын жағадан қайық көріп.

Арғы беттен қолыңды созшы маған

Жете алмаған Бөбекке Қайып болып, – деп, махаббатты кие тұтқан тағы бір жандардың жаралы жүректерін алға тартқан көріпкелдігіне таңданыс танытасың. Ғажап-ау, ғажап! Байлық пен барға, үлде мен бүлдеге оранып отырса да, махаббат жолында барлығын тұл қылып, патшалық орнын құлдыққа айырбастауға әзір қайран жүрек-ай…

Не болар демей тағдырым,

Не сыйлар демей алғы күн,

Жаныма жайлы дәуреннің

Құрбан қып кеттім барлығын, – деген сөзіне дау айта алмаспыз.

Сөйтіп, махаббат тақырыбы – ақынды ақын деген атқа лайық еткен айнымас темірқазығы. Сол арқылы ол өз бойындағы махаббат сезімін бүкіл адамзат баласына таңып, ардақты ету жолын тапқан. Ақынды өмірінің шаңқай түсінен ауып, артынан алды жақын адам ғұмырының кезеңі жетсе де, ғашықтық жырдан бас тарттырар күш бізде енді жоқ сияқты.

Өзге жанға ұқсамайтын өзгешем,

Өзіңменен көктем бағын кезбесем,

Қол ұстасып бірге жүрген кезде сен

Шын бақытты екенімді сезбесем,

Махаббат жайлы жазбас ем, – дейді. Демек, адам баласын көз алдымызда бақыттан айыру – қиянат.

Бақытсыздыққа басты тігу, ақынның тілімен айтсақ, махаббаттан басталады екен. Сөйтіп, бақыт махаббаттан тұрады. Олай болса, махаббаттың ерте-кеші, жас-кәрісі болмайды. Әлі де әлдилей, тербете түс, ақын!

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы барша қазақтың көз алдында. Көзімізбен көрмесек те, көкірегімізде әбден айықпас мұң болып қалды. Ел билеушілерінің астамшылығынан Алматы қаласында өткен жастардың наразылығы барша халықтың есінен мәңгі кетпес. Әділ сөз айта алмай, бас сауғалағандар болды. Ал жалынды сөзімен жастарға жұбаныш болған Жұбан сияқты біртуар азаматтардың тұлғасы жадымызда мәңгі жаңарар. Жаңа жыл қарсаңында Жазушылар үйінде болған Колбинмен кездесуде қанға боялған жастарымыздың ары мен намысын қорғап, ертеңгі дәм-тұзын ойламастан, қасқиып тұрып сөз айтқан  Жұбан тұлғасын Ақұштап апамыз арқылы жаңа қырынан  танып  едік.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,

Ит таласын деп пе едің немеремді? – дейді ақын. Бұл – Жұбанның сөзі. Өмір бойы дегенін жасап келген үстем күшке қарсы атылған оқпен тең сөз. Құрсаулы күшке кім қарсы тұра алар?! Өткір сөзді кім айта алар?! Міне, Жұбан сынды ағамыздың әдебиеттегі тұлғасын бір төбе етіп, саяси қайраткерлік тұлғасын екінші төбе еткен ақынның адал сөзіне иланбай көр.

Жұбан – бөрі, өзгелер  қояндардай,

Колбин жүзі сәл ғана боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай, – дейді көріпкел ақын. Иә, ақын айтқандай, уақыт өткесін ұйқымыздан ояндық. Қазір желтоқсан жайлы жазғыштар көбейіп, айтқыштар жетерлік болды. Бірақ солар кезінде қайда қалған?.. Жұбан тіршіліктен кетсе де, өмірден, өлеңнен кеткен жоқ. Бұрыннан да қарасына мол қарымды, емендей еңселі ағамыздың жүгі жылдар өтсе де, ортаймасы анық. Оны ортайтпайтын Ақұштап бар. Ол Жұбанды жоқтай отырып, келер күннің көкжиегіне бал аша біледі. Барыңды бар, жоғыңды жоқ дей алады. Ешкімнен қорықпайды, жалтақтамайды. Бүгінгі күнге өкпесі мен базынасын жасырмайды. Сөйте тұрса да, уақыт керуенінен күдерін үзбейді.

Қамсыз қазақ әлі отыр беткейде ана,

Кейде тіпті  қонады-ау шеткей дара.

Алыстарға айқайлап жар салатын

Сенің даусың дәл бүгін жетпейді, аға, – деп жырлауы да соның дәлелі.

Ақұштап – ел қамын, жер қамын бір кісідей жоқтап жүрген жан. Республикалық басылымдар – «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерден көлемді мақалаларын жиі көреміз. Бұл – көрінейін деген қарабайыр тірлік емес, кісілік келбетін танытар өмірлік бағыты. Орайлы тұста өткірлігін танытып қалуды да мақсат тұтпайды. Бақай есептен ада, бірқалыпты даму бар, табандылық бар. Жасықтық, жалтақтық сезілмейді. Ақын – өлеңде қандай өміршең болса, өмірде де сондай азамат адам. Шындықты айтудан сескенбейді:

Ұшпай тұр қарағайдан таңда қыран,

Уланып өлді ауадан арда құлан.

Кем-кетік ұрпақ өсті ауылында

Қырық жыл полигонның зардабынан.

Құдайға қарап тағы отыр елің,

Тазартып сай-құдығын, шоқы-белін.

Көгілдір ту көтерген еркін елге

Білмеймін, сен қандай жыр оқыр едің, –  дейді. Міне, өлең өзегінде айтар ойы айқын, тұспалдау, меңзеу сияқты синонимдерден аулақ айқындық пен өткірлік салтанат құрған.

Ақынның туған жері – алтын аймағы. Оны ол талай жырлады, әлі де жырлай түсер. Ақ Жайықтың тұтас тарихында оған арнап жүрек жырын жалаулатқан ақын екеу болса, соның  бірі осы Ақұштап екенін мойындайсың. Оның өлеңдері туған жердің ой-қырын, тал-терегін, нуы мен суын, малы мен жанын түгел түгендеп шығады. Оған деген сазды сағыныш, мөлдір мұң, мазасыз шақ менмұндалап тұрады. Ол – жалаң баяндау, сылдыр сөз емес, көзіңнен мөлдір-мөлдір жас тамызар сағыныш әні. Сол сағыныш ақыры ақынды елге сіңісті етті.

Келеді көктем, гүл қайта шешек жарады,

Жасартып тағы құлазып жатқан даланы.

Солғанша өзі қуаныш сыйлап өтеді,

Негізгі тамыр туған жерінде қалады.

Жазылған гүлге қайтадан түлеу жаңарып,

Сан көңілдерге қуаныш нұрдай таралып.

Гүл екеш гүл де ұзартады екен  ғұмырын

Тамыры жатса, туған жерінен нәр алып, – дейді. Иә, туған жерінің төрінде отырған ақыннан күтеріміз әлі де көп.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар