16.05.2019, 21:34
Қараулар: 228
Ауа саудасы қызып тұр…

Ауа саудасы қызып тұр…

Кедей бай болсам, бай құдай болсам деп армандайтын бүгінгі нарық заманында ақша табудың адам ойына кіріп шықпайтын небір әдіс-тәсілдері пайда болды. Егер бұрын «ауадан ақша жасап отыр» деген тұрақты сөз тіркесі жоқтан бар жасап, барды ұқсатып, жұмыртқадан жүн қырқып жүрген пысықайларға қатысты айтылса, қазір тура мағынасында қолданылып жүр. Иә, иә, жаңсақ оқыған жоқсыз. Ең қызығы, ауадан ақша жасаушы елдердің қатары жыл санап артып келеді. Олардың қатарында тіпті өзіміздің Қазақстан да бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын алматылық заманауи кәсіпкер алысқа бармай-ақ өзі мекендейтін оңтүстік астананың ауасын темір қалбырға толтыра құйып, ғаламторда сата бастаған. «Алматы ауасы» атты атауға ие табиғи өнімнің бір қалбыры 500 теңгеге бағаланған. Өнімнің этикеткасындағы мәліметке сүйенсек, темір ыдыс ішіндегі таза ауа алматылықтар мен қала қонақтарының ең сүйікті демалыс орындарынан, атап айтсақ, 25 пайызы Медеу шатқалынан, 25 пайызы Шымбұлақтан, 20 пайызы Көктөбеден және қалғандары Арбат пен Республика алаңынан жинап алынған көрінеді.

Бір қарағанда, еріккеннің ермегі сияқты көрінгенімен, қалбырдағы ауа саудасы Еуропа мен Америкада қызып тұр екен. Тіпті аз уақыт ішінде танымал аукциондарда ауқатты адамдар таласа-тармаса сатып алатын сұранысқа ие лоттардың біріне айналып үлгерген. Мәселен, атақты әншілердің концерттері өткен стадиондардың ауасы толтырылған бір қалбырдың бағасы  eBay интернет-аукционында 2-3 АҚШ долларынан басталып, 60 мың АҚШ долларына дейін жетеді.

Танымал жас әнші Джастин Бибердің концертіндегі ауа 2 долларға бағаланса,  жастардың сүйікті жұлдызы Рианнаның бір жыл бұрынғы концертіндегі ауа аукционда 35 долларға сатылған. Атағы әлемді шарлаған американдық әнші-актриса, биші және фотомодель Бейонсенің жұлдызды шоуы өткен атомосфераны сезінгісі келгендер бір қалбыр ауа үшін 300 долларға шығынданған.    Бұдан өзге ғашықтар қаласы Париждің ауасы 9,99 долларға, Сан-Франциско тұманы 5,99 долларға, Исландия тауларының ауасы 5,90 еуроға сатылуда. Мәскеу мен Санкт-Петербордың, Берлин мен Тель-Авивтің, Одесса мен Минскінің, Таиланд пен Токионың бірінен бірі асып түсетін саф ауасы құйылған кәдесыйларды сатушылардың айтуынша, бұл ешқандай да алаяқтық емес, адал кәсіп. Өйткені туристер ауа толтырылған құтыны сатып алу арқылы сүйікті қаласында өткізген қызықты сәттердің бір бөлшегіне, жүрек төрінен мәңгі орын алар естелікке ие болады.

Осындайда халқымыздың «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген мақалы еске түседі. Өйткені әлемде бір жұтым таза ауаға зар болып отырған елдер қаншама?! Алысқа барудың қажеті де жоқ. Іргеміздегі Қытай – әлемдегі экологиясы өте нашар елдердің бірі. Аспан асты елі атанса да, таза ауаға зәру Қытайдың өндіріс орындары көп шоғырланған ірі мегаполистерінің тұрғындары улы газ бен түтіннен қорғану үшін тәулік бойы бетперде киіп жүруге мәжбүр. Қытайлықтар ауа ластануының ең қауіпті қызыл белдеуі жарияланған кезде тозаңнан қорғану үшін терезелерін жауып, көшеге беттерін бетпердемен немесе арнайы респираторлармен тұмшалап шығады.

Сұраныс бар жерде, ұсыныстың болуы – нарық заңдылығы. Қытайда Жаңа Зеландиядан жеткізілген таза ауаның бір қалбыры 219 юань тұрса, Канаданың таза ауасының бағасы 108 юаньды құрайды.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», осындайда «Еліміздегі ең жасыл, экологиялық тұрғыдан ең таза қала атанған Оралымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?» деген сауал туындайды…

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

diko_8484@mail.ru

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар