21.05.2019, 11:32
Қараулар: 178
Спорт саңлағына лайықты құрмет

Спорт саңлағына лайықты құрмет

Чапаев  ауылында Ақжайық  ауданының  құрметті азаматы, велосипед  және  шаңғы  спорттарынан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораевтың 80 жас мерейтойына арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

Алдымен мерейтой құрметіне ұйымдастырылған велошеруге қатысушылар мерейгермен бірге Чапаев ауылының көшелерімен жүріп өтіп, Қонаев атындағы көшенің орталық алаңына барды. Велошеру қатарынан көрінген «еңбектеген баладан еңкейген қартқа» дейінгі спортсүйер тұрғындар сән-салтанаты жарасқан көш түзеді.

Бұдан кейін Асқар Ишанұлы мен зайыбы Ләйла апаны аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдады.

– Асқар Ишанұлы, сізді сексеннің сеңгіріне аман-есен жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің ұшан-теңіз еңбегіңіз ұрпаққа зор үлгі. Жалындаған жас шағыңыздан бастап жаныңызға спортты серік етіп, биік белестерді бағындырдыңыз. Осы жолда аянбай тер төгіп, мол нәтижеге қол жеткіздіңіз. Кеңестер одағы тұсында екі бірдей спорт түрінен спорт шебері атану –  бүгінде әлем чемпионы болумен бірдей. Бүгінде сол еңбегіңіздің жемісін көріп, құрметке бөленудесіз. Спорттың бұқаралық сипат алуында еткен еңбегіңіз зор. Шәкіртіңіз көп. Ел үшін жасаған жомарттығыңыз бір төбе. Сізге бақытты да ұзақ ғұмыр тілейміз! – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде. Сонымен қатар  ол мерейгерге алғысхат табыстап, иығына шапан жапты. Зайыбына ақжаулық сыйлап, гүл ұсынды.

Шара мәдени-демалыс орталығында мерейтой иесімен кездесу кешімен жалғасты. Осында аудандық орталықтандырылған кітапхана, Асқар Ишанұлының туған жерінен Қаршы орта мектебі ұжымы ағаның әр жылдардағы жетістіктері туралы көрме ұйымдастырды. Көрмеде А. Шораевтың спорттан алған кубок-медальдары, суреттері, мерзімді басылымдарда жарық көрген сұхбаттары қойылған.

Кеш барасында Асқар Ишанұлына түрлі сұрақтар қойылды. Сұрақтарға толғана жауап берген ол өзінің өмір өткелдерін әңгімеледі. Мысалы, балалық шағы хақында қойылған сауалға тұшымды естеліктермен жауап берді. «Мені жалғыз анам тәрбиеледі. Әкем мен інісі соғысқа аттанып, артынан хабар-ошарсыз кетті.

Ағам ерте өмірден өтті. Яғни тұрмыс тауқыметін аз тартқан жоқпын. Тіпті сол кезде біз ауылдағы ең кедей отбасының бірі едік. Дейтұрғанмен балалық шағымдағы қиындық мені әбден шыңдады. Спортқа бейім болып өстім.

Таңның атысы, кештің батысы спортпен шұғылдандым. Жеңіл атлетикамен айналысып, салқын суға шомылдым. Менің сондай қылықтарымды көрген көршілер, үлкендер тіпті «бұл бала аздап ауыратын шығар» деп топшылапты. Анамның қолдауының арқасында бүкіл қиындықтарды еңсеріп, алған бетімнен таймадым», – деді ақсақал  ағынан  жарылып.

Иә, мерейгердің өмір белестері тұнған тарих. Ол 1939 жылы бұрынғы Чапаев ауданы Ілбішін кеңшарына қарасты 4-бөлімшеде өмірге келген. 1947 жылы кеңшардағы Қаршы мектебіне барып, білім алды. 1957 жылы мектепті сәтті аяқтады. Мектепті тәмамдағасын кеңшардағы тракторшы курсын оқып, сол мамандық бойынша қызмет етті. Жұмыс барысында алғырлығымен, жауапкершілігімен көзге түскен оны басшылар кеңшардың комсомол ұйымдастырушысы етіп тағайындайды. 1958-1959 жылдары Орталық комиттеттен Қазақстан магниткасына шақыру жарияланады.

Асқар Ишанұлы да еліміздің басқа да жастармен бірге Теміртау қаласына аттанады. Ондағы жұмыстың қыр-сырымен танысқан жастарды жан-жаққа тәжірибе жинақтауға жібереді. Қазіргі Ресей Федерациясының Кемеров облысындағы Новокузнецк қаласында білімін толықтырады. Содан соң Теміртауға қайтып келіп, қызу еңбекке араласқан. Сол жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызметтес болып, жас шақтарын бірге өткізген. «1962 жылы Қазақстан комсомолының Х сиезі болды. Оған комбинаттан Нұрсұлтан Әбішұлы, электро-жөндеу бөлімінен Бану деген келіншек және мен бардым. Ол жиынға Дінмұхаммед Қонаев та келген болатын. Сиезде Н. Ә. Назарбаев сөз сөйлеп, комбинаттағы жағдай, басқа да жастарға қажетті дүниелерді айтып, өткір мәселелерді көтерді. Міне, сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы сөзге шешендігімен, алғырлығымен Д. Қонаевтың көзіне түсіп, әрі қарайғы қызметтік өрлеуіне жол ашты. Тұңғыш Елбасымен еңбек майданындағы естеліктер көп-ақ», – деді өз сөзінде Асқар Шораев.

Міне, сол Теміртаудағы цехта, бірнеше градустық домна пешінің жанында ағамыз  табан аудармастан 33 жыл еңбек етті. «Батыр майданда, болат қайнауда шынығады» демекші, болаттай берік Асқар Ишанұлының еңбектегі өнегесі қырық нарға жүк болардай.

Бала кезден әдетке айналдырған спортпен шұғылдануды да ешқашан жанынан тастамаған оның ептілігін теміртаулықтар да қатты бағалаған. Ол еңбегі де еш кетпеді. 1960 жылы шаңғыдан, ал 1961 жылы велосипед спортынан КСРО спорт шебері атағын алды. Бұл жетістік спортшының атағын алысқа апарған еді.

1974 жылы Жоғары партия мектебінде білім алып, өзін жан-жақты шыңдады. 1992 жылы жұмыс бабымен Алматы қаласына қоныс аударып, 1993-2005 жылдар аралығында «БАТ корпорациясында» бас директор қызметін атқарды. 2013 жылы Батыс Қазақстан облысының велоспорт федерациясының президенті болып сайланды.

Зейнеткерлікке шыққасын да үйде отырып қалмай, ел ісіне белсене араласты. Ол Теміртау қаласында бірнеше спорт нысанының салынуына тікелей мұрындық болды. Айталық, сол қаладағы «Металлург» стадионы, велотрек, «Жастар» бассейні және 50 метрлік тирдің салынуына жетекшілік жасаған. Туған жеріне оралғасын да ісін қайырымдылықтан бастады. Өзі оқыған Ілбішін ауылындағы Қаршы мектебіне жан-жақты материалдық көмек көрсетіп тұрды. Соның ішінде жас спортшыларды қолдауда белсенділік таныта білді. Ілбішін ауылына көгілдір отын, ауыз судың тартылуына, Қаршы мектебінің, ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуіне тікелей атсалысты.

Бүгінде түрлі жат діни ағымдар жастарды «торғайды арбаған әбжыландай» арбап жатқаны белгілі. Жастар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біле алмай, жат ағымдардың жетегіне кетіп жатыр. Осының алдын алу мақсатында Асқар Ишанұлы жомарттық танытып, 2007 жылы өз ауылына зәулім мешіт салып берді. Мешітті өз анасы Зейнел ананың атымен атауында да зор мән жатыр. Анасы бес уақыт намазын қаза қылмаған иманға бай адам болыпты. Ана алдындағы парыздың бір парасын өтей алған азаматқа ауылдастары дән риза. Бүгінде ілбішіндіктер сол мешітте түрлі діни мейрамдарды атап өтіп, жұма намазына қатысып тұрады. Осында көп жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан имам Тұрсынғали Құжаповқа ауылдастары алғыстарын білдіріп жүр.

Асқар Ишанұлының осы және басқа да елеулі еңбектері сөз болған шырайлы шарада жиналғандар кейіпкердің өмір деректерімен молынан қанықты. Мерейтой иесінің спорт саласына сіңірген еңбегін бағалап келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева көпшілік алдында  ашыла  сөйледі.

– Еліне елеулі, халқына қалаулы Асқар ағамыздай спорт саңлағына сый-құрмет жасап жатқан ақжайықтықтарға алғысымыз зор. Облыс, аудан көлемінде бұқаралық спортты насихаттауда ағамыздың еңбегі айтарлықтай. Мысалы, Ақжайық ауданында велоспорт федерациясының ашылуына бастамашы болған ол кісінің  еңбегі нәтижесіз емес. Ақжайықтық балғындар бүгінде түрлі додаларда олжа салуда. Асқар Ишанұлының осынау бастамалары баршаға үлгі, – деді ол өз сөзінде.

Иә, Әсия Рахымқызының сөзінің жаны бар. Сонымен қатар былтыр А. Шораев Ілбішін ауылындағы Қаршы мектебінен велоспорт үйірмесін ашуға мұрындық болды. Өзі бастап, ауылдағы кәсіпкерлер қостап, үйірме оқушыларына 18 велосипед сатып алып берді. Қазір қаршылық оқушылар велоспорттың қыр-сырын меңгеруде.

Кеш барысында кейіпкердің замандасы, белгілі ақын Айтқали Нәріков сахнаға көтеріліп, замандасы хақында ой бөлісті. Осындай азаматтардың атқарған еңбегін өскелең ұрпақ білуге тиіс екенін, оған қандай құрметтің де лайық екенін жеткізді. Сонымен қатар ол жақын күндері Асқар Ишанұлы туралы авторлық кітаптың жарық көретінін айтты. Осында өңірімізге белгілі кәсіпкер, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Нәсіпқали Қайырқомов сөз сөйлеп, мерейгерді 80 жасымен құттықтады.

«Болашақта қандай жоспарыңыз бар?» деп сұрағанымызда, «Мен қашанда еліммен біргемін. Адамның бір қызығы бала деген, ұрпағымның зор жетістікке жеткенін, биікке көтерілгенін көрсем деймін. Сонымен қатар менің ел алдындағы борышым әлі де өтелген жоқ. Шамамның жеткенінше туған жердің гүлденуіне атсалысамын. Еңбегімді ескеріп, 80 жасыма орай осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімдігіне, жерлестеріме ағалық алғысымды арнаймын», – деп жауап қайырды Асқар Ишанұлы.

Осы күн құрметіне орай аудан көлемінде велоспорттан, қол күресінен, асық ату, «Бес асықтан», шағын футболдан жастар лигасы ойындары, волейболдан жарыстар  ұйымдастырылды.

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар