16.05.2019, 21:24
Қараулар: 110
«ЖЫЛ ДИРЕКТОРЫ» Жымпитыда тұрады

«ЖЫЛ ДИРЕКТОРЫ» Жымпитыда тұрады

Ағымдағы  айда атап өтілетін  ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аудандық мәдениет үйлері басшыларының  арасында «Жыл директоры – 2019» облыстық  байқауы  ұйымдастырылды.

Осы шарада өңіріміздің мәдениеті саласында еселі еңбек етіп, сала-ның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандарды облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұ-лов құттықтады.

– Бір жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Рухани қазына» жобасын қолға алған едік. Бұл жоба мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін ұлықтауды мақсат етеді. Осы жоба аясында «Жыл директоры» байқауы ұйымдастырылып отыр. Басшылық қызметтегі менеджерлеріміздің заман талабына сақадай сай болуы, ұжымын ортақ іске ұйымдастыра білуі мен өз саласын өркендетуге қосар үлесін салмақтайтын байқаудың бәсі жоғары. Алдағы уақытта да еліміздің басты саласы саналатын мәдени салаға қолдау жалғасады, –  деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жаңақала, Жәнібек, Сырым мен Теректі, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандық мәдениет үйлерінің басшылары бақ сынаған «Жыл директоры – 2019» байқауы тартысты өтті. Байқаудың алғашқы кезеңінде әр қатысушы өз ауданының мәдени тыныс-тіршілігі туралы бейнероликті ұсынып, өздерін таныстырды.

«Қолтаңба» кезеңінде әр аудандық мәдени ошақтың басшысы өздерінің бастама болуларымен іске асырылып, халық тарапынан қолдауға ие болған жобаларын таныстырды. Kahoot бағдарламасының көмегімен өткізілген үшінші кезеңде қатысушылар сан алуан сауалға жауап беріп, білім деңгейлерімен қатар ептіліктері мен жылдамдықтарын да танытты. Төртінші кезеңде залдағы жұртшылық арасында қызықты ойындар, сайыстар өткізіліп, бұл ретте байқау қатысушыларының жан-жақтылығы, көпшіліктің көңілін таба білу қабілеттері сыналды.

Төрт кезең қорытындысы бойынша Сырым аудандық мәдениет үйінің директоры Серік Тоқмамбетов басқалардан басым түсіп, бас жүлдені иеленді. Байқау жеңімпазына «Жыл директоры – 2019» кубогі мен 150 мың теңге ақшалай сыйлық, Жаңақала аудандық мәдениет үйінің директоры Мұхит Сисеновке, Жәнібек ауданынан келген Алтай Бақтығалиевқа, теректілік Арман Сағидоллинге, Қаратөбе ауданының намысын қорғаған Альфия Исламова мен шыңғырлаулық мәдени ошақ басшысы Сайын Әжіғалиевке алғысхат және 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар