21.05.2019, 11:20
Қараулар: 165
Спорт кешендері көбеймек

Спорт кешендері көбеймек

ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаттары облыстағы  әлеуметтік  нысандарды  да  аралады. Сонымен  қатар  Орал қаласы  маңындағы  Деркөл кентіндегі  дарынды  балаларға арналған  спорт  кешені  құрылысымен  танысты.

Депутаттарға өңір жетістіктерін әңгімелеген облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сөзінше, Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс орталығында 250 дарынды балаға арналған спорт кешені салынып жатыр. Спорт кешенінің мектеп-интернатында 150 бала оқымақ. Жобаның жалпы құны – 1 323,4 млн. теңге. Биыл республикалық бюджеттен 750 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 7,5 млн. теңге бөлінді. Құрылыс мердігері – «Altair» ЖШС.

– Мектеп-интернатқа қабылданар кезде, спортпен шұғылданатын балалардың қабілеті толық зерттеледі және спорт кешені жанынан ашылатын колледжде мемлекеттік стандартқа сай білім алып шығады. Колледж іске қосылғанда 200 жұмыс орны ашылмақ. Бюджет қаржысы жобаға сай жұмсалуда. Жақында мемлекет басшысы жастарды спортқа тартуға жағдай жасауды тапсырды. Облыстағы 12 ауданның төртеуінде ғана спорттық-сауықтыру кешені бар. «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалары есебінен облыста сегіз спорттық кешен салу жоспарлануда. Жалынды жастар арасынан халықаралық аренада Қазақстан туын көтеретін талай жеңімпаз шығатынына сенеміз. Аталған спорт кешен құрылысы Жастар жылында аяқталады, – деген Алтай Көлгінов өңірдің өзекті мәселелерін шешуде қолдау көрсеткен Сенат  депутаттарына алғыс  айтты.

ҚР Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова спорттық нысан келешегіне зор сенім артатынын жеткізіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дарынды балаларға арналған интернатта білім алу үшін өзге өңірден шәкірттерге жолдама беруге қызығушылық танытуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар облыстағы жұмыс сапарында депутаттар кәсіпорындар мен түрлі мекеме ұжымымен кездескенін, қазіргі уақытта Үкіметтің жұмыс тобы еңбек заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп  жатқанын  хабарлады.

Галина   САМОЙЛОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар