21.05.2019, 11:21
Қараулар: 267
Бөкей ханның есімін ұлықтайық

Бөкей ханның есімін ұлықтайық

Облыстық «Орал өңірі» газетінің 3 мамыр күнгі №35 нөмірінде облыстық Хан ордасы музей-қорының қызметкері Г. Елемесованың «Егер Бөкей көшпесе…» атты мақаласы жарияланған болатын. Осыған байланысты Орал қаласында тұратын бөкейліктер атынан үн қосуды жөн көрдік.

Шындығында Бөкей ханның еліміз тарихында алатын орны өте зор.

Егер Бөкей сұлтан дипломатиялық жолмен І Павел патшаның тілін тауып, 1801 жылы Еділ мен Жайықтың аралығына көшпегенде, бүгінде осынау аумақтың кімнің қолында қалары белгісіз еді. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының көптеген жері қазақ ханының көрегендігінің арқасында халқымыздың мәңгілік қонысы болып қалды. Сондықтан Бөкей ханның біздің өлке үшін жасаған еңбегі өлшеусіз дер едік.

Бөкей хандығында қазақтар отырықшылық өмір мен еуропалық өркениетке бет бұрды. Мектеп, қазынашылық банк, музей, аурухана, дәріхана, баспахана және басқа тарихи орындар осы Хан ордасында алғаш рет бой көтеріп, ел үшін еңбегі сіңген бірегей тұлғалар тәрбиеленіп шықты. Бөкей хандығының тұңғыштар мекені аталуы тегін емес. Бөкей ханның есімі Орал қаласымен де тығыз байланысты. 1812 жылы осында Бөкейді хан көтерді. Сол орын әлі күнге дейін Хан тоғайы деп аталады.

Ел тарихында есімі құрметпен аталатын Бөкей ханды әлі күнге дейін толық ұлықтай ала алмай келеміз. Сондықтан, біздер, бөкейліктер Зашаған  кентінің атауын Бөкей хан деп өзгертудің уақыты келді деп есептейміз. Мұны Ақ Жайық жұртшылығы қолдайды деп сенеміз. Бұл атау Зашағанға үйлесер еді. Ең алдымен Хан тоғайынан кейін Бөкей хан кенті басталар еді. Оның орталық көшесі Жәңгір хан атында. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті де осында орын тепкен. Сол себепті Жайықтың оң жақ бетінде орналасқан кентке Бөкейдің есімін беріп, Желтаудың алыстан көрінетін биіктеу жеріне ханның еңселі ескерткіші орнатылса, бұл баба алдындағы перзенттік борышымыздың өтелгені болар еді.

Мұқас   СПАНДИЯРОВ,

Орал   қаласындағы бөкейордалық жерлестер қауымдастығының  төрағасы