21.05.2019, 11:28
Қараулар: 11
Құралайға қатер төніп тұр

Құралайға қатер төніп тұр

Саналы тіршілік иесі адам табиғаттың, яғни қоршаған ортаның тазалығын, тепе-теңдігін сақтап, байлығын тиімді пайдалана білуі керек. Қоршаған ортаға, оның ресурстарына, халықтың экологиялық қауіпсіздігіне қол сұғу – экологиялық қылмыстық  құқықбұзушылық болып табылады. Оған жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін аулау мен жинау да жатады.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі 969-қаулысына сай, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, еліміздің бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы бұйрығымен (№18-03/105) киіктердің мүйізі де дериваттар қатарына жатқызылды. Соған қарамастан соңғы жылдарда киік мүйізіне әуестенушілер қатары артып барады.

Ата-бабаларымыз киікті «ақбөкен» деп ардақтап, ен даланың еркесі санаған. Ашаршылық жылдарында болмаса, оларға орынсыз қол тигізбеген. «Жез киік» деп жырға қосқан. Ұлы даланың осы дәстүрін аяқасты еткендерді, ақша үшін азғындаған ұрпақты көргенде қазағымның киесі атсын дейсің. Сол азғындардың арасында қандастарымыздың, жерлестеріміздің жүргені тіптен жаныңа батады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Бөкей ордасы аудандық сотында 2018 жылы киік мүйізіне қатысты қаралған 7 істің жай-жапсарына қысқаша тоқтала кетелік.

Мұратсай ауылының тұрғындары Е. С., С. Б., А. З. округтегі жалғыз «Жедел жәрдем» көлігімен шығып, Мәзілбек қыстағы маңынан киіктің 6 текесі мен 1 ешкісін атып алады. Оларды ұстаған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК жануарлар дүниесін қорғау инс-пекторларының мәліметінше, мемлекетке келген залал 22 803 405 теңге. Аудандық соттың үкімімен залал толық өндіріліп, үшеуі де 4 жыл мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 4 жыл мерзімге бас бостандықтарына шектеу қойылды.

Бөкей даласындағы шоғырланған киік табындарына көз тігушілер шет аймақтардан да табылуда. Мысалы, оралдық Ж. С. сол қалада тұратын Д. Қ-ға Саралжын ауылына барып, киік аулауға ұсыныс жасайды. Ол құп көреді. Ж. С. «ГАЗель» аутокөлігіне қаршанасын тией келіп, екеуі қаршанасымен қуып «Сүйекті жыра» қыстағы төңірегінен ақбөкеннің екі серкесін атып, мүйіздерін алып жатқанда аңшылық инспекторлары келіп қалады. Олар қашады. Тура кинодағыдай қуғын басталады. Оқыста Д. Қ. қаршанасынан құлайды. Әріптесінің оған қарауға шамасы болмай, одан әрмен қашқанымен, көлігі сорға тіреліп қолға түседі. Аңшылық инспекторларының қырағы көзі «Сүйекті жыраны» төңіректеген «L 248 EFA» нөмірлі «Лада 2114» маркалы «Лада» көлігінен бекер секем алмапты. Тергеп-тексеру барысында, сол көліктегі оралдық Ж. С. мен Қазталов ауданы Қоныс ауылының тұрғыны Т. Х. Ж. С. мен Д. Қ-ның сыбайластары болып шықты. Олар жанар-жағармай, су әкеліп, ұялы телефон арқылы инспекторлар туралы да хабар жіберіп үлгеріпті. Аудандық сот Ж. С. мен Д. Қ-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен, ал Ж. С. мен Т. Х-ны ҚК-нің 28-бабының 5-бөлімімен, 337-бабының 4-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен кінәлі деп танып, заңға сай жаза белгіледі. Бұл аты-жөні аталған азаматтар киікті арнайы көлікпен аулап, атып алып, мүйіздерін кесіп алған.

Қытай базарындағы киік мүйізінің бағасы сол елмен шекаралас аймақ тұрғындарын оңай олжаға, көлеңкелі бизнеске итермелейтіндей. Әйтпесе, Өзбекстан Республикасының азаматы Самарқан облысы Нұрабат ауданының тұрғыны Р. С. мен оның қандасы шымкенттік Б. Е. (екеуі де өзбек) Ұялыға келер ме еді?!  «Қара металл және мал дайындап жүрміз» деген олардың «кz 397 FBA» нөмірлі «УАЗ-Патриот» көлігінен жергілікті полиция инспекторы салмағы 300 грамм екі киік  мүйізін табады. Олардың өздерімен бірге электрондық таразыны да алып жүретіндері мәлім болды. Ала шапанды туыстар әділ жазадан құтылмады.

Сондай-ақ ай далада жатқан киік өлексесіне кездейсоқ тап болып, «итке беремін» деп төшкесін, «кәдеге жаратармын, ақша алармын» деп мүйізін үйіне апарғандар да құқық қорғау құрылымдары мен аңшылық инспекторларына ұсталып, істі болуда. Солардың бірі – мұратсайлық Е. Қ. Ол ауылдан 5 шақырымдай жерден тауып алған өлексені итіне бермек болып «Жигулиге» салып шаталған. Далада өліп жатқан киіктердің мүйізін жинағандар саралжындық Ж. Е. (2 мүйіз), ордалық Қ. Қ. (4 мүйіз), бөрлілік Н. З. (15 мүйіз) аңды әдейілеп өлтірмесе де ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен жауапкершілікке тартылды.

«Тек жүрсең, тоқ жүрерсің» дейді халқымыз. Адамның жанарындай мөлдіреген екі көзінен жас парлатып, ақбөкенді құрбандыққа шалғандарды киіктің киесі жібермес. Обал сауапты білмейтін сезімсіз жандардың қатыгез қылықтары ұрпақтарына зауал ғана әкеледі. Осыны ескерейік. Барша қылмыстың алдын алайық. Табиғатты, киіктерді қорғайық.

Гүлжихан   САҒИТОВА,

Бөкей   ордасы   аудандық сотының   төрайымы