21.05.2019, 11:25
Қараулар: 176
Бізді сүйсіндірген Мерей

Бізді сүйсіндірген Мерей

Жақында  жұмыс  барысымен  Тасқала  ауданындағы  Мерей ауылдық  округіне  ат  басын  бұрып,  тыныстіршілігімен  танысып  қайттық.  Ауылға  кірген  сәттен-ақ  жып-жинақы үйлер  алыстан  көз  тартады.

Әр  үйдің  ауласында  бақша  егіп,  аула тазалап,  қызу  еңбекке  араласып  жүрген  адамдарды  байқадық.

Мерей ауылдық округіне Аққайнар, Өркен, Айнабұлақ, Тоғайлы елді мекендері кіреді. Жалпы, бұл округте 393 түтін, 1 647 тұрғын бар екен. Аталмыш ауыл-аймақта 63 шаруа қожалығы, 36 жеке кәсіп нысаны, бір өндірістік кооператив тіркелген.

Негізінен, ауыл тұрғындары мал, егін шаруашылықтарымен айналысады. Мерей ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріковтың айтуынша, соңғы жылдары ауыл тұрғындары заман талабына сай кәсіптен нәсіп табу қажеттігін терең түсініп келеді. Осыған орай бүгіндері округте 36 орта және шағын бизнес субьектілері бар. Олардың 12-сі мемлекеттік бағдарламалары арқылы шағын несиелер алып, өз кәсібін дамытуда. Мерей ауылында екі азық-түлік дүкені, бір кафе тұрғындарға қызмет көрсетеді. Былтыр ауыл тұрғыны Әйгерім Ниязғалиева «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы кондитерлік өнімдерді шығару үшін грант алған. Ал ауыл азаматы Жоламан Сиражев 2,5 млн. теңге алып, дөңгелек жөндеу цехын ашқан. Тағы бір ауыл тұрғыны қоғам-дық монша салуды жоспарлап жүрген көрінеді.

КОНДИТЕРДІҢ   АРМАНЫ

Біз ауыл тұрғындарын тәттілерімен тамсантып жүрген Әйгерім Ниязғалиеваны әңгімеге тарттық.

 –  2018 жылы көктемде «Бастау бизнес» бойынша оқып, грантқа қол жеткіздім. 243 мың теңге грант алып, соған миксер, блендер, мұздатқыш сияқты өзіме керекті жабдықтар сатып  алдым. Қазіргі күнде ауылдастарымнан, көрші ауылдардан тапсырыс алып, тәтті торттарды үйден дайындап, өз-өзімді қамтып отырмын. Сұраныс бар, әрине. Қыс бойы түрлі торттар, вафли пісіріп саттым. Күніне 10 мың теңгеге жуық ақша түсіп тұрды. Менің торттарым қаладағыдай қымбат емес. Балдан жасалған торттар 1 330 теңгеден басталады. Пісірген тәттілерімді суретке түсіріп, түрлі әлеуметтік желілерге саламын. Сол арқылы да тапсырыс түсіп жатады. Қазір бәрін үйден пісіріп отырмын.

Ендігі арманым – болашақта осы бизнесімді ұлғайтып, шағын цех ашу. Отбасымда жұбайым, екі балам бар, – дейді ақтарыла әңгімесін айтқан Әйгерім бізге тәттілерінен дәм ұсынуды да ұмытпады.

ҚҰПИЯ   ҚАМҚОРШЫСЫ   БАР   МЕКТЕП

Ауылдағы орта мектептің салынғанына қы-рық жылдан асыпты. Бүгінгі таңда мектепте 157 жеткіншек білім алуда.  Жалпы, округте бір орта, бір негізгі, бір бастауыш мектеп бар. Мектептегі оқушы саны 136-дан 141-ге дейін өскен. «Жыл сайын бастауыш сыныптарда бала санының көбейіп келе жатқаны қуантады», – дейді мектеп директоры Артур Дүйсенов. Мерей ауылындағы мектептің жанындағы интернатта 15 оқушы бар. Өркен, Тоғайлы ауылдарынан келіп білім алып жатқан жас өрендерді мектеп аутобусы жұма күні үйлеріне апарып тастап, дүйсенбі күні алып келеді екен. Олар күніне алты мезгіл тамақ ішеді. Мектептегі бастауыш сынып, мектепалды даярлық топ оқушылары ақысыз ыстық тамақпен қамтылған. Олардың бір  күндік тамағы 300 теңгені құрайды. Мектеп директоры Артур Дүйсеновтың айтуынша, биыл білім ұясын 10 түлек тәмамдамақ. Олардың бәрі жоғары оқу орнына түсу  үшін қызу дайындық үстінде. Өткен жылы мектеп бітірген төрт түлектің бәрі де жоғары оқу орындарына түсіп, грант иегерлері атаныпты.

Ауылдағы табыс-кірісі аз отбасылардың балаларына мектепке баруға жыл сайын қомақты қаржы бөлетін ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкерді мектеп ұжымы мақтан етеді.

– Ол кісі өз аты-жөні аталғанын қаламайды. Екі жыл қатарынан қомақты қаражат бөлді. Бұл тек әлеуметтік қолдауды қажетсінетін оқушыларға қоса, бүтіндей бір мектеп оқушыларының керек-жарағын түгелдеуге жетеді.  Ауыл балаларының күнделікті өмірі көз алдымызда ғой. Қай оқушының аяқ киімі тозып жүргенін, қай оқушының күртесі тар болып қалғанын күнделікті көріп отырамыз. Оларға кәсіпкер берген ақшадан қажетін алып береміз. Оқу құралдары да дәл солай, мектепке алып қойып, бәріне таратамыз, – дейді директор Артур Дүйсенов.

ГАЗЕТ   АУЫЛҒА   КЕШ   КЕЛЕДІ…

Біз мектеп директорынан «Ауыл мұғалімдері «Орал өңірі» газетіне жазыла ма?» деп сұрадық.

 – Әрине, «Орал өңірі» газетіне жазыламыз. Мұғалімдердің 50-60 пайызы өз еріктерімен жазылады. Соңғы кездері бала тәрбиесіне қатысты өте тағылымды  материалдар шығып жүр. Бұл бағыттағы дүниелер бізге керек. Кей мақала-материалдардың  латын әліпбимен жарық көретіні де құптарлық. Біз сол газеттерді оқушыларға апарып, сабақта пайдаланып жүрміз. Тек бір әттеген-айы, газет бізге кеш келеді. Қараша айындағы газетті қаңтар айында алдық. Бұл мәселенің түрлі себептері бар шығар. Бірақ газет кешікпей қолға тисе, жақсы болар еді, – деп жауап берді біздің сауалымызға білім ошағының басшысы.

Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған мектеп музейі де өз алдына бөлек мақалаға сұранып-ақ тұр. Мектеп мұғалімдерімен жылы қоштасып, жолшыбай балабақша мен ауыл кітапханасына соқтық.

Біз барғанда балабақша ауласында апайларының көмегімен балдырғандар раушан гүлін егіп жүр екен.  «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Ақбөбек Демесінованың айтуынша, балабақшада 40 бүлдіршін тәрбиеленуде. Негізінен, тәрбие ұлттық құндылықтарды үйретуге бағытталған. Әр сәрсенбіде ауылдағы әжелер балабақшаға келіп, ертегі айтып, қазақтың ұлттық-салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп, ұршық иіру, көрпе тігу, кесте төгуді көрсетіп береді. Бүлдіршіндердің ата-тегін, жеті атасын жатқа білуіне ерекше мән беріледі. Балабақшамен жапсарлай орналасқан кітапханаға бас сұқтық.  Кітапханашы Айгүл Сарбалинова кітапханаға зейнеткерлер көп келетіндігін айтты.

– Кітапхана қорында 19 мыңнан астам кітап бар. Оқырмандар әдеби кітапты жиі сұрайды. Жастар поэзияға ынтық. Зейнеткерлер жергілікті басылымдар мен әдеби кітаптар оқиды. Жалпы, 200-ден астам оқырманымыз бар. Кітапқа, газет-журналдарға деген сұраныс жоғары, – дейді ауыл кітапханашысы.

Мерей ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріковтың айтуынша, округ бойынша 11 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалып, 2 млн. 958 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген. Жыл бойы 16 адам жұмысқа орналасқан. Биыл Мерей және Айнабұлақ ауылдарының күл-қоқыс алаңын тазалау, Тоғайлы ауылына балалар ауылын салу, құс және бау-бақша шаруашылығын дамыту, сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыруды жоспарлап, іске кірісіп жатырмыз, – деді округ әкімі Мэлс Жасанғалиұлы.

Соңғы жылдары мектеп түлектері ауыл мектебіне, ауылға көп көңіл бөліп келеді. Мерей мекте-бінің ауласына әр жылғы түлектер түрлі жеміс ағаштары мен шырша отырғызуды дағдыға айналдырған. Ауылдағы үлкен стадионды да мектеп түлегі салып берген. Мерейде  жыл сайын ұйымдастырылатын «Таза көше», «Таза аула» байқауына ауыл тұрғындары ынта-ықыласпен атсалысады екен. Тап-таза көшелерді көріп сүйсіндік және осындай жақсылық, жинақылық барша қазақ ауылдарына жұғысты болғай деп тіледік.

Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»,

Тасқала   ауданы