21.05.2019, 11:27
Қараулар: 9
Некені нығайту үшін не істеу керек?

Некені нығайту үшін не істеу керек?

Халықаралық отбасы күніне байланысты Орал қаласы әкімдігінде  отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша 2019-2021 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары талқыланды.

Басқосуға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, жергілікті сот құрылымдары, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың төрағалары, сала мамандары қатысты. Алқалы отырысқа төрағалық еткен қала әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзінше, шаһарда 300 мыңнан астам тұрғын мекендейді. Балабақшаға баратын және мектеп жасындағы балалар саны жылдан-жылға артуда. Бұл – демографиялық өсімнің және урбанизацияның қарқынды жүріп жатқанының айғағы. Халық санының көбеюі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүргізуді, сондай-ақ отбасылық құндылықтардың маңызын ескеріп отыруды қажет етеді. Қоғамда күрмеулі түйткілдер бар-ақ. Мәселен, бейбіт күнде шаңырағы шайқалып, отасуға бекінгендердің көп ұза-май түтіні түзу ұшпай жататыны  өкінішті. Биылғы төрт ай ішінде  шаһарда 636 жұп отбасы құруға, 428-і некені бұзуға өтініш білдірген. 2018 жылы 3374 неке тіркелсе, 1262 отбасы ажырасқан.

– Жобаны талқылап, жұмыла жүзеге асыруға облыстық сот басшылығы бастама көтерді. Бүгінгі таңда неке мәселесі өте өзекті.

Былтыр  Орал қаласы бойынша 1262 неке одағы бұзылса, соның ішінде 1094-іне қатысты соттың шешімі шыққан. 168 жұп екіжақты келісім бойынша ажырасқан. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 428 неке есептен шығарылды. Статистикаға сүйенсек, ажырасу себептерін көрсеткендердің 10%-ы тұрмыстық зомбылыққа, 20%-ы күйеуі не әйелінің ішімдікке салынуы немесе 1%-ы есірткіге тәуелді болуына, тағы 10%-ы жұмыссыздық мәселесіне, 25%-ы жұбайлардың өмірге деген көзқарасы сәйкес келмеуіне, 5%-ы шаңырақ көтергенге дейін де, кейін де бірін-бірі ұната алмауына, 15%-ы материалдық игіліктің жетіспеушілігіне  байланысты. Әркімнің тағдыр жолы бөлек.

Отбасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне туысқандары да әсер етіп жатады.

Дегенмен қоғамдық институттар ажырасу көрсеткішінің көбейгеніне алаңдап отыр, – деді баяндама жасаған Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Биыл аз қамтылған және көп балалы отбасыларды материалдық тұрғыда қолдау мақсатында үкімет жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті бере бастағаны мәлім. Бақытжан Нарымбетовтің дерегінше, сәуір айында қалада 1500-ден астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алып үлгерген. Бұл бағытта өтінімдер қабылдануда. Қала бойынша 9191 адамға 154 млн. теңге көлемінде АӘК беру жоспарланды.

Оралда 19 мыңнан астам адам үй кезегіне тіркелген. Соның ішінде 7308 адам әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жатады.

785-і – көп балалы отбасы санатынан. Мамыр айында қаладағы көп балалыларға 20 пәтер берілді. Алдағы уақытта демеу қажет ететін тұрғындарға кезек тәртібімен 216 пәтер беру жоспарлануда.

Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қоғамдық ұйымдар жыл сайын түрлі жобаларды жүзеге асырады. Бірнеше жыл бұрын Салтанат сарайында неке қиюға өтініш білдіргендерге психологиялық және құқықтық кеңестер беру жүзеге асқан. Алдағы уақытта осы қызметті жандандырып, арнайы орталық ашу жоспарлануда. Одан бөлек, қоғамдағы отбасы рөлін нығайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған қалалық іс-шаралар жоспарын қолданысқа енгізу көзделуде. Жоспардың бағыт-бағдарымен таныстырған Бақытжан Нарымбетов алдымен, отбасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу, неке қиюға және бұзуға өтініш білдіргендермен жұмыстану, сот ғимаратында ажырасу себебі туралы экспресс-сауалнама жүргізу қолға алынатынын айтты. Ұйымдастыру кезеңінде болашақ ата-анамен әңгімелесу, неке қиғандарына елу жылдан асқандарды жастармен кездестіру, АХАТ бөлімінде жоғары сынып оқушыларына арналған «Ашық есік» күнін, отбасылар арасында спорттық сайыстар өткізу және ажырасуға бел байлағандарды психолог мамандарға жолықтыруға ықпал ету, сондай-ақ некені сақтауға шара алуға қатысты мекеме және салааралық байланысты нығайту көзделген. Іс-шаралар жоспарын екінші жартыжылдықта жүзеге асыруға арнайы жұмыс тобы құрылады.

Басқосуда сөз алған облыстық сот төрағасы Бек Әметов неке бұзылған соң салдарымен күреспей, оны болдыртпау жолдарын қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, АХАТ бөліміне некені тіркетуге келгендер міндетті түрде психологиялық тренингке қатысып, мамандар отбасындағы жауапкершілік маңызы айрықша екенін жете түсіндіруі тиіс. Тренингті ұйымдастыруда мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қоян-қолтық жұмыс істеуіне жағдай  туғызуы керек. Басқосуда БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрайымы Сұлуғаным Қадыралиева биыл Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімдігі мен аудандық сот жүйесі «Отбасы-life» жобасын іске қосқанын хабарлады. Жоба бойынша шаңырақ көтергісі келетін жастарға бағытбағдар беріледі. Аудандық сот «Отбасының ар-намыс кодексін» дайындап, АХАТ бөлімі арқылы некеге тұрған жас отбасыларға неке куәлігімен бірге табыстайды. «Кодексте» отбасын сақтау жауапкершілігі, тараптардың ортақ міндеті жазылған. Сұлуғаным Қадыралиева ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар татулығын сақтауға қатысты Германия елі қолданатын тәжірибе жөнінде де айтты. Орал қаласының АХАТ бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеев, «Жайық таңы» ҚБ-ның төрайымы Гүлбаршын Мұштанова, еңбек ардагері Асқар Атаев бұл бағытта өз  пікірлерін  білдірді.

Нұртай  ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар