21.05.2019, 11:19
Қараулар: 154
«Зенит» қолдауға мұқтаж

«Зенит» қолдауға мұқтаж

Облысымызға жұмыс сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Сенатының  бір  топ  депутаты  дүйсенбіде  Орал қаласындағы өндіріс орындарында болды.

«Орал  «Зенит»  зауыты»  АҚ-да  еңбек  ұжымымен  кездесті. Зауыттың бас директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, 1941 жылы Ленинград қаласынан Оралға көшірілген «Зенит» зауыты әлі күнге елімізде ірі өндіріс орны ретінде танымал. Бүгінге дейін әскери мақсатта қолданылатын 30 теңіз кемесі мен су катерін құрастырған кәсіпорын мұнайгаз және басқа салалар бойынша азаматтық құрал-жабдықтарды шығарады. Бірақ зауыт басшылығы еліміздің инновациялық-индустриалдық дамуына серпін беріп отырған өндіріс орнының болашағына алаңдайды. Себебі ҚР Қорғаныс министрлігі және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің техникалық әлеуетін қамтамасыз ету үшін зауытқа берілетін мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс қаржысының көлемі жыл сайын азаюда. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында қаражат аударылмаса да, «Зенит» өз күшімен келесі жылы қолданысқа беруге әскери кеме дайындауға кірісіп кеткен.

– Кәсіпорын жылына 4-5 әскери кеме шығаруға қабілетті. Былтыр зауытқа қарасты 100 адамды жұмыстан шығарып, штат бірлігін 800-ге қысқарттық. Егер мемлекеттен жеткілікті деңгейде қаржы бөлінбесе, биыл тағы да 200-300-дей жұмысшыдан қол үзуге мәжбүр боламыз. Зауытта жоғары білікті мамандар қызмет етеді. Екіжақты әріптестік аясында жұмысшылар біліктілігін Ресейде жетілдіріп отырады. Кәсіпорын тұраласа, өңір экономикасына кері әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта ҚР Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы бізден шығарылған техникаларды күтіп ұстауға, жөндеуге қауқары жетпейтінін, мамандар қажет екенін айтуда, – деді  Вячеслав  Валиев.

Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімованың айтуынша, комитет мүшелері тұрғындарды жұмысқа орналастыру, еңбек заңнамасының сақталуы мен жұмысшыларға жағдай жасауға қатысты мәселелердің шешімін табу  мақсатында  өңірлерді  аралап  жүр.

– Кәсіпорындарда жұмысшыларға әлеуметтік қолдау жасауы, еңбек шартының сақталуы, жалақысын уақтылы аударып отырғаны маңызды. Еңбек ұжымдарымен жүздесуде жұмысшылар шешімін табуға ұсынған мәселелер барысын анықтап, талдап, министрліктер мен салалық құрылымдарға депутаттық сауал жолдаймыз және жұмыс берушілерге ұсынбалар дайындаймыз. Сонымен қатар жергілікті еңбек инспекциясы және кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен тығыз байланыс жасауға мүдделіміз. «Зенит» зауыты – еліміздің қорғаныс саласы мен шекара қызметіне техникалар жасап отырған іргелі кәсіпорын. Мемлекеттік-қорғаныстық тапсырыс қаражатына қатысты туындаған сауалды тиісті деңгейде көтереміз, – деді Бірғаным Әйтімова.

Сол күні Сенат депутаттары «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ қызметімен танысты. Аталған компания директорының бірінші орынбасары Азамат Битуриннің айтуынша, еңбек ұжымы былтыр зауыттың 45 жылдығын атап өткен. Зауытта қорғаныс құралдары, мұнайгаз өнімін тасымалдау бойынша жоғары технологиялы жабдықтар, газтрубиналық  қондырғылар  дайындалады.

2016 жылы кәсіпорында 500 адам еңбек  етсе, бүгінде жұмысшылар саны 1100-ге жеткен. Оның ішінде 600 маман негізгі жұмысшы құрамына енсе, қалғандары инженерліктехникалық, көмекші қызметкерлер. Компания «Маңғыстаумұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» АҚ-лармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

– Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің ұйымдастыруымен өңірге жұмыс сапарымен келдік. Қос кәсіпорында еңбек ұжымына қандай әлеуметтік пакеттер барын сұрастырдық. Еңбек заңнамасы талаптарына өзгертуге қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Ұжымдардағы жағдай қалыпты. «Зенит» зауыты биылғы мемлекеттік тапсырыс қаражатын игеріп, кемені тапсырған. Зауыт басшылығы сұранысына орай, кәсіпорынның қаржылық қиындықтарын шешуге атсалысамыз, – деді Сенат депутаты  Ғұмар Дүйсенбаев.

Депутаттар тобы Оқушылар және жастар сарайына барып, коворкинг орталығы қызметімен және жастарды кәсіпкерлікке баулу жобаларымен, «Жасыл ел» бағдарламасының  жүзеге  асуымен  танысты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар